Білім және ғылым

Қашықтықтан кері байланыс орнатылды

Онлайн білім

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлемге жайылған індет кесірінен еліміздің жоғары оқу орындарының  білім алушылары төтеннен қашықтықтан оқу жүйесіне көшкені белгілі. Алғашқылардың қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бұл сынақты еңсеріп, 20 мыңнан аса білім алушылар у-шусыз жаңа жүйемен оқып жатқаны қуантады. Қашықтықтан білім беруде қиындықтар да жоқ емес. Түрлі сұрақтар туындататыны да даусыз.

Осыны ескере келіп, білім ордасы алғашқы болып білім алушылармен кері байланыс орнату, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап беру мақсатында 2020 жылғы 15 сәуіркүні сағат 15.00 ­- 17.00 аралығында  «Қашықтан оқыту технологияларын қолдану арқылы оқу процесін ұйымдастыру» тақырыбында  онлайн кездесу ұйымастырды. Кездесуге білім алушылармен бірге  университеттің құрылымдық бөлімдерінің басшылары, факультет декандары, профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Кездесу университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Оңғарбаев Еркін Әнуарұлының кіріспе сөзімен ашылды. Өз сөзінде проректор университеттің қашықтықтан оқыту жүйесіне тез әрі сапалы түрде ауысқандығына тоқталып, қашықтан оқыту технологияларын жақсы меңгерген  үздік оқытушылармен бірге ғылыми конференциялардағы, пәндік олимпиадалардағы жоғары жетістіктері үшін білім алушыларға университет басшылығы атынан алғыс білдірді.

Онлайн кездесуге қатысушы білім алушылар мен профессор-оқытушылар шынайы қызығушылық танытып, қорытынды аттестаттауға, жазғы семестр мен практикаларды ұйымдастыруға, тағы басқа көптеген мәселелерге қатысты сұрақтар қойды. Проректор мен құрылым басшылары қойылған сұрақтарға  толық және мазмұнды жауаптар беріп, онлайн кездесуге қатысушылардың дән ризашылығына бөленді.

Өз кезегінде филология, көлік-энергетика, механика-математика, ақпараттық технологиялар, заң, экономика, тарих, журналистика және саясаттану факультеттерінің білім алушылары университет басшылығына осындай қиын-қыстау күндері жан-жақты қолдау көрсетіп, туындаған мәселелерді жедел шешіп беріп отырғандары үшін алғыстарын жеткізді.

Кездесуде университеттің академиялық мәселелер департаментінің директоры Ш. Б. Палымбетов, академиялық мәселелер департаменті директорының орынбасары Ш.Т. Ахметова, тіркеу офисінің жетекшісі А.Т. Қыдырбаева, тіркеу офисі жетекшісінің орынбасары А.Дамешева, ғылыми кітапхананың директоры Б.Ә. Оразалиев, әскери кафедраның бастығы Е.Л. Уразов, ақпараттандыру департаментінің директоры Н.С.Мұқатаев, қашықтан оқыту технологиялары орталығының жетекшісі Г.Т. Бекманова, жоғары білімнен кейінгі қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру бөлімінің бастығы С.М. Лисняк өз салалары бойынша туындаған мәселелерге назар аудартып, шешу жолдарын нақты көрсетіп берді.