Саясат

Биліктегі ауыс-түйіс: «Назарбаев деген бір адам емес, Назарбаев – жүйе»

Сарапшылар биліктегі ауыс-түйіс жайлы пікір білдірді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Нұр-Сұлтандағы екі күндік үнсіздіктен кейін 2020 жылдың 4-і мамырында Қазақстан билігіндегі екінші адам – сенат төрағасы сайланды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевты қызметінен босатып, артынша ол сенат спикері болып сайланды. Ал Әшімбаевтың президент әкімшілігіндегі орнына ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Дәурен Абаев барды. Сарапшылар бұл ауыс-түйіс жайлы не дейді?

Мамырдың 2-сі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенат спикері Дариға Назарбаеваның күтпеген жерден сенат спикері өкілетін тоқтатты. Тоқаев бұл шешімінің себебін ашып түсіндірмеді. 2019 жылдың көктемінде Тоқаев Дариға Назарбаеваны сенат спикерлегіне ұсынғанда депутаттар бірауыздан келісім берген еді. Мамырдың 4-і күні де сенат депутаттары Әшімбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Сенат депутаттарының алдында сөйлеген Тоқаев "саяси реформаларды жалғастыра беретінін, басшылардың жаңа буыны керегін" жеткізді. Бұған қоса, "Елбасы (Назарбаевтың заңмен бекітілген титулы, осы титулының арқасында өзі және отбасы қылмыстық жазаға тартылмайды – ред.) мақұлдаған ұлт жоспарын міндетті түрде жүзеге асыратынын" айтты.

Тоқаев кадрлық ауыс-түйісті көпке созбай ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевты Мәулен Әшімбаевтың орнына президент әкімшілігі төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Ал бұған дейін өзінің көмекшісі болған Аида Балаеваны ақпарат және қоғамдық даму министрі етіп бекітті.

Әлеуметтік желіде бұл кадрлық өзгерістерге байланысты алуан түрлі пікір айтылды. Саяси сарапшылардың кейбірі мұны "маңызды өзгеріс" десе, кейбірі "қосылғыштардың орны өзгергенімен қосынды өзгермейді" деген белгілі тәмсілді қайталады.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Facebook парақшасындағы жазбасында билікте орын ауыстырған үшеуді "ескі гвардияның" орнын басқысы келетін "жас номенклатураның өкілдері" деп сипаттады.

"Бұлар билікке сайлаумен немесе "ескі гвардия" сияқты қатаң саяси бәсекемен жетпеген, бірақ "ескі гвардияның" орнын басқысы келетін жас номенклатураның өкілдері. Олар "Кітапханамен" (Назарбаевтың әкімшілігі бірінші президенттің кітапханасында орналасқан - ред.) ашық қайшылыққа да барғысы келмейді. 01 дәуірі (Назарбаевты меңзеп отыр – ред.) аяқталған жағдайда болашақ мансабын Тоқаевтың командасында көреді. Ең маңыздысы, олардың "ескі гвардия" орнын қалай басатынында емес, өздерімен бірге билікке қандай құндылықтарды ала баратынында. Елімізге жас реформаторлардың керек екені рас, бірақ номенклатурадағы ақсақалдардың көшірмесінен аумайтын "жас көкелер" керек емес екені анық" деп жазады Досым Сәтбаев.

Саясаттанушы "жас әрі амбициясы мол адамдар билікке әртүрлі әлеуметтік лифттер арқылы көтерілуі, соның ішінде төменде жұмыс істеп тәжірибемен көтерілуі тиістігін түсінетін болар" деп үміттенеді.

«Барлығы да Назарбаев жүйесінің тетігі»

Әйтсе де, биліктегі кезекті ауыс-түйістерге үйренген жұртшылық бұл жолы бұрыннан көзтаныс үшеудің орын ауыстырғанына елең ете қалды. Саясаттанушылардың пікірінше, біріншіден қоғам Дариға Назарбаевадан кейін сенат спикері кім болатынына назар аударды, екіншіден жұрт президенттік қызметіне атқарғанына бір жыл толған Қасым-Жомарт Тоқаев айналасына кімдерді жинайды деген мәселеге де көз тігіп отыр.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов "Президент әкімшілігі басшысының орынбасары бірер сағатта сенат төрағасы бола салғаны, мемлекеттегі екінші адам - сенат төрағасының бір жарлықпен алына салғаны демократиялық талаптарға сай келмейді" деп есептейді.

- "Тоқаевтың билігі күшейіп жатыр" деген иллюзия болмауы керек. Өйткені Әшімбаев – Тоқаев өсірген кадр емес. Абаев та, Балаева да Назарбаевтың жас кадрлары, олар Назарбаев жүйесінің ескі кадрларының орнын жай ғана алмастырып жатыр. Назарбаев деген бір адам емес, Назарбаев - жүйе. Барлығы осы жүйенің тетігі, - дейді ол.

Саясаткер Дос Көшімнің сөзінше, биліктің бағыты өзгерген жоқ, адамдар ғана өзгерді. Билік өзгеруі үшін билікке басқа саяси күштер келуі керек.

