Қоғам

Кәсіпкер жастар көбейсе игі

Игілік

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елбасы әрбір маңызды басқосуларда кәсіпкерлікті дамыту жөнінде айтып, тиісті тапсырмалар беріп, мемлекеттік экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты ретінде кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді.

Меніңше, еліміздегі кәсіпкерлікте жастардың орны бөлек. Жоғары оқу орындарында білім ала жүріп туындайтын түрлі жаңашыл ойлар біршама жетістікке жеткізеді. Атап айтсақ, жаңа теxнологиялар, бизнес-идеялар, т.б. Әрине, жасампаздыққа ұмтылған жастарды осы тұста қолдау мемлекет тарапынан өте қажет және ол орындалып  жатыр да. 

Осыған орай Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы 2011 жылы жас кәсіпкерлердің қызметінің дамуына қолайлы жағдай жасау, проблемаларды бірлесіп шешу, жастар кәсіпкерлігін насихаттау, дамыту және кәсіпкер болуға ынталы жастардың қолдау мақсатында құрылғандығы бәрімізге мәлім.  Яғни, қоғамның белсенді мүшесі болып табылатын және экономикасы мықты, әлеуметтік сапалы әрі салиқалы Қазақстанды құру үшін ауқымды әлеуетке ие жастарды кәсіпкерлікке тарту, оларды ынталандыру олардың басты мақсаты болып табылады. 

Жастар арасында кәсіпкерлік қызметті насихаттап, кәсіпкерлік рухты қалыптастыруға, масыл болмау үшін жастарға барынша көмек көрсету және жас кәсіпкерлердің мәртебесін анықтап өз кәсібін ашуға, жұмысын жасауына мемлекеттік қолдаулардың кешенді шаралар жиынтығын анықтап көрсетілуіне қол жеткізе алады. 

Егер елімізде расында да жас кәсіпкерлер көбейіп, өз еңбек жолын дұрыс тапса, күрделі мәселеге айналған жұмыссыздық саны азаятыны сөзсіз. Жастар жұмысшы есебінде емес, жұмыс беруші тұлға ретінде қалыптасса, Қазақстанның дамыған елдер қатарына кіру ықтималдығы артуына дәнекер болар еді.

«Мен жастарға сенемін!» деп маржандай жырларын моншақтай тізген, ұлт зиялысы, алаштың ардақты азаматы Мағжан Жұмабаев атамыз айтып кеткендей, үкілеген үміт ақталып, еліміздегі кәсіпкерлікте айрықша орын алатын білім де зерделі жастардың қатары көбейе берсін дегім келеді. Себебі дамушы ел емес, дамыған ел болудың басты баспалдақтары кәсіпкерліктің гүлденген шағы.