Көзқарас
Фейктерді жоққа шығарған ақпарат тиімді ме
Біз күніне сан мыңдаған ақпараттарды ой елегінен өткіземіз бірақ, барлығы да тегіс шындыққа ұласады деп айта алмаймыз. Бүгінгі ақпараттық кеңістік заманында қажетті ақпаратты іріктеп алу өте қиын, алайда мүмкін емес деуге келмейді. Әуелі, шексіз-шетсіз ақпараттық кеңістікте ақпараттың сенімділігін қалай анықтау керектігін қарастырайық. Ең қарапайым тәсіл – ол ғаламтор желісіне шығатын браузерлер арқылы іздеу.
Қазіргі таңдағы ең танымал әрі сенімді ақпарат көздері wiki сөздігі, ресми onlain-газеттер және отандық телеарналардағы ресми жаңалықтар. Бірақ халықта сөз бар ғой “бірбеткейлі адам бірлікті бұзар, теріс мінезді тірлікті бұзар” деген. Сондықтан толығымен объективті шешімді қабылдау үшін ресми ақпараттарды коммерциялық БАҚ өкілеті тарататын ақпаратпен салыстырған абзал. Мысалы, 21.01.2020 “Қытайда шұғыл жиын өтті. 14 дәрігер коронавирустың жаңа түрін жұқтырған” деген мақаланың өтірік я шындығына көз жеткізуіміз үшін 3 түрлі onlain газеттерден осы ақпарат жайлы іздейміз Іnformburo, Qamshy.kz, Tengrinews.
Егер ақпарат ескі болса, оның шындығына көз жеткізу әлде-қайда оңай. Себебі бұл жаңалықтың өзектілігі өшкеннен кейін, ол туралы жазатындар күрт азаяды. Ал егер жаңалық өзекті болса, бұл жайлы әр жерде әртүрлі ақпараттар шығып жатады және ақиқаттан жаңылып қалу ықтималдығы өте үлкен. Сонымен, бұл жаңалықты бірінші болып кім жазды екен? Informburo ма, Qamshy.kz пе әлде Tengrinews пе? Көп жағдайда бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін журналистикада бір жазылған жаңалықты бірнеше рет жазуға болмайды деген қағида бар. Бірақ мұңаюдың қажеті жоқ. Салыстырудың мақсаты - жаңалықты бірінші болып жазған газетті табу болатын. Бұл жаңалықты бірінші болып Tengrinews.kz onlain-газеті жазды. Оны қалай анықтадық? Өйткені алғашқы болып шыққан жаңалықтың үстінде жарияланған мерзімімен қатар уақыты да бірге жазылады. Ал өзге көшірмелерінде тек қана шыққан күні мен айы ғана жазылған. Tengrinews “Қытайда шұғыл жиын өтті. 14 дәрігер коронавирустың жаңа түрін жұқтырған” жаңалығын 21.01.2020 сағ. 09:18 жариялапты. Осында айта кетелік, мақаланың шыққан уақытын дәлме-дәл көшіріп жазуға болмайды және ақпараттың ұрланған кезінде әдетте ұрылар айыппұл төлеуіне мәжбүр, немесе сайттың саяси құқығының шарттарында (политика конфиденциялности) көрсетілген жазасы қолданылады. Есесіне, Informburo-ның, немесе Qamshy.kz-тің жариялаған жаңалықтарын өзге газеттер мерзімімен бірге толық нұсқасын көшіре алмайды. Мысалы, Informburo-ның 06.04.2020 сағ. 09:10 “коронавирус Қазақстанда: 6 сәуір хронологиясы. 78 адамның вирус жұқтырғаны анықталып, карантинге жабылған қалалар саны артты” деген мақаласын өзге газеттер көшіруге бел бумапты, демек осы ақпарат көзіне жүгінуге болады деген сөз. Бұл тәсілді телеарналар сайттарына да қолдануға болады. Негізгі ақпараттардың үстіңгі бұрыштарында сағатына дейін мерзімі көрсетілген.
