Шымкент
Шымкент қаласы
Коронавирус індетінің кең таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласында барлық сақтық шаралары жасалуда. Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау үшін 2020 жылғы 4 сәуірден бастап қала аумағында карантин режимі енгізілгені белгілі. Бұл ретте қала тұрғындары карантин талаптарын бұлжытпай орындауы өте маңызды. Қазіргі таңда Шымкент қаласының кіреберістерінде 18 блок-бекет жұмыс істеуде, шаһарда залалсыздандыру шаралары күшейтілуде. Сондай-ақ медицина мамандары төтенше жағдайға байланысты күшейтілген режимге көшкен. Осы орайда, жаһандық індетпен күрес жұмыстары аясында Шымкент қаласында 6-11 сәуір аралығында атқарылған жұмыстарға шолу жасап, назарларыңызға ұсынамыз.
Шымкентте covid-19 вирусын
жұқтырғандарға госпиталь салынуда
Шымкентте covid-19 вирусын жұқтырғандар үшін 200 орындық госпитальдың құрылысы басталды. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңа аурухананың құрылысымен танысты. Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь тез құрастырылатын материалдардан тұрғызылады. Оған қажетті құрылыс заттары толықтай отандық. 400-ге жуық жұмысшы жергілікті жерден тартылған.
Арнайы аурухана стационар, жан сақтау сынды бірнеше бөліктен тұрады. Және онда медицина қызметкерлері жатып жұмыс істейтін жай салынып, оған қажетті мамандар іріктеліп алынады.
Бұл ретте уақытша аурухананың жабдықталуы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы белгіленген нормативтерге толық сай болады.
Қазіргі таңда қалалық перзентхананың ескі ғимаратында қажетті ем-дом алуда. Жөндеу жұмыстары аяқталысымен жаңа бөлімге көшіріледі. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталып, заман талабына сай жаңғыртылып жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда жылына 10 мың ананың босануына мүмкіндік жасалатын болады.
Банк қызметтерді онлайн-режимге көшірді
Эпидемиялық жағдайға орай қабылданған карантиндік шара кезінде халықтың бір жерге көп шоғырланбауы өте маңызды. Осы санитарлық талаптарды орындау мақсатында қаламыздағы екінші деңгейлі бірнеше банк бүкіл қызметтерді онлайн-режимге көшірді.
Коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында Шымкенттегі банк бөлімшелерінде сақтық шаралары күшейтілген. Онда клиенттердің қауіпсіздігі үшір әрбір 1,5-2 метр сайын арнайы жолақтар сызылған. «Халық бан», «Kasрi bank», «Банк хоум кредит» пен «КазТрансГаз» АҚ төлем кассаларында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, мекеме қызметкерлері індеттен сақтану жолдарын келушілерге түсіндіруде.
Төтенше жағдай зартаптары ретке келтірілді
2020 жылғы 9 сәуірде жауған қардың салдарынан Шымкент қаласы аумағында көптеген ағаштар құлап, электр желілері үзілді. 8 мыңға жуық абонент электр жарығынсыз қалды.
Төтенше жағдайдың зардабын жоюға қаладағы коммуналдық қызметтер мен төтенше жағдайлар департаментінің 111 бірлік техникасы мен жеке құрамнан 600 адам, сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның 24 апатты қалпына келтіру бригадасы жұмылдырылды.
Әскери қызметке келушілердің қатары артуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі ұсынысына орай, Шымкентте ел үшін тер төгуге бел буған азаматтардың қарасы артты.
Еріктілер қалалық әскери комиссиариятқа барып тіркеліп жатыр. Төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысымен қала бойынша әзірге 100-ге жуық азаматты қабылдау жоспарланған. Олар зазалсыздандыру мен блок-бекеттерде патрульдеу жұмыстарын атқарады. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеуге алынып жатыр.
