Weekend
Тоқтарбай мырза деген кім және оның тәртібі туралы
«Көрікті мекен» бағдарламасы аясында бір топ журналистер мен блогерлер Алматы облысы бойынша су ресурстарын бақылап қайтуға, жергілікті шаруа қожалықтарының жұмысымен танысуға аттанған болатын. Аталған шараға Bugin.kz сайтының да журналистері ат салысты.
3 күнге созылған сапардың екінші күнінде Жаркент өңіріне ат басын тіреген ұйымдастырушыларды жергілікті ҚР Ауыл шаруашылығы минитрлігі «Қазсушар» мемлекеттік республикалық қазыналық кәсіпорны, Алматы филиалы Панфилов өндірістік учаскісінің басшысы Керімқұлов Тоқтарбай Әкімұлы күтіп алды.
Тоқтарбай мырзаның тәртібі «заңмен» бірдей орындалады. Аудандағы басты мәселе жайылымдар мен егістікті суару. Жүгері, соясына су жеткізе алмай кеткен шаруа қожалығы не шаруаның өзі арғықты бұрып, судың арнасын өз егістігіне салып алады. Осыдан барып үлкен дау туады. Міне аталған даудың басын шешіп, тәртіп орнатып отырған Тоқтарбай мырза үлкен адамгершілікпен жұмыс атқарып келеді. Жасаған ісін құлақпен естіген бір бөлек, көзбен көрген бір бөлек екенін көрген журналистердің алғыстан басқа айтары қалған жоқ.
Ол қандай тәртіп?
Тоқтарбай мырзаның айтуынша, жұмысқа келе салған күннен бастап тәртіппен жұмыс жасапты. Себебі Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған адам құл болмайды» сөзін ұлағат тұтса керек, бәрінің көз алдында қадағаланып отырғанын басты назарда ұстаған. Осылай өзінің тәртібін қағаз бетіне түсіріп, оған заңдық мәртебе бере отырып шаруа қожалықтарының қолдарын қойдырып, адал болуларын сұраған.
Тәртіп бойынша әрбір шаруа қожалығы, шаруа адамы таңғы 5 кезінен бастап кезекке тұрып, өзіне керек судың мөлшерін айтып егістігіне кету керек. Таңғы бестен кешігіп, түсте келген адамға су жоқ.
«Таңда орнынан тұрып, егістігін суару үшін су сұрап келген адамның ақысын жемеймін. Суын беремін. Ал ұйқысын қандырып, түсте келген адамға су берсем теңдік қайда қалады?»,-дейді Тоқтарбай Әкімұлы.
Ауданның көркін қыздырып, көрігін беріп тұрған алмақ бақтар, жеміс-жидектер, көшеттер мен жасыл желек тартқан көк майсалардың бәрі де Тоқтарбай мырзаның сүйікті ісіне айналып кеткен. Айдалада жатқан жазық далаға канал тартып, оның бойымен су жүргізіп отырған басшының бұл ерлігін аудан мақтап айтады. Әр канал басына үй салып, айналасын баққа айналдарырып, күзет қойған. Себебі жоғарыда айтып өткендей, судың басын бұрып алушылардың қатары әлі де бар. Сондықтан бұл алдын-алу шараларының бірі деп қарауға әбден болады.
Аспаннан ештеңе алудың қажеті жоқ
Бар дүниені, бар затты қайта жаңғыртып, өңдеп пайдаға асыруға болатынын көрсеткен де Тоқтарбай мырза. Ауданда қараусыз жатқан, бұзылған ғимараттар мен түрлі нысандарды қайта өңдеуге жіберіп, халықтың игілігіне беріп отыр.
«Мемлекет бюджет бөледі. Оны сұрайтын біз. Ал алғаннан кейін қайта-қайта «жетпей қалды» деп сұраудың мәнісі жоқ. Берген дүниені пайдалан және іске асыра біл. Сонда барып елдің дамуына бір үлесіңді қоса аласың»,-деген Тоқтарбай мырзаның сөзінде жан бар.
Бір ауданның тыныс-тіршілігі мен шаруа қожалықтарына керек су мәселесін шешіп қана қоймай, адамгершілік қасиетті бойына жиған Тоқтарбай мырзаның өзі де сөзге шешен, іске берік адам.
Кәсіпті дөңгелету және оның үдесінен шығу үшін тынбай қызмет етудің пайдасы аз. Адамға адамдық және жауапкершілікті арқалай білетін мінез бен қасиет керек. Бір бойына бірнеше қасиет дарытқан Тоқтарбай мырзаның берекелісі ісіне жеміс тілейміз!