- Дариға Назарбаеваның сенаттан кеткені "билік монархиялық жүйемен ауыса ма?" деген қауіпті сейілткендей болды. Осы тұрғыдан Мәулен Әшімбаевты жылы қабылдап жатқандар бар. Бірақ авторитарлық билікте ол орынға кімді қойса да, жұмыс істеп кете береді. Өйткені ол адам сызып берген жолмен ғана жүреді. Егер Қасым-Жомарт Тоқаев "билікті, қоғамды өзгертемін" деген бағыт ұстанса, Мәулен Әшімбаевты сонымен бірге жұмыс істей алатын адам қатарына жатқызар едім, - дейді ол.

Дос Көшімнің сөзінше, "Абаев пен Балаева салыстырмалы түрде жас болғанымен жаңа адамдар емес, қазіргі саяси жүйенің туындылары, сондықтан президент әкімшілігі мен министрлік басшылығы ауысты деп қуанудың да, алаңдаудың да қажеті жоқ".

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жарық көретін "Уральская неделя" басылымының бас редакторы Лұқпан Ахмедияров Абаевтың министрліктен кеткеніне "қуанғысы келсе де қуана алмайтынын" айтады.

- Керісінше, оның қызметі өсіп кетті. Президент әкімшілігі министрліктерге сөзін жүргізе алады. Ал Балаеваның кім екенін де білмеймін. Баспасөз саласында көрінген адам емес, - дейді ол.

Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, Дәурен Абаев ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тұрған уақытта баспасөз еркіндігіне қысым күшейе түскен.

- Бұрынғы министр Ермұхамет Ертісбаевты қалай сынасақ та жаппай қуғын сүргін қазіргідей емес еді. Абаевтың кезінде БАҚ-тарға мемлекет түрлі жолдармен қаржы беретін болды. Бұл – тәуелсіз журналистканы одан сайын азайтты, - дейді ол.

Ахмедияров "аймақтардағы бірен-саран БАҚ-тан өзге республикалық деңгейде тәуелсіз басылым қалмады" деп санайды. Оның сөзінше, Тоқаев биліктегілерді қалай ауыстырса да, барлығы – билікті монополиялап алған "Нұр Отан" партиясының өкілі.

«Әшімбаев қазір Тоқаевқа жақынырақ»

Ал бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев бұл кадрлық ауыс-түйістерді "Тоқаев билігінің нығайып жатқандығының белгісі, кадр мәселесін Тоқаевтың өзі шешіп жатыр" деп санайды. Оның ойынша, Мәулен Әшімбаев көп жыл Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында жүрсе де, қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевқа жақынырақ.

- Биліктегілердің ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында жүрмегені жоқ. Сондықтан Тоқаев көз алдында "қандай тауар бар, соның өзіне ыңғайлысын таңдап" алды, бірақ ол үшін Назарбаевтың келісімін сұрады деп ойламаймын, бәлкім бірауыз айтқан болар, - дейді ол.

Тоқаев билік пен қоғам арасында диалог орнатады деп құрған Ұлттық кеңестің мүшесі, саясаттанушы Андрей Чеботарев та Facebook парақшасында бұл тағайындауларды биліктегі баланс сақтау деп топшылады.

"Мәулен Әшімбаевтың сенат төрағасы болып сайлануы – Қасым-Жомарт Тоқаев билігінің күшейіп келе жатқанының көрінісі. Ал Абаевтың Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының ішкі саясат мәселесіне жауап беретін бірінші орынбасарлығына тағайындалғанын Ақорда мен кітапхана арасындағы компромисс деуге болады. Өйткені Абаев экс-президет Назарбаевқа жақынырақ. Биліктегі балансты сақтау үшін президент көмекшісін ақпарат және қоғамдық даму министрі етіп тағайындады. Төтенше жағдай режимін билік элитадағы балансты сақтау үшін белсенді пайдаланып отыр" деп жазады Андрей Чеботарев Facebook парақшасында.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің тағы бір мүшесі, саясаттанушы Ерлан Сайыров билікте "Ақорда" және "кітапхана" деген ұғым жоқ деп есептейді. Оның сөзінше, мемлекет билігі президенттің қолында. Мәулен Әшімбаевты "саяси менеджменттің шебері, ысылған маман" деп санайтын Ерлан Сайыров оның сенат төрағасы болғаны логикалық тұрғыдан қисынды деген пікірде.

- Билік тармақтарындағы саяси процестерді білетін, сонымен бірге саяси менеджменттен хабары бар адам болуы керек. Саясатқа жаңа буын келіп жатыр. Бұл саяси буындардың да ауысып жатқанын көрсетеді. Тоқаев бәлкім Назарбаевпен ақылдасқан шығар, - дейді ол.

Ерлан Сайыров "Абаев та, Балаева да жаңа толқынның өкілдері. Бұл ауыс-түйіс мемлекеттік басқарудың жаңа буынға біртіндеп беріліп жатқанын көрсетеді. Азаматтық қоғам өкілдерін билікке тартатын да көп уақыт қалған жоқ" деп үміттенеді.

Өткен сенбіде сенат спикері өкілеті тоқтаған Дариға Назарбаеваның қандайда бір қызметке тағайындалатыны я тағайындалмайтыны белгісіз.

Азаттық радиосы