Көзқарас
Журналистика арман ба, Талғам ба?
Арман... Жаныңа қалай жақын естелетін сөз десеңші?! Арман – өмірдің өрнегі! Барша адам дүниеге келгеннен бастап жас ерекшелігіне қарай түрлі арманмен ғұмыр кешеді.
Ал барша адамның сан алуан армандарының сипаты мамандық мәселесіне келгенде түйіседі. Себебі мамандық түсінігі кез келген толыққанды адам үшін үлкен қажеттілік болып табылады . Міне, бойым өсіп, ойым толысып, өмірімнің осынау жауапты кезеңіне де келіп жеттім. Осы тұста, армандаудың нәтижесі нәтижелі әрекет болу керектігін ескерген жөн. Ал мен осы уақытқа дейінгі тәтті арманымды жүзеге асыру жолындағы нық қадамдарды бастап кеттім.
Менің арманым – журналист болу. Бұл салаға деген махабатым бала кезден бастау алып, бүгінгі күні үлкен мақсатқа айналды. Таңдауым журналистиканы таңдағалы, "неге бұл саланы таңдадың?" деген сауалдар жаңбырша жауды. Бұл заңды да болар!
Журналистика саласын таңдауда аса күрделі толғанысты өткермедім. Себебі, бұл сала–айқын таңдауым! Журналистиканы таңдауымда өзіндік салмақты себептер бар. Көгілдір экраннан көркем үндерімен халықты ұйытып әкететін жаңалық жаршыларына ерекше қызығушылық танытушы едім. Бірақ бұны жылтыраған нәрсеге қызыға салу деп түсінетіндер көп.
Шын мәнінде, журналистика саласын таңдаудағы мақсатым- көгілдір экраннан жарқыраудан бұрын, халықтың қажеттілігін қанағаттандыру. Жалпы түсінікте, журналист – халық пен үкімет арасындағы көпір. Менің да мақсатым осы түсінікпен бекітілді.
Адам қандай саланы таңдаса да өз саласының биігін көздеуі қажет емес пе?! Осыған орай, журналистиканың өре биігін бағындыруды мақсат еттім. Ол үшін халықтың шын жанашыры болып, ел мүддесіне қызмет ету шарт. Нақты қалауым – халықтың мұң-зарын азуы алты қарыс ел ағаларына жеткізіп, қарапайым халыққа жәрдемдесу.
"Халықтың мұң-зарын жоғары шенділерге жеткізу" деп ерекшелегенім, сонау хакім заманнан-ақ халық бір төбе де ел басқарушылар бір төбе. Халықтың қалауы көп жағдайда жоғары төбеге жетпей жатады. Қалың бұқараның қайнаған тіршілігінде орын алатын қажеттіліктерді қанағаттандыру, ел тағайындаған үкімет құзырында. Бірақ кей жағдайларда, қағазбастылықпен немесе қамсыздықпен жүретін ел ағаларына халықтың жанайқайы шыбынның ызыңындай ғана естіліп жатады. Оған өзім халық есебінде өмір сүріп жатқан қоғам дәлел. Иә, менің журналистиканы таңдаудағы мақсатым осылай сипатталады.
Алайда бұл мен ашқан жаңа мақсат түрі емес, өйткені журналистиканы таңдаған кез келген жастың жүрегінде алдымен, халқына деген сүйіспеншілік қажет. Жүректе халыққа деген ықылас болса, журналистің міндеті мен әрекеттері өздігінше игілікке асатын болады.
Тағы бір ексеретіні, журналист тек ақпаратты айныйтпай қайталаушы емес, сол ақпаратты таратумен қатар қоғам санасына пайдалы әсер ете білу, яғни ақпаратты көркем тілмен тыңдарман көңіліне ұсынып, ұсынылған ақпарат арқылы сараптама жүргізіп, қоғам үшін дұрыс сана қалыптастыру қажет.
Сонымен қатар, журналистің жауапкершілігі де саламақты екенін ескеріп, оның қателесу құқының жоқтығын да айта кеткен жөн. Себебі, журналистің тұлғасы – халық төрелік ететін тұлға. Ал халықтың талқысы өте маңызды мәселе.
Жоғарыда айтқанымдай, журналистиканы таңдаудағы нақты мақсатқа бағытталған іс-әрекеттерім жүзеге асуда. Осы тақырып турасында қалам тартуым да болашақ мамандығыма деген ерекше құлшыныстан хабар берсе керек. Қазіргі жазбаларым–болашақ ел тағдырына байланысты салмақты мақалаларымның бастамасы деп санаймын. Мақсатың айқын болса бәрі мүмкін әрі қолжетімді!
Қолымдағы қаламның шебер ұшталуы үшін аянбастан еңбек ету – мен үшін міндет! Шебер ұшталған қаламмен өз мамандығымның шебері атанып, ел ертеңі мен халық қамы үшін қызмет етер азамат болуды парыз санаймын!