Келесі қарастыратын сұрағымыз, күнделікті жаңарып отыратын ақпараттың ішінде өзіңізге керек ақпаратты қалай іріктеу керек екені жайлы. Сол баяғы ғаламтор желісіне жүгінуімізге болады. Мысалы, wiki сөздік. Бірақ бұл ақпарат көзінің айналасында қазақтар үшін басқа проблема бар. Wiki сөздіктің қазақша нұсқасында ақпарат саны шектеулі. 2020 жылдың 20 сәуірінде жасалған соңғы статистикаға сүйенсек, қазақ тілінде небәрі 226 419 мақала жарияланған еді және ақпараттарының көлемі жағынан 40-ші орында тұр. Ал қолданылу жағынан 41-ші орынды иеленді. Ол өте аз, өйткені wiki сөздіктің орысша нұсқасында орыс тіліндегі ақпараттардың көлемі 3-ақ айдың ішінде (2020 жылы 12 қаңтар мен 20 сәуірге дейін) 25,974 мақалаға артты. 12.01.2020-20.04.2020 (1,590 000 - 1,615 974). Әзірше қазақтың зиялы профессорлары мен талапты жастары бұл істі өз қолдарына алып, сөздікті қазақ тіліндегі ақпараттармен толықтыруда. Алайда, егер сізге шұғыл жағдайда бір нәрсе жайлы білу керек болса, wiki сөздіктің орысша нұсқасынан қарауға ешкім кедергі емес. Бірақ мүмкіндік болса, ғаламтордан көрі кітап оқыған абзал шығар.
Тағы бір талқылайтын мәселеміз дәлелденбеген ақпаратты тарату жайында және онымен күресу жолдары. Қазір What’s up messanger, twitter, Vkontakte, Instagram және т.б. сияқты әлеуметтік желілерде тіркелмеген адам жоқ шығар. Бірақ бәріне ортақ нәрсе - жалған ақпараттың кең таралуы. Жалған ақпарат дегеніміз не? Жалған ақпарат мәтін, фотосурет немесе видео (не болмаса, осы аталған тәсілдердің қосындысы) түрінде таралады және ол не жаман ниеттен, не біліксіздіктен шығады. Ондай жалған ақпараттың кез келген түрін фейк (англ. Fake – жалған, өтірік ақпарат, дұрыс емес мағлұмат) деп атаймыз және былай жіктейміз:
• Өсек. Оны көбінесе «сарыжағал» басылымдар пайдаланады және негізінен танымал тұлғалардың жеке өміріне қатысты болады. Өсек рас та, өтірік те болуы мүмкін, бірақ, басты сипаты – оның шын не өтірік екенін растайтын сенімді ақпарат көзі болмауы.
• Ойдан шығарылған. Аудиторияның эмоциясына әсер етуге арналған, ешқандай шынайы негізі жоқ толықтай өтіріктен құралған ақпарат. Әлеуметтік эксперимент жүргізу, жеке бас деректерін жинап алу мақсатымен немесе сатира үшін қолданылуы мүмкін. Мұндай ойдан шығарылған жалған ақпаратқа мысал ретінде үш омырауы бар әйел туралы жаңалықты атауға болады. Ол Крейг Сильверманның әлеуметтік желілерде фейк ақпарат оларды жоққа шығаратын жарияланымдарға қарағанда көбірек таралатынын дәлелдеуге бағытталған зерттеуіне негіз болды.
• Насихат және жаңылдыру. Ойдан шығарылған ақпарат коммерциялық, немесе зерттеу жүргізу мақсатын көздесе, насихат тек саяси мүдде үшін жасалады. Үш омырауы бар әйел туралы ойдан шығарылған өтіріктен ешкімге зиян келмеді, ал насихат пен ақпараттан жаңылдыру әлдекімді өлтіріп тынуы да мүмкін. Ақпарат көздеріне, ең алдымен журналистерге деген жаппай сенімсіздік туғыза отырып, насихат факт пен ойдан шығарылған өтіріктің ара-жігін өшіріп қана қоймай, қандай да бір әлеуметтік институттарға деген сенімді жойып, саяси оқиғаларға деген белгілі бір көзқарасты аса танымал ететіні соншалық, демократия құралдары қызметін атқара алмай қалады. Насихаттың 14 сипаты жайында “Медиакритика” басылымы жариялаған материалдан оқи аласыздар.
