Bugin

Ерте темір дәуірінде дамыған елдің өзі өндірген темір тұлпары қайда?

Бүгінгі мәселе

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ат – ер қанаты. Бұл өткен тарихтың еншісінде қалған, серілер мен батырлардың мініске көлік болған тұлпарлары. Көшпенді даланың тұлпарлары мініске де, сәнге де, жүріп-тұруға да жарады. Ол өз уақытымен өткен кезең. Қазір тұлпар қазақтың қазынасының бірі ретінде саналады. Әрине, мініске әлі де жарап тұр. Дегенмен, дамыған қоғамда «тұлпар» сөзінің алдына «темір» деген ұғым түсті. Темір тұлпар – бүгінгі көлік.

 

Осыдан б.з.б 1 мыңжылдықта ерте темір дәуірі басталды. Бұл кезең тас пен қола дәуірін ығыстырып, жаңа эраға ауысқан, өркениетке ұмтылған тарихи кезеңімен есте қалды. Ең қызғы аталған кезеңді бүгін темір тұлпардың түр-түрін шығарып жатқан Еуропа пен Жапония ғана емес, Орта азия соның ішінде қазақ даласы да бастан кешті. Кешіп қанай қойған жоқ, дамыды.

Қазақстандағы ерте темір дәуірі б.з.д VIII-VII ғасырда пайда болды. Тарихи еңбектерге қарап отырып, бұл кезеңде Еуразия кеңістігінде үлкен өзгеріс болғанын айта аламыз.

Ерте темір дәуірінде қазақ жерінде түсті металл қорыту, өндіру ісі өте жақсы дамыған.

Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жетісу жерлерінен табылған темір бұйымдар, өндіріс қалдықтары дәлел бола алады.

Қазіргі ғалымдар ерте темір дәуірінде металл өндірісін жетік меңгерген бізге «Дала өркениеті» деген атақ та берген.

Темір дәуіріндегі даму мен бүгінгі көлік өндіру саласын салыстыруға келмейді деп айтуға негіз бар да шығар. Алайда, өнідіріс, кәсіп, металл қорыту, өндіру, темірді қолдану неше ғасыр бұрын біздің бабаларымызда қалыптасқан болса, Еуропа мен Жапондардан қай жеріміз кем еді?

Совет одағының бодандығында болған күннен бастап, күні бүгінге дейін солардың көлігін тізгіндеп жүрміз: Лада, Жигули, Москвич т.б.

Бодандық құрсауынан шыққан «өз ағам» дейтін Өзбекстанның өзінде отандық көлігі бар. Шағын болса да «Matiz» көлігін тізгіндеп жүрген отандастарымыз жетеді. Бұл бергі жағы. 2017 жылдан бастап Өзбекстан төрт түрлі көлік маркасын шығаруды қолға алып, заводтары қызу жұмыс жасап жатыр. Біз ше?

Мәселе айту бар, ұсыну бар, бірақ шешім мен әрекет жоқ. Ат құлағында ойнаған қазақтың өзіне тән отандық бренд болатын темір тұлпарын өндіре алмауына не кедергі?

Біздің елде тек шетелдік көліктерді қайта құрастыру және өндіру секілді заводтар бар.

«Toyota Camry» көлігін «қазақтың тұлпары» деп мақтанып жүрміз. Шыны керек, асқақ бір мақтанышпен жиі сатып алып тізгіндейтініміз болмаса, бұл көліктің қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Жапонның көлігі екенін ашық айту керек қой.

Технологияның, ғылымның және өнідірістің дамуына миллиардтаған қаржы құйып, есеп беріп жатырмыз. Алайда, берілген есепті қарап отырсаңыз, тек бар дүниеге шекпен жауып жүргеніміз өтірік емес.

«Қазақтың көлігі» деп жар салып жүрген Toyota Camry 70 көлігінің салондағы бастапқы бағасы 9 260 000 теңгеден бастап 16 000 000 теңгеге дейін барады. Қалтасынан 16 миллион теңге шығарып өзгенің көлігін сатып алу мақтаныш емес. Өгей емес, өзіңнің отандық өніміңді жаппай сатып алып, соны сол елдің көшесінде тізгіндеу ауыз толтырып айтуға, жазуға тұратын мәселе.