COVID-19

Коронавирусқа қарсы вакцина адамдарды чиптеу емес – Билл Гейтс

Билл Гейтс өзі және чиптеу жайлы дақпыртқа қатысты: Мұны сөз етудің өзі артық...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Америкалық кәсіпкер, Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс өзі және әлемдегі адамдарды жаппай чиптеу жайлы қастық теориясына қатысты пікір білдірді.

Коронавирус пайда болғалы бері әлеуметтік желілерде және Интернетте жаппай вакцинаны адамдарды чиптеу, сол арқылы оларды бақылауға қолдануды көздейтін Билл және Мелинда Гейтс қорының пандемияға қатысы бар деген қауесеттер тарады.

«Мен ешқашан микрочиптермен айналысқан емеспін. Бұл дақпыртты жоққа шығарамын. Оны сөз етудің өзі артық. Өйткені бұл тым ақылға қонбайтын жабайы дүние», - деді Гейтс журналистермен болған кездесуде. Бұл туралы Business Insider жазды.

Сонымен қатар ол кедей елдерге коронавирусқа қарсы вакцина сатып алатын жаңа қор құрылғанын жариялады.

Гейтстің айтуынша, алғашқы вакцинаны эпидемия жалғасып жатқан елдердің дәрігерлері, содан кейін - құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайды жою қызметінде жүргендер қабылдауы керек. Егер олар қорғалған болса, онда ауруды ары қарай жұқтыруды тежеуге болады...

«... Мұны жаһандық масштабта жасау керек», - деп қосты миллиардер.

Билл және Мелинда Гейтс қоры Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының екінші ірі доноры болып табылады. Олар 2018-2019 жылдары ұйым бюджетінің 9,76%-ын қамтамасыз етті. Қор дәрі-дәрмектер мен вакциналар саласындағы зерттеулерді қаржыландырады.

zakon.kz