Оқушылардың 96,7%-ы электронды құрылғылармен жабдықталған
Шымкент қаласында жалпы 213 білім беру ұйымдары толығымен қашықтан оқыту форматына көшті. Ағымдағы жылғы 6 сәуірден бастап барлық мектеп оқушылары ІV тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастады. Қалада жалпы 172 мектепте 222 037 оқушы білім алуда.
Қаладағы жалпы балабақша саны – 521, онда 75 386 бала тәрбиеленуде. Ағымдағы жылдың 26 наурызынан бастап барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыстары тоқтатылды.Қаладағы барлық балабақшалар қызметінің уақытша тоқтатылған мерзімінде меншік түріне қарамастан балабақша қызметкерлерінің жалақылары толық көлемде төлену туралы шешім қабылданды.
Сall орталық 8707 қоңырауға жауап берді
Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың сауалдарына тұщымды жауап беру мақсатында қала басшылығының шешімімен арнайы Сall орталық жұмысын бастаған болатын.
Әлеуметтік бағыттағы сұрақтардың артуына орай, қаладағы аудан әкімдіктерінде арнайы мамандар кезекшілігі ұйымдастырылып, орталыққа түскен қоңыраулар бағыттау (переадресация) жүйесіне қосылған.
«Birgemiz» қоры шымкенттік 21864 отбасыға көмек беруде
Елімізде құрылған «Birgemiz» қорынан 11 мың 997 шымкенттіктің есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды.
Айта кетсек, аз қамтамасыз етілген тұрғындарды қолдау мақсатында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының әкімдіктері көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыс жағдайына мониторинг жүргізіп, аса мұқтаж отбасыларды іріктеп, арнайы тізімге енгізген.
40 мың 586 азамат әлеуметтік төлемді алды
Елімізде коронавирус індетіне байланысты жарияланған төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған Шымкент қаласының 40 586 тұрғыны 42 500 теңге төлемді алды.
Мемлекеттік корпорацияға (ЗТМО Еңбек министрлігі) Шымкент қаласынан 43 210 өтініш келіп түскен. Оның ішінде, белсенді тағайындау нысаны арқылы 8 037 азаматтың өтініші тікелей бірыңғай базасына БЖТ электронды төлеушілер порталына келіп түскен. Әлеуметтік төлем 39 857 азаматқа төленді. Белсенді тағайындау нысаны арқылы — 8 037. Жалпы мемлекеттік жәрдемақыны 40 586 азамат алды.
Блок-бекеттер бейнебақылау камералармен қамтылған
Шымкент қаласының кіреберістерінде 18 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы бейнебақылау камералармен қамтылған.
18 блок-бекетте арнайы автокөлік құралдарымен жалпы 676 қызметкер жұмылдырылған. Оның ішінде 240 полиция қызметкерлері (18 арнайы автокөліктер), 204 медицина қызметкерлері (18 жедел жәрдем көліктер) және 232 қарулы күштер 3 ауысымда тәулік бойы қызмет атқаруда. Одан бөлек 18 прокуратура қызметкерлері жұмылдырылған.
Аталған блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 23 жайт орын алып, ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен (Төтенше жағдай режимiн бұзу) хаттамалар толтырылған — ескерту жасауға немесе 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Олардың 1 жайты бойынша тұлға әкімшілік қамауға алынған, қалған істер қаралу сатысында.
Коронавирус инфекциясының кең таралмауына және қауіпті індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында 16 аумақ оқшауланды. Онда 163 полиция қызметкері жұмылдырылған. Медицина мамандары да тәулік бойы қызмет атқаруда. Ошақтарда науқастардың тұрғылықты жері бойынша дезинфекция жүргізіліп, үздіксіз эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізілуде.
1290 медицина қызметкеріне үстемақы төленді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкеріне көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, бүгінгі күні Шымкент қаласында 1290 медицина қызметкеріне үстемақы төленді.
