Bugin
Тұлға
Әр мемлекет өзінің тәуелсіздігін жариялауда түрлі тарихи кезеңнен өтеді. Қазақстан да 1990-жылдардың қарсаңында қиын жағдайға тап болды.
Қазақ ССР-нің экономикасы 93%-ға КСРО-мен байланысты болғандықтан, жарқын болашақтың болмауы, экономика мен саяси жүйелердің күйреуі сынды қысылтаяң кезеңді бастан кешті. Мұндай кезде тәуелсіздікті алу оңайға соқпады. Міне, сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жарқ етіп тарих сахнасына шықты. Қазақстан тәуелсіздігін алды.
Әрине, бұған дейін де ол түрлі қызметтің тұтқасын ұстаған. Болашағынан зор үміт күттірген Н.Назарбаев 1984 жылы КСРО-дағы одақтық республиканың ең жас, 44 жастағы премьер-министрі Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Алайда, жас болса да бас бола білген ол өте кемеңгер мемлекеттік және саяси қайраткер атанды. Жаңа лауазымға келген Нұрсұлтан Әбішұлы туған елін дамытудағы стратегиялық қателіктерді көрді, Қазақстанның одақтас экономиканың үлкен шикізатына айналғанына көз жеткізді.
Елдің өркендеуіне талай тың әрі батыл қадам жасаған Назарбаев 1989 жылы 22 маусымда пленумдағы 158 қатысушының 154-і дауыс беріп, Қазақ КСР коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Сол тоқырау жылдары саяси сахнада түрлі дүрбелең белең алып тұрған алмағайып шақ еді. Қарағандыда шахтерлер ереуілі бұрқ ете қалса, Семейде сынақ полигонын жабу туралы саяси талаптар көтеріліп жатты. Елдің бірінші хатшысы ретінде Назарбаев бұл талаптарды толық қолдап, республикада зиянды сынақтар жүргізуге тыйым салынғанын қалады.
Мінекей, осылайша еліне ерен еңбек сіңірген Н.Ә.Назарбаев 1990 жылдың 24 сәуірінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 12 шақырылымының бірінші сессиясында Қазақ КСР-нің Президенті болып сайланды. Бұл еліміз үшін үлкен тарихи шешім. Президенттікке бірден-бір лайық адамның Нұрсұлтан Назарбаев екендігін бүкіл халық мойындады. Еңбек жолы елге етене таныс Назарбаевтың сол бір сәтте үлкен тебіреніс үстіндегі сәтін Жоғарғы Кеңестің мәжіліс залында бас қосқан халық депутаттары ғана емес, теледидар арқылы бүкіл халық көрді.
Ф.Қозыбақова,
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ
тарих кафедрасының доценті
Назерке Усербай
1-курс студенті