Сұқбат

Әр ақын заманын өзінше жырлайды

Жақсылық Асқарбекпен сұхбат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


«Өлең – жалғыздың жанайқайы» дейді жазушы Ө.Әбдіхалық. Иә, бүгінгі күнде де өмірің өлеңмен өрнектеп,қара сияны қасына серік еткен ақындар баршылық! Қолына қалам ұстап «Мен ақын боламын» дегендердің бәрінен ақын шықпауы мүмкін. Ақындық – әуелі Тәңірден берілетін талант, кейін теңіздің толқындары секілді шабыт болып тулай бере-тұғын қабілет. Т.Айбергенов «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым…» деп бекер айтты дейсіз бе?

Жүректерге жыр болып құйылу үшін, ғашықтың тілімен жырлай алу керексіңғой… «Ақын жүрегі – кіршіксіз махаббаттың кірлемес отаны» деген рас екен-ау! Өмірің өлеңмен өрнектеп, «махаббат» деп аталатын құдіретті сезімді жырларына қосып жүрген жандардың бірі – Жақсылық Асқарбек.

Жаныңда жоқпын мен енді,

Жырақтап өмір сүрерсің.

Мен жылап жазған өлеңді,

Күлімдеп оқып жүрерсің», – деп жырлай алу әркімнің шабытында шарықтай беретін жырлар емес. Жақсылықтың өлеңдерің де ерекше бітім бар,тіл бар, үн бар. Ең бастысы жасанды жырлардан аулақ ақын. Жүрегі «жыр» деп соғатын ақын ұлмен сұхбаттың өзі ерекше болды!

– Сұхбатымыз өлең жайлы,өзіңіз жайлы өрбімек. Әуелі өзіңіз жайлы айтып кетсеңіз деймін. Талап Таймасұлының бір сөзі бар еді «Ақын ол ауылда өседі» деген. Сіз қай жерден түлеп шықтыңыз? Қандай мамандықты таңдадыңыз? Бүгінгі таңда немен айналысудасыз?

– Талап ақын айтса,тауып айтқан екен!

Мен мың да тоғыз жүз тоқсан тоғызыншы жылы, Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қарасты Тана мырза ауылында дүниеге келдім. Мен бітірген мектеп те Құнанбайдың замандасы, атақты би Тана мырза атында болатын. Қазіргі таңда Семей қаласы, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде қазақ филологиясының «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша 4-курс студентімін. Ауылда тәрбиеленіп өсіп,қалаға келіп қалам ұстадық.

Жалпы, мамандығым да, ортам да – әдеби орта. Көпшілігі ақындар, өнер адамдары. Ал енді айналысу жағына келер болсақ, қолдан келген нәрсенің барлығымен айналыса беремін. Үнемі кітап оқимын, шығармашылықты ең бірінші орынға қоямын!

– «Айтамыз біздер ақын деп,

Адамды шоқ боп маздаған.

Ақынға керек ақыл көп,

Асаулық керек аздаған», – деген еді Қадыр ақын. Иә, расында ақынның сырласы – өлең, серігі – қалам, хатшысы – қағаз. Ал сіз қашаннан бері поэзияға бет бұрдыңыз? Алғашқы шимайларыңыз есіңізде ме?

– «Қазақты өлеңмен жаулап аламын» дейтін Қадырда арман жоқ шығар! Жалпы,ақынға мінездің керектігі рас. Мінезсіз әдебиет болмақ емес.

 «Ақын болу қашанда,

Айта білу деген сөз», – деп Қадырдың өзі айтпақшы,ұлтты тәрбиелеудің басты құралы – әдебиет! Оның жолында, көлденең көк аттылардың көптігі де өтірік емес, айтқан «асаулығы» осыған байланысты болса керек. Мен әліпті таяқ деп білмейтін кезімде жиі кітаптар оқитынмын. Ертегілер, мақалдар, әңгімелерге қатты қызығушы едім. Ақын болып, қалам ұстап кетуді мақсат еткен де, ойлаған да емеспін. Аудандық жарыстардың бірінде шығармашылық байқауда өлең жазғаным есімде. Бірақ тіл мен әдебиетке өте жақын едім.

Кейіннен қалаға келіп, орта көрдік. Достар таптық. Небір қасқалардың әңгімесін тыңдап,қызға ғашық болып,ақыры ХХ ғасырдың классигі Жұматай Жақыпбаев поэзиясынан бір-ақ шықтым! Қызығушылығым үлкен ортаға түскенде барып оянды деп айта аламын!

