Тұнып жатыр жас көлшігі жанарда
Жасым шықса жаным рақат табар ма?
Жылау үшін жаңбыр керек далаға
Жылау үшін тұрам елең-алаңда.
Жалқы жүрек, жарты жаным жыртылып
Жанарымда тұрғандай бір мұң тұнып.
Жылап алсам жасымменен бірге ағып
Кетермін-ау бәрін-бәрін ұмытып.
Аспантаудан асқанда таң керіліп,
Жанарыма берейін бір еркіндік.
Тамшы жастар айналып ақ айдынға
Әппақ жырым жатсын содан табылып.
Таңғы самал құрғатсын кеп жанарды,
Қанша жылым жанарыма қамалды.
Ағылған жыр, төгілген жас мендегі
Таң нұрына ілініп-ап барады.