Weekend
Қойылымның экспозициясының өзі қызықты шешілген
"Кісі еліне айламен, қулықпен келген оңбайды, жақсылыққа берілген ақыл мен күшті зұлымдыққа жұмсағанның арты, міне, осылай болады!"
Өркениетпен қатар дамып келе жатқан бүгінгі жас буынның санасына өз түп тамыры, әдебиеті мен тарихын жаңғырту аса маңызды. Әсіресе, соңғы онжылдықта бұл мақсатта қарқынды жұмыс жасалып жатқаны белгілі. Аңыз-ертегілердің, жыр-дастандардың негізінде анимациялық фильмдер дүниеге келіп, ел аузындағы аңызға айналған қаһармандардың кішкентай көрермендер алдында бой көрсетіп жатқаны қуантады. Бұрын ата-әжесінің аузынан еститін батырлық дастандар мен ертегілерді бүгінде ғаламтор, телевизия секілді өркениет жемісі алмастырғаны жасырын емес.
Осы ретте театрдың да бала тәрбиесінде атқаратын өз функциясы бары белгілі. Оның ішінде, өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, әлем жайында түсінігін қалыптастыратын һәм киелі сахна өнерімен алғаш қауыштыратын – қуыршақ театрының балалардың тұлғалық дамуында алатын орны ерекше. Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры өзінің 85 жылдық тарихында осы миссиясынан жаңылған емес. Керісінше, үздіктердің қатарынан табылып, өз көрермендерін көркемдік деңгейі жоғары, тәрбиелік мәні зор қойылымдарымен қуантуға қашанда асық.
Театр репертуарындағы отыздан астам спектакльдің барлығы дерлік осы аталған белгіге сай дәрежеде. Солардың ішінде біздің тоқталатынымыз – «Қаңбақ шал» қойылымы.Қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері Құралай Ешмұратова сахналаған спектакль тек өз көрермендерінің ықыласын ғана емес, шетел асып, түрлі фестивальдерден жүлде алған. Солардың айтулысы 2010 жылы Прагада (Чехия) өткен Дүниежүзілік қуыршақ өнері фестивалінде бас жүлдені жеңіп алуы. Сондай-ақ, 2017 жылы 28 мамырда Кишинев қаласында (Молдавия) өткен «Под шапкой Гугуцэ» атты Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры жиырма бес мемлекеттің театрлары арасында озық өнер көрсетіп, «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» марапатталған. Расында, қойылымның құндылығы – төл мифологиямыздан алынған кейіпкермен өлшенбек. Жалпы, қай театр қай елге бармасын, басқалар бірінші кезекте сол театрдың спектаклінен өз елінің, өз менталитетінің, өз мәдениетінің нышанын көргісі келетіні анық. Сол секілді, «Қаңбақ шалды» көргендердің бәрі де қазақ руханияты мен дүниетанымына сапар шегеді.
Спектакльде сахнадағы актерлер балалармен тікелей байланыс жасай отырып, ортақ атмосфера құра отырып оқиғаны өрбітеді. Осы белгісіне қарап, қуыршақ театрының хас шебері қойған деп айта аламыз. Қазақ қуыршақ театрының айналған Құралай Ешмұратованың бала қиялына қанат бітіруде еңбегі өлшеусіз. Ол «Қаңбақ шалда» да айқын көрінді.
Қойылымның экспозициясының өзі қызықты шешілген. Оқиға бірден Қаңбақ шал мен кемпірінен емес, сахнаның артындағы режиссердің:«Ертекші әжей келді ме? Қап, енді не істейміз?», - деген сөзінен бастау алады. Қобалжып сахнаға шыққан режиссердің (актер Шоқан Құлназаров) балалармен бірден байланыс орнатуы олардың алда не болатынына дайындалуына, оқиғаға бейімделуіне ықпал етері даусыз. Ертегі оқуға екі әжей қатар келіп, «мен айтам да, мен айтам» деп таласқа түскені де балалар үшін қызықты шешім. Ақыры, әжейлер бір мәмілеге келіп, ертегіні бірге баяндауға көшеді. Осы тұста сахнадан қуыршақ Қаңбақ шалды көреміз.
