Шымкентте 100-ге жуық әскери міндетті қызметке кірісті - на bugin.kz
Bugin.kz - на bugin.kz Bugin.kz

Карантин

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Жарлық шығарған болатын. Президенттің бұл бастамасын шымкенттік жастар да шынайы қолдап, ел үшін тер төгуге белдерін бекем буып отыр.

Бейбіт күні әскерге шақыртылған сарбаздар қалада залалсыздандыру жұмысына қатысады. Оған қоса санитарлық бұғаттау бекеттеріне көмекке барады. Қала әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков бүгіннен бастап іске кіріскен 100-ге жуық азаматқа сәттілік тіледі.

«Сарбаздар қаладағы 4 ауданға 25-тен бөлінді. Олар 13 сәуір мен 14 мамыр аралығында залалсыздандыру жұмыстарына көмектеседі. Оларды тасымалдау мен тамақ мәселесі шешілген», — деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Алмасбек Кеңесбекұлы.

Төтенше жағдай кезінде қала бойынша әзірге 100-ге жуық азамат қабылданған. Қиын-қыстау кезде Мемлекет басшысының үндеуін құлақ асқан жастар залалсыздандыру мен басқа да жұмыстар атқарады. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеуге алынған.

Шымкент қалалық әскери комиссариятында арнайы медицицналық комиссия жасақталып, үміткерлерді сараптамадан өткізген. Сынақтан өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақытында әскер қатарында болады. Айта кететін мәселе, жұмысы бар еріктілердің айлық жалақысы сақталады.


0 Пікір Кіру