Үстемақы алғандар реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері. Сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жедел-жәрдем жүргізушілері.
Екі науқас коронавирустан жазылып шықты
Шымкентте коронавирус жұқтырған екі науқас ауруханадан жазылып шықты. Дертінен айыққандар — анасы мен баласы. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Қуаныштысы сол, «Тәуелсіздікке — 20 жыл» бірінші ошағынан осы 2 отбасы мүшелерінде зертхананың сынамалар теріс болып, олар үйге шығарылды. Дәрігерлер пациенттердің жағдайы жақсы екенін айтады.Дертінен айыққандар 1970 жылғы және 1996 жылғы бір отбасының мүшелері. Нақтырақ айтқанда, анасы мен баласы Ал отбасының қалған 3 мүшесі медициналық қызметкерлердің бақылауымен 14 күндік карантин аяқталғанға дейін қалады, себебі інісінен COVID-19 ауруы 12 күні анықталып, әкесімен қарындасы жақын байланыста болған.
Дезинфекциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Бүгінге дейін қаладағы 4 ауданда залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Шымкентте бұл бағыттағы іс-шаралар карантин аяқталғанша жүйелі жалғасады.
Шымкент қаласындағы залалсыздандыру жұмыстарына 50 автокөлік пен 600-ге жуық адам жұмылдырылған. Сондай-ақ, 200-ге тарта әскери қызметкер қамтылған.
Тұрмысы төмен 76 мыңнан астам адамға тегін бетперде таратылды
Шымкентте әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтарға жалпы саны 76 255 бетперде тегін таратылды.
Мәселен, «Бекжан» базары маңындағы «Магнум» ірі сауда дүкендер желісінде Абай ауданы әкімдігі аталмыш супермаркеттен ай сайын азық-түлік есебінде атаулы әлеуметтік көмек алатын 3 мыңдай отбасыға 32 мың дана бетпердені тегін таратты. Бұл акция тікелей мемлекеттік бюджет қаражатына ұйымдастырылды. Аталған акция алдағы уақытта да жалғасады. Бұдан бөлек, Бәйдібек би даңғылы бойындағы «Nauryz park» сауда кешенінде Қаратау ауданы әкімдігі атаулы әлеуметтік көмек алатын 5 400 отбасыға тегін 5 дана бетпердеден үлестірді. Акция аясында 16 мың дана бетперде таратылды.
Еңбекші аудандық әкімдігі де аталмыш акцияға үлес қосты. «Теріскей» шағынауданындағы «Магнум» ірі сауда дүкенінде әлеуметтік көмек алушылар тізімінде тұрған 3114 тұрмысы төмен отбасының әрқайсысына бес-бесеуден жалпы саны 15 570 көп реттік бетперде таратты.
Айта кету керек, Шымкенттегі бұл игі іс сақтық шаралары аяқталғанға дейін жалғаса бермек.
Әлеуметтік азық-түліктер белгіленген бағамен сатылуда
Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен бірінші кезекте азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі жіті бақылауға алынды. Бұл мақсатқа қажетті қаржы бөлінді.
Мемлекет бекітіп берген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру үшін әкімдік пен «Gramad Retail» ЖШС мен келісім түзілді. Қазіргі таңда аталмыш серіктестіктің қоймасында азық-түлік қоры жеткілікті. Оған қоса тауарлардың көтерме бағасы тұрақты. Келісім негізінде серіктестік өзінің 2 супермаркетінде азық-түлікті белгіленген бағада сатып жатыр.
Енді «Gramad» супермаркетіне «Magnum» «Фиркан» сауда желілері де қосылды. Қазір қала аумағында бекітілген бағамен азық-түлік сатып жатқан 21 сауда желісі бар. Оған қоса «Gramad» супермаркеті қаладағы «Алаш», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Акбар» және «Айна» базарда арнайы көлікпен жылжымалы сату нүктелерін ұйымдастыруда.