Көзқарас

Еліміздің жер-су атауларының өзгеруі

Жер-су аттарын ауыстыру бұрмалау

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Біріншіден, біз өмір сүріп отырған ортадағы жер-су аты біздің санамызға әсер етеді. Ол қай тілде аталса, біз сол тілге, сол мәдениетке бейімделе бастаймыз. 

Ал Кеңес үкіметі тұсында пайда болған орыстекті жер-су аттары қазақ халқының орыстана түсуіне ықпал етті. Орыс қазақ жеріне өзі ғана келген жоқ. Троицк, Свердловск, Славянка сияқты өздері көшіп шыққан жер аттарын ала келді.

Екіншіден, жер-су аты бұл жерде бұдан бұрын кімдер өмір сүріп, бір заманда кімге тиесілі болғанының куәгері. Мысалы, бүгінде Саратовтың – сары тау, Красноярскінің – қызыл жар деген түрік сөзімен, ал Семейдің – семь палат, Өскеменнің – устья каменных гор деген орыс сөзімен аталғанына ешкім де таласа алмайды.

Үшіншіден, жер-су аттары күнделікті өмірде аса жиі қайталанып айтылатын, қоғамдағы ең белсенді қолданысты сөздер тобына кіреді.

Жалпы қазақ жер-су аттарының  бұрмалануы бірнеше деңгейде жүреді. Мысалы, Архарлы (арқарлы), Сүмбе (сүмбі), Мерке (меркі), Тобол (тобыл) атауларының орысша айту ыңғайына қарай бір ғана дыбыстары ауысқан. Бұлар адам танығысыз күйге жетіп, айрықша қолайсыздық тудырмайтынымен, дыбыстау құралымыздың, орыс тіліне икемделіп, өзінің табиғи қалпынан айырыла бастағанын көрсетеді. Шын мәнінде бұл атаулардағы артық не кем, ауысқан бір дыбыстың өзі бүкіл сөздің дыбысталу ырғағын, айту екпінін өзгертеді

Адамның, халықтың бір табиғи қасиеті – ол не нәрсеге де ат бере отырып, оның мәнін, мазмұнын аша  көрсете атайды. Бұл қасиет әсіресе қазақта басым. Ол – «сөзге сергек қарайтын», оған үлкен мән беретін халық. Осы себептен болар – бір кездері орыс тілі ықпалымен өзгеріске ұшыраған сөздерді кейінірек сол өзгерген тұлғасы бойынша басқаша түсініп, қазақтың басқа бір сөзіне айналдыру аз кездеспейді. Мысалы, Алматы облысындағы бір аудан орталығы Шелек деп аталады. Алайда неге бұлай аталатынын ешкім де түсіндіре алмайды әрі шынында да неге Шелек деді екен деп, өздері де түсіне алмай, дал болады. Бірақ мұның орыс тілінен келген оғаштық екені ешкімнің де ойына кіріп-шықпайды. Сірә, тағы біраз уақыт өтіп, ұрпақ алмасса, Шелек жұмбағы сол бойы шешілмей қалуы және шелек-ведро түсінігі арқылы қабылданып кете беруі мүмкін.

Шындығында бұл елатының шелек-ведро-ға түк қатысы жоқ. Халық әуеліде өзеннің өзін, оны жағалай өскен шілік, яғни майда қамыс атымен шілік деп атап, содан шыққан елатын орыс жұрты Чилик түрінде өз тілдеріне икемдей айтқан. Кейінірек орыс тілінің, жұртының екпінімен шілікті ұмытуға мәжбүр болған қазақ, чилик деуге де тілі толық келіңкірмей, айта-айта оны шелек еткен. Нәтижесінде жер-судың табиғи сипатын көрсете атаушы әуелгі Шілік атауы, табиғат жайымен еш байланысы жоқ шатамптық атауға айналды әрі тілімізде жаңсақ түсінік тудырушы Шелек атауы пайда болды.

Дәл осы сияқты, Алматы қаласының оңтүстік батыс жағындағы төңіректе өсіп тұрған қалың қарағайға қатысты қарағайлы аталған жер, елді мекен орыс тілінің қосымшасы жалғана әуеліде – Карагайлинск, кейінірек – жиі қолданыс барысында ықшамдалып,

Каргалинка болған сыңайлы. Күні кешеге дейін Каргалинка болып келген сол жерді бүгінде Қарғалы дейміз және солай жазып та қойдық. Енді кейінгі ұрпақтың бұл жерде бір заманда қарға көп болған-ау деп ойлауына тура келеді. Жер-су аты арқылы өткен заманнан жалған мәлімет алып, сол негізде шындық та қолдан құрастырылуы мүмкін деуіміздің мәнісі осы болады. Ал бұлай болмасын десек, жадымыздан жуылып кетпей тұрғанда мұндай төркін-тұлғасы күмәнді жалқы есімдерді тілдік, танымдық талдаудан өткізіп, әуелгі, қазақ тілі бұзылмай, бұрмаланбай тұрғандағы қалыбын орнықтыру керек болады.