Қоғам
Қазақтың қазір бөлінгені жөн бе?
Осыдан бірер күн бұрын желіде жаңа «челлендж» пайда болды. Оның мәнісі мынада: белгілі бір топ парақшасы әр руды мақтап жеке-жеке пост жазған екен. Оны көрген жастар мәз болып, әрқайсысы өз парақшасына бөлісіп, руын айтысып жатты. Сөйтіп, неше күн қатарынан желіде рулар таласы орын алды.
Таяз ойлаған адам, «бұл бір керемет екен» деп, өз руын мақтап, өзге руды даттап жатса, нағыз ұлт жанашырлары бұл бастамаға қатаң сөгіс берді.
Ер жігіт жеті атасын білу керек. Бұған шүбә жоқ. Соның арқасында ғана туысқан арасында қыз алысып-беріспей, биологиялық түрде қаны таза, қайратты қазақ халқы қалыптасты. Міне, рудың бастапқыда атқарған функциясы осы еді. Ал бүгін қалай? Дөрекі тілмен айтқанда, рудың жүрмейтін жері жоқ. Белгілі жерге басшылыққа келген адамның айналасынан сонымен рулас адамды ғана байқап жатасың. Досты да, қасты да румен таңдайтын болдық. Тіпті мектеп мұғалімдері де, өзімен жерлес оқушыны бауырына жақын тартып, үнемі жылы қарайды. Бұл дегеніміз баланың санасына психологиялық травма беріп, рушыл-қауымдыққа тәрбиелеу емес пе?
Жақында бір қызбен танысып, жақын араласып кеттік. Жүзі жайсаң, ақкөңіл қыз. Біраз әңгімеден соң маған "Осы Алматының тумасысың ба?" деп сұрақ қойды. "Иә" дедім. "Өзің ше?" деп сұрап едім, жауап бере алмай жалтақтап қалды. Неге өйткенін сұрап едім, таң қаларсыз, "шынымды айтсам, менімен дос болмай қоясың ба деп қорықтым. Себебі құрбы ретінде қатты ұнап қалдың, сырт көзге қатал көрінгеніңмен, жақсы қыз екенсің" деді. Не күлерімді, не жыларымды білмедім. Сөйтсе, Оңтүстік Қазақстанның тумасы екен. Жатақханада қасындағы батыс өңірден келген қыздар шеттететін көрінеді. Араласып жүрген дос балалар да, руын білген соң, көп ұзамай ізін суытатынын айтты.
Бұл жағдай талай рет өз басыма да түскен. Жан құрбым, маған қатысты екенін білмей, біраз жыл руымды мазақ етіп жүрді. Адам таңдаса да, "Осы ру болмаса болды" дейтін. Сонша жек көрген сол рудың өзінің талай жыл қасында жүрген құрбысы екенін қайдан білсін. Мен де айтпаймын, шамыма да тиген емес. Бірақ, бір күні руымды сұраған бір жанға жауап бергенімде құрбым таң қалып, ауызы аңырап қалды. Артынша өзі ұялып, екі беті қызарып, кешірім сұрады. Сол руды неге сонша жақтырмайтынын сұрағанда, бұған да, бала күннен ата-анасы санасына құйып қойғанын ұқтым.
Онсыз да жан-жақтан жаншылып, ұсақталып кеткен бір уыс қазаққа, одан әрі бөлінудің не керегі бар деген сұрақ туды. Бұл – рухани мәселе. Ұлтқа қауіп төндіріп тұрған өте қауіпті індет. Өкінішке орай, қазақ қауымы бұл аурудан әлі де айыға алмай келеді. Руыңды ұмыт демеймін, әрине, бірақ руға бөлінеміз деп, ұлтымыз атомдар мен молекулаларға бөлініп, жер бетінен жойылып кетпесе болғаны...