Weekend

SEО: Сайт іздеу жүйелерінде алғашқы беттен көріну үшін не істеу керек?

Сұқбат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кез келген сайттың іздеу жүйелерінің алғашқы беттерінен көрінуді қалайтыны анық. Google, яндекс жүйелерінен ақпарат іздегенде алғашқы беттегі сілтемелерге ғана өтетініміз өтірік емес. Ал сол іздеу жүйелерінде алғашқы бетке орналасу үздіксіз еңбектену мен ізденісті талап ететінін білесіз бе? «Іздеу жүйелерінде алғашқы беттен көріну үшін не істеу керек?», «Жалпы SEО дегеніміз не?» деген сұрақтарға жауап алу мақсатында SEO маманы, интернет маркетолог, Веб жасақтау бойынша IT маманы Нұржол Табиғатпен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

SEO деген не? Оның қандай маңызы бар?

SEО дегеніміз – google, яндекс іздеу жүйелеріне сайтты, сонымен қатар сайттың парағын бейімдеу. Ол адамдарға сайттағы мәліметті оқуды, жалпы пайдалануды жеңілдетеді. Бұл – SEО жұмысының жартысы ғана. Оның маңызы қандай? Біріншіден, SEО дұрыс болған жағдайда сайттағы трафик көбейеді. Яғни сайттың оқырманы көп болады. Сонымен қатар сайттың беделі артады. Екіншіден, SEО-ның арқасында сайтқа жарнама берушілер молая түседі. Ал SEO пайдаланушыларға техникалық тұрғыдан ыңғайлы. Оларға SEO арқылы ақпарат дәл, жылдам беріледі. Ал ол бәрімізге де тиімді болмақ.

SEO-ның сайтқа беретін мүмкіндіктері бар ма?

Сұрақты SEО сайтқа не береді деп емес, сайт SEО-ға не береді деп алсақ, ұтымды жауап аламыз. SEО-ға арнап сайтыңыз қандай жұмыстар атқарса, ол жұмыстар жауапсыз қалмайды. «Ол маған не береді?» деп қарап отырған адамға ешқандай да пайда келмейді.

SEO-ның тілін табу амалдары қандай? Іздеу барысында алғашқы беттен көріну үшін қандай әрекеттер істеу керек?

SEО-ның тілін табу арқылы бірінші орыннан көріне беру міндет емес. Себебі іздеу жүйелерінде бұрыннан келе жатқан алпауыт сайттар бірінші тұрады. Шағын, орташа сайттар көп болғандықтан, оларға бірінші бетке шығу қиындау. Дей тұрғанмен олар да SEО-дан айтарлықтай трафик ала алады. Ол қалай? SEО-да ең көп сұралатын, орташа көп сұралатын, аз сұралатын кілт сөздер деген үш түрлі кілт сөздер типі болады. Ең көп сұралатын кілт сөздер әдетте қысқа болады (1-3 сөз аралығы). Орташа көп сұралатын кілт сөздер 3-5 сөз аралығында болады. Ал ең аз сұралатын кілт сөздер ұзақ болады (Олар 5-8 сөз, олардан да көп). Көптеген сайттар ең көп сұралатын кілт сөздер арқылы іздеу жүйесінде алғашқы беттерге шыққысы келеді (Алайда сайттарының шамасы келмейді). Сондықтан олар алғашқы беттерге шықпай қала береді. Олардың қасында орташа көп сұралатын кілт сөздер мен аз сұралатын кілт сөздерді қолданудың тиімді тәсілін тапқан сайттар трафик көбейтіп жатады.

SEО-ның негізгі талаптары қандай?

SEО-ның қарапайым талаптары бар. Олар: кілт сөздер, ішкі және сыртқы жұмыстар. Материал жазбас бұрын сематикалық ядро құрып, үш типтегі кілт сөздерді топтарға жіктеп, әрқайсысына материал жазып, трафик көбейтуге болады.

SEО әдістеріне сәйкес парақша дұрысталғаннан кейін сайт иесі іздеу барысында алғашқы беттен түсіп қалмау үшін не істеуі керек?

Алғашқы беттен түсіп қалмау үшін сайттар бастапқы қалыптастырған жүйесін бүлдіріп алмауы керек. Сонымен қатар сайттың, материалдардың сілтемелерін жаңартпағаны дұрыс. Яғни сілтеме алғашқыдағыдан өзгермесе ұтымды болмақ.

Бүгінгі SEО-дағы маңызды мәселе деп нені айтуға болады?

Қазіргі SEО-дағы маңызды мәселе – кері сілтеме. Яғни сіздің сайтыңызға, сайттағы мақалаларға сілтеме берушілер көп болуы керек. Кері сілтеме беруші сайттардың рейтингісінің жоғары болуы мен олардың сұранысқа ие болуы сізге көбірек пайда әкеледі. Сайтқа кері сілтеменің көп болуы әрі олардың тұрақты болуы іздеу жүйелерінің басты назарында болмақ.

SEО баптау дегеніміз не?

SEО баптау ішкі және сыртқы баптаулар деген екі бөлімнен тұрады. Ішкі баптаудың өзін техникалық және журналистерге қойылатын талаптар деп екіге бөліп қарастырамыз. Техникалық дегеніміз – сайттың жалпы структурасы, сілтеме құрылымы, жылдамдығы, тегтердің қойылуы, дизайн. Журналистерге қойылатын талаптарда журналистің ең бірінші уақытында сұранысқа ие тақырып таңдауы, контент план дайындағаны абзал. Одан кейін кілт сөздер, мақаланың бірнеше тақырыпшаға бөлінгені, визуалды мәліметтері болуы ұтымды болмақ. Сыртқы факторларға іздеу жүйелерінің алгоритм талаптарына бейімделуі, сайтқа, мақалаға кері сілтемелердің көп болуы, олардың тұрақты өсіп отыруы, сайттың іздеу жүйелерінде алғашқы беттерден көрінуіне мүмкіндік береді. Алайда нәтиже бір күнде емес, айлап, жылдап келеді.

Әңгімеңізге рақмет!