Экономика
Негізгі табыс жеке мүддеге кетіп жатыр
Қазақстан - шетелдік инвесторларға құшағын кең жайып отырған мемлекет. Олардың әрқайсысы ел экономикасына белгілі бір деңгейде үлес қосып отырғанмен, негізгі табыс жеке мүддеге кетіп жатқаны жасырын емес.
Қазақстан - шетелдік инвесторларға құшағын кең жайып отырған мемлекет. Олардың әрқайсысы ел экономикасына белгілі бір деңгейде үлес қосып отырғанмен, негізгі табыс жеке мүддеге кетіп жатқаны жасырын емес. Осы тұрғыда Қазақстанда айрықша танымал «Арселор Миттал Теміртауға» назар аударайық. Компанияның негізін қалаған Лакшми Миттал бүгінде әлемдегі ең бай тұлғалардың қатарында 3- орынға тұрақтаған. Оның мұндай жетістігінің бірден-бір себепкері әлбетте, «Арселор Миттал».
Аталған металлургиялық империя қазір жаһанның 30 елінде жұмыс жасайды. «Жұмыс жасайды» дейміз-ау, анығында осынша кәсіпорынға қожалық етеді. Лакшмиге жалпы болат қорының 10 пайызы тиесілі. Яғни, Миттал басқаратын компания әлемдік болат өндірісінің бір пұшпағына ие болып отыр деген сөз.
Әңгіме ауанын дәл осы қожайынға бұрсақ... Мемлекетаралық талқылаулар мен саяси мінбелерде де көзге түсіп жүрген үндістандық миллиардер жаһан жұртшылығында аса оң көзқарас туғызған жоқ. Оның сараңдығы мен тойымсыздығы, биліктегі әл-ауқаты мен таныс-тамыр арқылы ісін дөңгелетіп отырғаны көпке аян. Батыстық бұқаралық ақпарат құралдары әлемге қанатын кең жайған «Арселор Миттал» турасында да, қожайын хақында да тынымсыз жазып, жариялап жүр. Лакшми Митталдың өзі де бойындағы тойымсыздық қасиетін бұғып қалмайды. Көпке тарап кеткен мына бір сөзі осыған дәлел: «Біз ешқашан өзімізге болдық, толдық деп айта алмаймыз». Тағы бір кездесуде миллиардер бәрін ақшамен шешуге болатынын айтып еді. Осы көзқарас оның адамдардың әлсіз тұсын дөп басуға себеп болды.
Бұлай дейтініміз, Миттал бір елге кәсіпорын саламын десе, міндетті түрде мемлекеттік биліктен көмек іздейді екен. Бұл ретте билік Митталға, Миттал билікке «қол ұшын созатыны» айқын. Кәсіпкердің бір кезгі жан серігі, жақын әріптесі Джоханес Ситардың айтуынша, 1995 жылы Қарағанды металлургиялық комбинатын сатып алу үшін Миттал Қазақстан билігіне 100 миллион доллар «сыйақы» берген-мыс. Ол аймақтық емес, жаһандық деңгейдегі коррупцияға қатысы бар адам. 2002 жылы Ұлыбританияда осы Митталға қатысты үлкен дау туды. Лакшми «билеуші партияның» төбе басындағыларын сатып алмақ болған. Сатып та алған.
Ол Лейбористік партияның дауыс беру науқанына 125 мың фунт стерлинг «көмек» беріпті. Мұншама мол көмекке алғыс ретінде лейбористердің көсемі, әрі сол кезгі ағылшын премьері Тони Блэр Митталдың Румыниядағы Sidex комбинатын қолына алуына лобби жасаған. Ендігіде, жергілікті жұмысшылар мен жұмысберушілердің арасында болған жанжалды еске түсірейік. «Жанжал» емес, анығында «жанжалдарды» деу дұрыс шығар. «Арселор Митталдың» кәсіби тәжірибелерімен билікті қайдам, бірақ жұмысшы қауым етене таныс. Аталмыш «он үшінші айлығын» таратарда, 347 миллион акцияны басып шығарып, одан әр жұмыскерге 100 теңгеден үлестіргені даудың шарықтау шегі еді. Қарағанды қалалық әкімшілігін былай қойғанда, бұл «мазаққа» министрліктен мардымды жауап ала алмаған халықтың мұңын тағы қосыңыз...
Айта кету керек, «Арселор Миттал Теміртау» жалғыз болат өндірісімен шектеліп отырған жоқ. Компания бұдан тыс Қарағандыдағы 8 көмір шахтасына және Орталық Қазақстан мен Солтүстік Қазақстандағы 4 темір рудасына иелік етеді. Жаңа технологияларды енгізу жұмысының өзіне 240 миллион АҚШ долларын жұмсайтын бұл «империяда» бірнеше жыл бұрын 40 000 адам қызмет етсе, қазір бұл көрсеткіш 13 000-ға төмендеген.
Еңбекшілерді қысқартуға қатысты басшылықтың мәлімдемесіне Бердібек Сапарбаев қатаң ескерту жасаған еді. Бірақ, «Арселор Миттал» билік үшін тіс батпас мәселе, халық үшін жұмбақ, журналистер үшін жауыр тақырыпқа айналған. Сөзі мен ісі қабыспаған Миттал Қазақ кен байлығына ауыз салып, айдағанына дүйім жұртты көндіріп отыр. Мұның қашанға дейін жалғасары, я жөнге келері бізге беймәлім.
Мадина Оқас