– Тамаша! Болашақта өлең жинағыңызды арнайы баспадан шығару ойыңызда бар ма!? Адуынды ақындарды жиып шығармашылық кешіңізді өткізу жайлы ойлап па едіңіз?

– Еее, ол әрбір ақынның арманы ғой. Кім баспаға өлеңін бермейді дейсің? Жалпы, мен өлеңнің жазылуын ешқашан жоспарлаған емеспін. Түсінікті болуы үшін,шабытқа байланысты деп айтайық. Ал кітап жағына келер болсақ, біраз уақыт керек те шығар деп ойлаймын. Қазіргі таңда мен ізденіс үстіндемін. Егер сәті келсе, алдағы уақытқа шығарып та қалармыз. Талант қартаймайды ғой, жалпы!..

– «Үлкен адам болу үшін ғаламда

Үлкен арман керек екен адамға», – дейді ғой М.Шаханов. Кешегі бала Жақсылық пен бүгінгі ақын Жақсылықтың айырмашылығы неде?

– Әрине, армансыз адам болмайды деп жатады.Бірақ,арманға жете алатын адам болады ғой. Біздің де мақсат – арман қазақ поэзиясына, әдебиетке үлкен үлес қосу. Бала Жақсылық бала болып ойнап өсті, ешкім бетінен қақпады, әжесіне еркелеп,ертегі тыңдап, кітапқа әуес болды. «Бөрі болып өсу үшін,бөлтірік болып туу керек» дейді.

Ақындық Құдайдан қонған дарын,талант! Ал қызығушылық, ұмтылыс, талпыныс білім алу адамның өзіне байланысты. Ақын Жақсылық деп оқырман қауым айта жатар. Ол жағын маған анықтау қиын. Жеке басыма байланысты өзіме баға бере аламын, ал шығармашылық жағына қатысты өнердегі ағаларым, өмірдегі достарым, оқырмандар бағасын бере жатар. Атақты да жүрек билейді ғой. Сондықтан өзіме салсаңыз өзімнің айтып беруім қиын!

– Поэзияда буын алмасу кезеңі әр дәуірді бөліп көрсеткендей әсер қалдырады. Қазіргі поэзия өкілі саналып жүрген сіз де, сіздей ақындар да жаңа поэзияның кірпішін қалап жатқандарыңыз бар. Қазіргі ақындарға қазіргі ақын ретінде көңіліңіз тола ма? Немесе «мына бір ақынның өлеңі тәуір еді, бірақ айтыла бермейді» дейтіндей замандас ақындарыңыз кездесе ме?

– Ол әсердің болуы әр дәуірдің ақындары өзі жеткен биігінде қалады ғой.Әр ақын заманын өзінше жырлайды. Қоғамға,саясатқа,көрген-білгенінен байланысты болар. Ғ.Мүсіреповте сөз бар: «Әдебиет – орман. Қайыңы да, емені де бар. Жел тұрса, құлайтыны да бар». Ең бірінші айтарым өзіміздің көзіміз көріп жүрген ақын-жазушылардың бағыты жаман емес. Керісінше, поэзия қазір жаңаша биікке көтерілген секілді. Сөз басында өзіңіз айтқандай біздің дәуірді біздің ақындар да ойдағыдай жырлап жатыр.

Тек халтураның көбейгені қарын аштырады. Ұйқас білмейтіндер өлеңнің мағынасына «ақыл» айтады. Поэзияға, сөздің шыны, қазіргі жастарда қызығушылық басым! Көңілім толмайды деп тап басып айту біздің сөз емес секілді. Біздің бағамызды алдыңғы буын өкілдері және келешек бере жатар. Мейірхан аға айтпақшы» алдыңды ойлап мүмкін емес алданбау, артыңды ойлап мүмкін емес күрсінбеу» болып тұрады.

Әдебиет, елдің болашағына алаңдау әр ақынның бойында бар. Олар сондықтан өлең жазады, сол үшін өмір сүреді деп ойлаймын. Замандастар қатарында мен білетін ақындардың өз оқырмандары,ортасы бар. Құдайға шүкір, танылмай қалған ақындар жоқтың қасы! Бұрынғы кезде саяси идеологияға байланысты, түрлі себептермен танылмай қалған ақындар бар. Ал қазір технология дамыды ғой, ешкім кенде қалып жатқан жоқ. Бірақ келешекте үлкен сұрыпталудың болатыны рас, ол оқырман қауым мен ақындардың өзіне байланысты.

