Саясат
Белгілі ақын Ақберен мырза бастама көтеріп, өзі мұрындық болып отыр
Осыдан бірер апта бұрын барлық түркі тайпаларын басын қосып, жеңімпаз империя құрған Шыңғысханға Қазақ елінде ескерткіш қою жөнінде бастама көтергенбіз. Неге қою керектігін дәлелдеп бақтық та.
Гуманизм идеяларын насихаттап қана қоймай, реті келсе сол идеяларды "енгізуге құмар" Ұлыбритания да, Қытай да императорға ескерткіш қойды. Қағанның туған жері, атамекені - Қазақ даласы. Бірақ, xалxаларға еш қатысы жоқ Қағанның ең үлкен ескерткіші Моңғолияда тұр.
Темучинді хан көтерген, Шыңғысхан құрған мемлекеттің негізгі қоғамы болған ру-тайпаларының негізгі ұрпағы, заңды жалғасы - қазақ қана Ұлы қолбасшыны қанішер деп танып, өз қағынан жеріп, өз Қағанынан бас тартып отыр.
Сырттағы ел, білетін тарихшылар бетін шымшып күлсе, өз обалымыз өзімізге. Сол ескерткіш туралы бастаманың (посттың) астына пікір білдірген бауырларым не иә, не жоқ демей, "Шыңғысхан мұңғүл, Шыңғысхан қазақ" деген әңгімеден әріге аса алмады. Ал, негізгі мәселе сол талас-тартыстың көлеңкесінде қалып қойды. Әдеттегідей, өз ұлтымыздың қызық-қызық қасиеттерімізді бір паш етіп алдық.
Жә, жарайды. Бұл мәселе де бір күні көтерілу керек еді, талқылауға түсу керек еді, бәрі заңды.
Жақсы, Шыңғысхан мұңғұл деп өрекпіп отырған азаматтарға келесі бір идея айтайын. Оны маған Ұлықбек Есдәулет ағам айтты.
Қазақ елінің ең шығысында Қытаймен шектесетін Зайсан ауданы барын білесіздер. Қытай шекарасы Зайсан көлінің шығыс жағалауынан 60 шақырым жерде ғана жатыр. Қытайдан Қазақстанға келетін ханзулар осы Зайсан арқылы кіреді.
Баса-көктеп, шалқайып кірмеу үшін сол тұсқа бір идеологиялық шлагбаум керек-ақ. Қазақ даласына еніп келе жатқанда кімнің жеріне кіріп келе жатқанын көзімен көріп, түйсігімен сезінулері керек.
Сондай символдық айбардың қызметін Еуразия кеңістігінде байрағы салтанатты желбіреп тұрған Түркі Қағанатының іргетасын қалаушы тұлғалар - Білге Қаған, Күлтегін және Тоныкөк бабаларымыздың зәулім ескерткіштері атқаруы тиіс.
Ханзулықтардың санасының түкпірінде көшпенділерге деген ерекше құрмет бар, қорқыныш бар. Сол жойылып кетпеуі тиіс. Бұл ескерткіштер біздегі "өзін - өзі сақтау инстинктін" күшейтсе, сыртқа сес, дұшпанға айбат болар еді.
Бұл ойды Ұлықбек аға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа айтқан екен. Әкім қарсы болмапты. Әкім де қылышын сермей бермейді, халықтың үніне құлақ тосады, қоғамның пікіріне сүйенеді.
Жалпы, кейінгі жылдары орысы көп Шығыста Абайдың, Қабанбайдың ескерткіштері бой көтеріп, рухымызды бір көтеріп тастаған еді. Орыстардың еңсесін басыңқырап, көк көздерін "шаңыраққа қаратып" еді.
Көп жағдайда, біз экономикалық көрсеткіштерді қуалаймыз. Бірақ экономика, әлеуметтік жағдай бір күн жақсы, бір күні нашар. Ал, елдікті паш ететін, рухты өз тұғырына қондыратын осындай шаруалар ел есінде қалады, тарихта алтын әріптермен жазылады.
"Өлі риза болмай, тірі байымайды" деген нақыл бар. Бабалар ұрпағынан тиісті құрметін көрген кезде, Ұлы даламыздағы Ұлы мемлекетіміз жаңа серпін алатыны сөзсіз.
Осыған қазақпын деген әр азамат үн қатсын.