Weekend
Ерім дейтін елі болсын
Шырайлы Шымкент. Қала өмірі, әдеттегіше, «қайнап жатыр». Әсіресе, түскі уақытта автобустағы халықтың қарасы қалың. Бірі түсіп, бірі мініп, ығы-жығы. Бұл жақтағы сіңісті болған дәстүр бойынша, кондуктор келесі аялдаманы саңқылдай айтып келеді. Онысы - жолаушылар алдын-ала қамдана берсін дегені.
- Шмита, Шмитадан түсетіндер бар ма? – дегені сол-ақ екен, алдыңғы орындықта отырған қария бір жөткірініп:
- Әй, қарағым, Шмита емес, Тәшенов де. Тәшеновтың кім екенін білесің бе? Қазақтың жеріне көз алартқандарға қарсы шығып, қара басын күйттемеген Тәшенов болмаса, бұлай тайраңдап жүрмес едік, - деп, көшенің атаулары ауысқанына бірталай жылдар болса да, жаңа атауды жаттауға құнт қоймаған жүргізуші көмекшісіне бірталай сөзді ақтарып барып бір-ақ тоқтады.
Қарияның сөзі біраз ой салып кетті. Шынында, біз Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтей қоғам қайраткеріне, ұлтының адал перзентіне лайықты бағасын бере алдық па? Қасиетті қазақ жерінің ұлтарақтай болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуіне қарсы шыққанын ұмытсақ, тарихқа қиянат жасағанымыз болмай ма?
Алпысыншы жылдардың бас кезінде Никита Сергеевич Хрущев «Тың өлкелері бір орталыққа бағындырылуы керек» деген сылтаумен Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Павлодар жерлерін Ресейдің құрамына қоспақ болады. Мұндай мысық дәме, пасық тілеуге Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып отырған Жұмабек Тәшенев батыл түрде қарсы шықты. Мәскеу төрінде жоғарыдағы мәселе талқыға түскен бюрода «Атамыздың қаны, анамыздың жасы сіңген бұл даланы талан-таражға сала алмаймыз. Бабаларымыздың сүйегі жатқан жерді қай қазақ қиып береді. Мен бұған түбегейлі қарсымын» деп ашық тойтарыс берді. Жалғыз бұл ғана емес, оңтүстік өңіріндегі мақталы аудандардың Өзбекстанға қосылып кетуі қаупі төнгенде де өзі төрағалық етіп, арнаулы комиссия құрады. Комиссия шешімімен Орталық комитет амалсыз келіседі.
Әрине, бұл қарсылықтардың бағасы жеке басы үшін оңайға түспеді. «Ұлтшыл» деп айыпталып, жоғары дәрежедегі қызметінен босатылды.
Қызметке, мансапқа құл болуды емес, қазаққа адал ұл болуды көксеген Жұмабектей перзентін елі ардақтап, құрметтеуі тиіс деп ойлаймыз. Осыған орай, қайраткердің жүріп өткен жолы көркем фильм болып таспаланса, көп нәрседен ұтарымыз хақ. «Тірі тұрсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп желкілдеп өсіп келе жатқан жастарға солай үлгі көрсетсек. «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» демей ме қазақ даналығы?! Ел Жұмабек Тәшеновтей перзентін ардақтап, алқалап, тиісті дәрежедегі құрметін көрсетуі қажет.