Түптеп келгенде, фейктер адамның дүниені қабылдауындағы осал тұстарды – ең алдымен, жаны ашу, дүниені тұтас қабылдау қажеттігі мен көмектесу ниеті сынды қасиеттерін аңдиды. Фейк жасауда мынадай тәсілдер қолданылады:
Біріншіден, эмоцияға әсер ететін тақырып қою. Мысалы, «Украин радикалдары Харьковта орысша сөйлегені үшін балаларды сабап кеткен», «Клинтон ісін тергеген ФТБ агентінің өлі денесі табылды» және т.б. Бұл тәсіл жалған ақпаратты әлеуметтік желілер платформасында тарату үшін қолданылады, өйткені мұндай тақырыптар адамның эмоциясына әсер етіп, ақпараттың қайдан шыққанын тексеру қажеттігін тұншықтырады.
Эмоцияны пайдаланатын тағы бір тәсіл негатив-нарратив деп аталады. Оған идеологиялар (фашизм, расизм), радикал діндерді (секталар, діни фанатизм, радикал ислам), ұлттық немесе тілдік сипатына қарай геноцид, әскери қылмыстар (терроризм, қинау, бейбіт тұрғындарға зорлық көрсету) аталатын фейктер жатады. Мысалы, «Бірінші арнаның» «Славянскіде ашаға керілген бала» туралы атақты фейк жаңалығы әлі күнге дейін насихатта негатив-нарративті пайдаланудың ең жарқын көрінісі болып келеді.
Фейк жасауда эмоциялық акценттен бөлек тағы екі тәсіл қолданылады: уақыт пен кеңістікті жылжытып жіберу (мысалы, Югославиядағы соғыс кезінде түсірілген фотосуреттер Донецкідегі оқиға туралы ақпарат ретінде берілуі) және материалды ұсынуда баланс болмауы (оның ішінде дәйексөздердің іріктеліп берілуі). Бұл жағдайда мәтіннің не сөйлемнің бір бөлігі жұлып алынып, белгілі бір тезистің дәлелі ретінде ұсынылады.
Көріп отырғандарыңыздай, фейк жасаудың аса қиындығы жоқ, өйткені, шындықтың интерпретациясы, оның үстіне, ол эмоциямен күшейтілген болса, қай кезде де шындықтың өзінен күштірек болады. Әйтсе де, бұның қанша қиын болғанына қарамастан, фейкті жоққа шығаруға болмайды деген сөз емес.
Верификация туралы сауалдардан ең көп еститінім – «Фейктерді жоққа шығарған ақпарат тиімді ме?». Зерттеулер көрсетіп отырғандай, фейктерді жоққа шығарған ақпарат фейктің өзіне қарағанда нашар таралады, ал фактчекингтің өзі фейкті қайтадан өзекті ете түседі. Өзім байқағандардан айтар болсам, «фейк-жоққа шығару» жұбын алсақ, фейкке көбірек назар ауады. Ал «фейк-жоққа шығару-фейк» тіркесін алсақ, екінші фейк біріншісіне қарағанда нашар таралады. Түптеп келгенде, фейктерге қарсы күрес одан кейінгі ақпаратты бұрмалауға деген талпыныс нашар таралуына әкеліп соғады, сөйтіп, шартты түрде айтқанда, «фейкке қарсы вакцинаға» айналады. Бұл тезис ғылыми зерттеулер арқылы да дәлелденген.
Ал ең дұрысы, адамзатты тәуелді қылған қалтафонға ұзын сары бой көтергеннен, түнгі айгөлек шыққанша дейін үңіліп отырмай, басқа да істермен айналысып, бос уақытымыздың орнын пайдалы заттармен толтырған жөн. Әлде телефонмен бірге біздің де қуатымыз өше ме? Ал бұл амалға көнбейтін адамдар үшін, What’s up-тан келетін әрбір болмашы нәрсені таратып, адамдардың мазасын алмауларыңызды сұраймыз. Амандықта жүздескенше ағайын және көзіміз ашық, көкірегіміз ояу болсын.