Экология
Мәселе
Елімізде қоқысты жерге сұрыптамасыз көмуге 2019 жылдан бастап тыйым салынған. Бірақ осы кезеңге дейін қоқыстарды өңдемегеннің салдарынан қоқыс полигондарындағы жерлер толып қалған.
Сол себепті полигондарды рекультивация жасап, қайтадан бастау қажет. Бірақ бұл мәселені мемлекет толықтай қолына алып отырған жоқ. Алайда бұл мәселені шешу тек мемлекет басшыларының қолында емес. Бұл істің бастамасын алдымен қарапайым халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Үгіт-насихат керек. Қоқысты сұрыптап жинауды насихаттау керек. Бізде мысалы, батарея немесе сынап лампасын ортақ қоқысқа тастауға болмайды деген тақтайша не билборд еш жерде жоқ. Ал оларды тастау өте қауіпті. Балабақша мен мектептерден бастап экологиялық сауаттылыққа тәрбиелеу керек, арнайы экология пәндерін енгізу қажет. Экологияға жауапты қарайтын адамдар буынын тәрбиелеуге тырысуымыз керек. Осыған байланысты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 50 ұйым мен жеке кәсіпкерлердің басын біріктірген «KazWaste» қауымдастығының басшысы Шынболат Байқұлов былай дейді:
- Әр адам үйде бір пакетке азық-түлік қалдықтарын, екіншісіне әйнек, пластик және қағазды салып шығуға тиіс. Үйден екі пакетпен шығыңыз. Алматы, Астана және өзге де бірқатар қалаларда қайта өңделетін шикізатқа арналған жасыл контейнерлер мен пластикке арналған торлар қойылып жатыр. Сосын қоқыс шығарушы компания азық-түлік қалдықтарынан бөлек қайта өңделетін шикізаттарды сұрыптау немесе қайта өңдеу кәсіпорындарына апаруы керек, ал өңделмейтін бөлігін көму үшін полигонға алып кетеді.
Қоқыс өңдеудің мінсіз схемасы осындай болуға тиіс, бірақ Қазақстанның көп бөлігінде ол әлі жүзеге аспады.
Бұл істі жүзеге асыру үшін не істеу керек?
2018 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласында қоқыс сұрыптау кешені іске қосылған. Бірақ одан әзірге нәтиже жоқ. Тұрғындар тұрмыстық қалдықты бұрынғыдай бір контейнерге тастап жатыр. Ал Еуропада бұл мәселені былайша шешкен. Кез-келген қорапты өндіру кезеңінде қалдықты игеру жүйесі жұмыс істей бастайды. Өндіруші әу бастан жауапты саналады. Ол қорап құнына оны кәдеге жарату құнын енгізеді, мемлекет өндірушіні сол қорапты кәдеге жаратумен айналысуға міндеттейді. Яғни, компания тауар өндіреді және оны қалай кәдеге жаратуды, тұрғындардан қалай қабылдауды алдын ала біліп тұрады екен. Ал Қазақстанда тізбектің үш қатысушысы – өндіруші, тұтынушы және мемлекет – арасында байланыс жоқ. Сол себепті тиісті заңнамаға экокодекс пен аумақты абаттандыру ережелерінде қатты тұрмыстық қалдықты көму ғана емес, сұрыптаусыз бір контейнерге лақтыруға тыйым салынады деп нақты жазылуы керек. Содан соң осы заңның орындалуын бақылау қажет, тәртіпбұзушылық болған жағдайда айыппұл салу керек. Ол үшін мемлекет еліміздің барлық аймақтарына қоқыс салуға арналған жәшіктерді тек белгілі бір қоқысты салатындай қылып бөліп қоюы керек. Сонда ол қоқысты қайта өңдеу оңай болатын еді.
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2019 жылдың қазанда өткен үкімет жиынында 200-ден астам қала мен ауданда қоқысты сұрыптап жинау 41 жерде ғана бар екенін, сұрыптау кешендері 19 жерде орнатылғанын, ал 8 елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында қоқысты қолмен сұрыптайтынын айтты.
Ал әзірге қала, облыс және аудан орталықтарының қоқыс орындарында 100 миллион тоннадан астам тұрмыстық және коммуналдық қалдықтар жатыр. Оған қоса жыл сайын алты миллион тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтар сол қоқыс орындарына жеткізіледі.
Экологиялық кодекстегі түзетулер
Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамыту мақсатында нормативтік құқықтық база жетілдірілді. Атап айтқанда, Экологиялық кодекске түзетулер енгізілді.
2016 жылдан бастап полигондарда құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды; металл сынықтарын; пайдаланылған майлар мен сұйықтықтарды; батареяларды; электрондық қалдықтарды көмуге тыйым салынады.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап пластмассаны, макулатураны, картон мен қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салынды.
2021 жылдан бастап – құрылыс және тамақ қалдықтарына.
Осы нормаларды енгізу қалдықтарды өңдеу саласында шағын және орта бизнесті ынталандыруға және дамытуға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде ҚР Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды өңдеу үлесі 40%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізілуі мүмкін болар деп ойлаймын.