Зорлықпен сүйікті бола алмайсың. Әдебиетте ұрпақ сабақтастығы үзілмейді,меніңше. Нәресте іштен сайрап тумайды,төңірегіндегілерден үйреніп барып сөйлейтіні секілді бір толқынды бір толқын қуалайды. Біз қазақ әдебиетінің алтын ғасырында дәуірлеген ақын-жазушыларды оқып барып, өз сүрлеуімізді саламыз деп ойлаймын. Өйткені Жұмекенше айтсақ, теңіздің тамшысынан да теңіз исі шығары анық! Мен сенімдімін!

– Иә, расында өзіңіз айта кеткендей ұйқас білмейтіндер өлеңнің мағынасына ақыл айтады. Поэзиямен танысқан осынша жылда мен ақындардың мына түрлерімен таныстым. Бірі ұйқас қуамыз деп, мағына деген дүниеден алшақтап кетеді. Ал бірі мағыналы нәрсе жазам деп, ұйқас келтіре алмайды. Қарапайым көзбен қараған адамға кәдуілгі проза немесе эссе боп көрінеді. Бірақ «өлең» дейді. Ал сіз мен айтқан осы екі түрлі ақынның қайсысын ақын дер едіңіз? Ұйқасқа қуғанды ма, әлде мағына іздегенді ме?

– Кеңінен тарқатып айтар болсақ, ақын адамның шықпаған шыңы,алмаған асуы болмауы керек. Сіз айтып отырған мәселелер шығармашылық адамының қолданысындағы детальдар, штрихтар іспетті. Шынайы, мағыналы өлең жазатын адамның ұйқас білмеуі мүмкін емес! Бұл белгілі бір даму этаптарына, тәжірибеге байланысты болуы мүмкін! Ешқашан өлеңге тақырып, мағына, ұйқас іздемеймін өз басым. Өзің не оқыдың,не түйдің, не сездің соны жазасың. Таза өнер бір сәтте екі тумауы тиіс. Ал оның құрылымына да тікелей өзің жауаптысың. Поэзияның белгілі мөлшерде талаптары, заңдылығы бар. Соған бағыну шарт. Ал ойлау, мағына мәселесі ақынның ішкі дүниесіне, дүниетанымына байланысты.

Ұйқастарының өзінде мағына жататын ақындар болады. Ол үлкен шеберлікті қажет етеді. Кейде ұйқастыра алмағаннан емес, байқамай қалатын ұйқастар да болады. Оған сырт көз сыншы. Жалпы,ақын деген осындай болуы керек деп нақты анықтама берген ешкім жоқ шығар. Оспан батырдың жауды санап соғыспайтыны секілді өлеңді ешкім қатып қалған қағидамен жазбайды. Кейде өлеңді бір сөзбен жандырып, бір сөзбен бүлдіріп алу да мүмкін!

Сіз айтып отырған ұйқас қуалау өлеңге аяқ басқан ақында алғашқы кезде болады. Бірте-бірте қалыптасатын процесс. Кейбір мағыналы дегеніміздің өзі төгілемін деп шашылып,құйыламын деп сұйылып жатамыз. Ол да рас. Өлеңге бей-жай қарамау керек. Бұл біздің басты ұстанымымыз! Салақтық-ақындық қасиет емес!

– Тамаша! Енді соңғы сұрағымды қояйын. Өмірің өлеңмен өрнектеп, поэзияның ақ босағасын жаңа аттап жүрген жас өрімталдарға аға буын ретінде ақыл айтсаңыз? Ақынға керек 3 қасиет қандай?

– Өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма айтарым жүзден жүйрік,мыңнан тұлпар шығады. Ал жүз жүйрік,мың тұлпар қатар шапса бірінен-бірі оза алмайды. Озса да бірінен-бірі қара үзіп кетпейді. Тұлпардан тұлпар озбағанымен олардың артында ор болып іздері қалады. Осыны түсініп келуді тілеймін.Сендер де кіл жүйрік болыңдар! Ақынға керегі алдымен адамгершілік! Мен осыдан қателік жіберген екенмін бірде.Сосын үнемі ізденіс,білім қажет. Яғни, еңбекқорлық. Егер Құдай берген дарының болса,оқысаң,білсең,көрсең түбі бір жерден шығасың!

– Сұхбатыңызға рахмет! Өлең өлкесінің майталманы болып,биік шыңдарды бағындыруыңызға тілектеспін!

Сұхбаттасқан:ДилназДидарқызы

БҚО, Жаңақала ауданы, Айдархан ЖОББМ-нің

10-сынып оқушысы