Әлем жаңалықтары
Қазақстанның әлемдік БАҚ алдында қандай бейнеде екенін білгіңіз келсе, мақаламен танысыңыз
Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жарияланғалы 29 жыл өтсе де, әлем елдерінің азаматтары мемлекетімізді көп тани бермейді. Оның негізгі себептерінің бірі мемлекетіміздің дамушы елдердің қатарында болуы десек те, әлемдік БАҚ құралдарында Қазақстан жайлы көп сөз қозғалмауы да өзіндік әсерін береді.
Дегенмен халықаралық ақпарат құралдары мемлекетіміз туралы тіпті хабарсыз деу де орынсыз. Ендеше Қазақстан жайлы халықаралық БАҚ өкілдерінің пікірін білейік.
Қазақстан журналистикасының әлемдік аренда ықпалының болмауынан еліміз жайлы тексерілмеген не жалған ақпараттар Батыстық басылымдарда жиі шығарылып жатады. Мұндай жағдайлардан мысал келтірсек:
- New York Post басылымы қазақстандық қыздардың 60%-ы алып қашу дәстүрінің құрбаны болғандығы туралы хабарлап, «Борат» фильмінің үзіндісін мысалға келтірген.
- Британдық The Daily Mirror газеті өздерінің онлайн парақшаларында қазақстандық мұғалімнің сабақ барысында оқушыларын таяқпен ұрып жатқан видеоны жариялап, бұл жағдайды «исламдық мектептің» қорлығы деп бағалаған. Дегенмен видео кейіпкері қазақша емес, өзге тілде сөйлеп тұрғанын анық естуге болады.
- Британдық Economist журналы 7 ақпан күні Қордай өлкесінде болған оқиғаға варварлық деп баға беріп, күмәнді фотоларды жарияласа, катарлық Al-Jazeera «Толерантты Қазақстан бейнесі шытынады» деп хабарлаған.
Жоғарыда көрсетілген мысалдар арқылы Қазақстан жайлы әлемдік басылымдарда түрлі бұрмалаған ақпараттың жарияланатынын және еліміздің басылымдарында оны теріс шығарарлық қауқары жоқтығын көреміз.
Халықаралық ақпарат құралдарында мемлекетімізге қатысты жекелеген күмәнді мағлұматтардан бөлек, еліміздің жалпы саяси-экономикалық жағдайына қатысты мақалалар шығып тұрады.
Америкалық Jamestown Foundation Қазақстанның қазіргі жағдайына: «Мұнай бағасының түсу мен коронавирус пандемиясы Қазақстанға екі есе ауыр соққы болды. Қазіргі кезде Қазақстан өзінің жаңа тарихындағы ең үлкен дағдарыс өткермек. Тіпті 90 жылдардан қиын уақыт болуы мүмкін. Мемлекеттік тұрақтылыққа үлкен қауіп төніп тұр» деп баға береді. Ал Channel NewAsia керісінше Батыстық басылымдар Қазақстанның қазіргі кезде шынайы тәуелсіз мемлекет болып, Орта Азияның лидеріне айналғанын байқамай отырғаны туралы жазған.
Қорыта келе, халықаралық ақпарат құралдары Қазақстан жайлы біркелкі жақсы не жаман көз қараста деуге болмайды. Дегенмен елімізге қатысты әлемдік БАҚ-та жарияланған аз ғана материалдың көп бөлігі теріс не сыни пікірде екенін мойындау керек. Болашақта мұндай мәселені шешу үшін отандық медианы бүкіл әлемге ықпал ететін дәрежеге дейін көтеру керек.