Қоғам

Ұлт зиялысы және ұлттық интеллегенция

Бүгінгі ұлт зиялылары кім?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мектеп табалдырығынан-ақ шығармаларымызда бүгінгі депутаттарды, саяси партия мүшелерін ұлт зиялылары деп жазушы едік. Бұл – мұғаліміміздің санамызға солай қалыптастырған ұғымы болатын. Алайда, өсе келе, мұндай түсініктің оң-терісін ажыратар сәт келді.

Бір қарап отырсаңыз, расымен де, «депутат» деген сөз «ұлт зиялысы» ұғымының анықтамасына сәйкес келеді. Себебі, депутат дегеніміз – интеллегент, халқының қамын ойлайтын, мемлекетін көркейтіп, абыройын асқақтату үшін барын салып қызмет ететін тұлға. Бірақ бұл теориялық тұрғыда, яғни сөз жүзінде ғана. Бюрократияның боданына түсіп, жемқорлықтың құлына айналу – қызмет иелеріне төніп тұрған қауіпті кедергі. Өкінішке орай, сол кедергілерден кейбірі сәтті өте алмай жатқанына куә болып жүрміз. «Алтын көрсе – періште жолдан таяды» деген мақал Абай айтқандай қаншалықты ұсқынсыз әрі қисынсыз болса да, талай азаматтан көрініс тауып жатыр. Мейлі, мемлекет қызметкері, мейлі, ұстаз не дәрігер болсын, бастапқыда адалдығына ант-су ішкенімен, кейіннен билік пен байлықтың қақпанына түсіп, былықтары ашылып жатады.

Сонда зиялы деген кім? Олар қазір бар ма?, - деген сұрақ туындайды.  Осы тұрғыда Мұстафа Шоқай: «Ұлттық зиялы деп кiмдердi айтамыз? Бiр қарағанда, жеңiл көрiнгенiмен, шын мəнiнде бұл сауалға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тəрбие көрген адамның бəрiн „зиялы“ деп атап, оны сол адам өзi тəн болған ұлттың „ұлттық зиялысы“ қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат мақсаттардың соңында жүрген жəне сол белгiлi мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық жəне əлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт-деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiр тұтас саяси, əлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi» деген екен. Яки, ағамыз атап өткендей, ұлт зиялылары дегеніміз – бір мүддеге, халық мүддесіне ие, интеллегенттер тобы. Алайда, интеллегенттердің бәрін ұлт зиялысы деп атауға да келмейді. «Неге?» дерсіз. Бұл сұраққа жауап беру үшін, әуелі осы сөздің мағынасына тоқталып өтсек.

Интеллегент дегеніміз – адамға тән рухани, зерделі қабілет, тар мағынада алып қарасақ – тез арада шешім қабылдай білетін, дұрыс және тез ұғатын, кез-келген тығырықтан шыға алатын, қорытындылай білетін, этиканы ұстанып, эстетикалық көзқарастарын қалыптастырған адам. Алайда, оқыған, көзі ашық азамат бола тұра, білгенін ұлт мүддесіне жұмсай алмаса, өзін рухани емес, материалдық пирамиданың ғана шыңына жетелесе, яғни білімінің халқына тигізер еш пайдасы болмаса – оның ұлт зиялысы атануға хақы жоқ.

Бұл тұрғыда тарихтан келе жатқан ұлт интеллегенциясын екі топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – бедел иелеріне жағымсынып, өз қара басының қамын ойлайтын қауым болса, екіншісі, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Қаратаев, Жақып Ақбаев, Ахмет Байтұрсынов сынды ағартушылықпен айналысқан, әділетсіз билікке қысым көрсете білген, өз тағдырын қауіпке тіге отырып, өмірінің соңына дейін елім деп өтіп, зиялы қауымға айналған ұлт жанашырлары.

Зиялылықтың бүгінгі қазақ қоғамына байланысты анықтамасы – ана тілін терең меңгерген, ол тілде сөйлей, жаза, ойлай алатын; халқының арғы-бергі тарихын білетін; ұлттық дəстүр, құндылықтарын бойына сіңірген білімді азамат. Бұл тұрғыда мен бастапқыда айтқан депутаттар мен партия мүшелерін бәрі бірдей бұл критерийлерге сай келеді деп айта алмаймын. Дегенмен де, уақыт өте келе, ұлттық рухтың буыны бекіп, халықты соңынан ерте алатын ұлт зиялыларының көбейетініне сенімім мол.