Жел бола қалса, асу-асу белдерден, өзендерден, көлдерден, тау мен тасты аралап кететін Қаңбақ шал – біраз бала үшін таңсық кейіпкер. Неше түрлі фантастикалық қаһармандармен таныс балақайлар үшін «суперкүшке» ие кейіпкердің алдарында шал болып шығуы, жай шал емес, кішкентай қаңбақ шал болуы, шынында, күтпеген жайт. Қуыршақ шалды жүргізетін ертегі айтып тұрған әжейлердің бірі (актриса Толқын Тілеулиева) «Әлгі менің кемпірім қайда? Әй, кемпір?» деп шақырғанда екінші кейіпкерді, яғни, қаңбақ шалдың кемпірін ұстап екінші ертекші әжей шығады (актриса Марал Тәуекелова) Екеуінің арасындағы диалог өрбіп, классикалық кемпір мен шалдың әңгімесінде бірі шалды, бірі кемпірді сөйлетіп, жүргізіп тұрған қос актрисаның шеберлігі байқалады.
Қолына қармағы мен шелегін ұстаған Қаңбақ шалдың өзенге келуін ортадағы декорацияға көк мата жалғап жіберуі арқылы көрсеткен. Жалпы, қойылым сценографиясында айтарлықтай ерекшелік жоқ. Декорация оқиға мен кейіпкерлердің артқы фонында қалған десек, артық айтқанымыз емес. Өйткені, артқы мата да ортадағы дөңбешік те, әлгі көк мата да қарапайым, үйреншікті элементтер. Актерлер сахна ауысқанын өздерімен бірге ағаш, киіз үй секілді декорацияларды, ыдыс, көрпе, көпшік, асық сиқты түрлі реквизиттерді алып шығу арқылы білдіреді. Бірақ, осының барлығы шебер актерлік ойын мен жүйелі сахналық рет бойынша жасалғаны көрініп тұр. Айналдырған үш актер сегіз кейіпкерді(Қаңбақ шал, кемпірі, түлкі, Қара дәу, Қызыл дәу, бірінші ертекші, екінші ертекші, режиссер)сомдай жүріп, әр бейнені тудырған сайын актерлік амплуасының кеңдігін дәлелдей түседі.
Қойылымға ерекше әр беріп, балаларды күлкіге қарық қылатын сахнаның бірі Қара дәу мен Қызыл дәудің сахналары. Көрер көзге ұсқынсыз екі қуыршақтың тұлғалары Қаңбақ шалдан төрт-бес есе үлкен етіп жасалғаны ақталып тұр. Олардың асық ойнамақшы боп, «Мен бастаймын, жоқ, мен бастаймын», - деп таласқа түскені, санасқаны, арқан тартысқаны, кішкентай шалдың қулығының оп-оңай құрбаны болғаны – бәрі денесі алып болғанымен босбелбеу, күшті көрінгеімен, нағыз ақымақ дәулердің болмысын әжуалайтын шешімдер арқылы ұтымды жасалған. Осы тұста екі дәудің бейнесін нанымды, шебер жеткізген Ш.Құлназаров пен М.Тәуекелованың озық ойын өрнегін айтпай кетуге болмас. Олардың дауыстарын құбылтып сөйлеуі, қуыршақтардың эмоциясына байланысты қимылдар жасауы сәтті табылған. Актерлердің бейне жасаудағы ерекшелігінен бөлек, сахналық еркін серіктестігі де айқын байқалады.
Қырық минутты қамтитын бұл спектакль өз көрермендерін осы аз ғана уақытта баурап алары сөзсіз. Музыка, би, ән секілді көмекші құралдарсыз жасалған оқиға желісі балаларды қызықтырып әкете алады. Олар оқиғаға бірге еніп, «балалар, Қаңбақ шалға көмектесейік, бәріміз қолымызбен есіп, аузымызбен жел үрейік», - деген тұстардың бәрінде қосылып отырады. Осыдан бастап олардың санасында Қаңбақ шалдың кім екені сақталады. Тек ол ғана емес, оның оқиғасы да, спектакль соңында айтылатын: «Кісі еліне айламен, қулықпен келген оңбайды, жақсылыққа берілген ақыл мен күшті зұлымдыққа жұмсағанның арты, міне, осылай болады», - деген сөздері де есінде қалмақ керек. Ал, бұны есінде сақтаған бала – жаман бола қоймайды, керісінше, ізгілікке құштар болар.