Білім және ғылым

Копирайтинг: Ұтымды жазу жолдары

Копирайтинг дегеніміз не?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәтін тек әріптер мен сөздер жиынтығы ғана емес, ол оқырманның мінез-құлқына әсер ететін құрал (Денис Каплунов).

«Телефонның пайда болуы жазу өнерін жойды. Енді оның қайтып келетін кезі келді», - деп жазадыThe Wall Street Journal.[«Как писать так, чтобы вам доверяли» К. Роуман, Д. Рафаэльсон] Расымен де, электронды пошта арқылы, әлеуметтік желілерде, әртүрлі онлайн платформаларда «жазушылар» көптеп пайда болды. Олардың бірі – еш мақсатсыз, өзі үшін әріп теретін жандар болса, енді бірі – қаламы табыс құралына айналып отырған кәсіби жазушылар мен журналистер. Алайда, интернет пайда табуға қолайлы мүмкіндік бергендіктен, заман талабына сай жаңа ұғым – копирайтинг сұранысқа ие бола бастады. Көптеген компаниялардың қызметкерлері үшін арнайы осы сала курстарын енгізуі де таңқаларлық емес. Сонымен, копирайтинг дегеніміз не?

Көптеген адамдар копирайтерді үйде мақалалар жазатын және баспаға шыққан әр мың таңба үшін ақы алатын адам деп ойлап, ал мақала мазмұнына мән бермей жатады. Мұны айту - дәрігердің науқасқа жазып берген әр рецепт бойынша ғана ақша алуымен тең. Яғни бұл қате тұжырым. Копирайтинг - бұл мәтін көмегімен мәселелерді шешу (әдетте коммерциялық). Копирайтер мәтінінің жазып бергені үшін емес, шешілген мәселе үшін ақша алады.

«Копирайтинг для бизнеса» кітабының авторы Даниил Шардаковтың айтуы бойынша, қарапайым мәтін жазушылар – арзан мәтіндік массаның бір буыны. «Иә, биржада жүздеген мың автор бар. Бірақ олардың істегені копирайтинг емес және қызметі үшін тиын ғана табады(1000 немесе одан аз белгілерге 1-2 доллар). Ал нағыз копирайтерлер мәселені 3 сөйлеммен де шеше алады. Ал олардың қызметі 1500 доллармен, кейде одан да көп суммаға бағаланады», - дейді Шардаков. «Сонша табыс табатындай, копирайтер не жазады» дерсіз? Бұл сала мамандарының қызмет саласы:


  • Сайттарға арналған мәтіндер;
  • Баспа жарнамаларына мәтіндер;
  • Коммерциялық ұсыныстар;
  • Адамды тауарды сатып алуға үгіттейтін «Landing Page»;
  • Сриптілер мен сценарийлер;
  •  «Ақ кітаптар»(whitepaper);
  • E-mailхаттамалар;
  • Avito, Slando, OLX сынды сауда тақталарына арналған жарнамалар, т.б.


Мәтінді дұрыс жаза білу өнері кез-келген салада өз қолданысын табады. Ал копирайтерлер үшін дұрыс жазып қана қою аздық етеді. Олардың басты бақсаты – мәтінді оқырманға сенімді етіп ұсыну арқылы тапсырыс берушінің қызметін «сатып алатындай» жағдай жасау. Сенімді түрде жазу әдемі сөздермен көзді қуантуды білдірмейді. Бұл – әрекетке әсер ету деген сөз. Яғни, сөз арқылы оқырмандардың назарын және іс-әрекетін басқару.

Мейлі жарнама, мейлі Бұқара Ақпарат құралдары болсын, не болмаса жұмысқа қабылдау кезіндегі түйіндеменің де мәтінін жазумен айналысатын адамның ескеруі тиіс жайт бар: оқырман мәтіннен өзіне қажетті сұрақтарға жауап іздейді. Мәселен, бастаушы кәсіпкер корпорация басшылығына жаңа ұсыныс жасады делік. Оның бизнес-жобасы қанша жерден сауатты жазылса да, комиссия алқасы «қайта айналып келуді» ұсынды. Жобаның сәтсіздікке ұшырауына басты себеп – басшылық мәтіннен өзіне қажетті сұрақтарға жауап таппады. Яғни, жас кәсіпкер жобаның корпорация мүддесін қанағаттандыруға қауқарын дәлелдей алған жоқ. Сөзге сендіру дегеніміз де осы.


  • Копирайтингпен айналысатын адамның мәтіні сәтті шығу үшін мынадай сұрақтарға жауап беруі керек:
  • Таңдалған аудитория сіздің өніміңізге мұқтаж екеніне сенімдісіз бе?
  • Сіз өнім қанағаттандыра алатын қажеттіліктерді қаншалықты дәл анықтадыңыз?
  • Сіздің ұсынысыңызда клиент жаңа ақпарат таба ала ма?
  • Клиенттің өз мәселесін басқа жолмен (өзі үшін пайдалырақ) шеше алмайтындығына сенімдісіз бе?
  • Сіз іс-әрекеттің нақты себептерін анықтағаныңызға қаншалықты сенімдісіз? Сіз оларды мәтінге енгіздіңіз бе?
  • Сіз айтқан артықшылықтар расымен де тартымды ма?
  • Сіздің ақпаратыңыз бейхабар адамға қаншалықты шынайы көрінеді?
  • Сіз оқырманға оның сипатталған артықшылықтарға расымен де ие болатынына көзін жеткіздіңіз бе?
  • Сіз «алдамай», сенімді, достық үнмен жаздыңыз ба?
  • Сіздің ұсынысыңызға жауап бергеннен кейін оқырманның өмірі немесе шығармашылығы қалай өзгеретінін көрсеттіңіз бе?
  • Сіз ұсыныстың тартымдылығын растау үшін дәлелдерді қолдандыңыз ба?
  • Оқырманға сіздің ұсынысыңызға жауап беру кезінде ештеңе тәуекел етпейтініне сендірдіңіз бе?
  • Мәтінді оқу процесін қаншалықты жеңіл әрі қызық еттіңіз?


Мәтінді нақты әрі дәл етіп жазу өте маңызды. Мысалы, «әрдайым», «үнемі», «жиі» және «күнделікті» сөздерін салыстырып көрейік. «Біз тексеру жұмыстарын әрдайым\ үнемі\ жиі жүргізіп тұрамыз» дер болсақ, оқырманға сенімді естілмеуі мүмкін. Себебі «жиі» деген сөздің жиілігін де әр адам әрқалай қабылдайды. Ал «Біз тексеру жұмыстарын күнделікті жүргіземіз» деген сөйлем адамға істі барынша нақты жеткізіп тұр.

Және ең бастысы, бірінші орынға аудиторияны қою. Маркетологтар арасында «Қуырылған етті емес, қуырылған дәмді сатыңыз» деген ұғым бар екен. Мәтіннің бірінші жолдардан-ақ сіз өзіңіз туралы емес, мақсатты аудитория туралы ойласаңыз, аудитория да сізді автор ретінде жақсы көреді және сіздің ұсыныстарыңызға оң жауап бере бастайды.