Bugin
Ұстаздар неге қолдамайды?
"Я вас не понимаю!" деп Қазақстандағы орыстарың орысша жауап күтуден қымсынбайды, тіптен! Орыс, ағылшын тілдері Қазақстанда ортақ тіл дедік. Мақұл, көндік. Бірақ, баланың не жазығы бар?! Өз тілін қарқ қылмай жатып, бастауыштағы бала сабақты қалай үш тілде меңгермек?
Елбасымыздың "Болашаққа бастау, рухани жаңғыру" бағдарламасының мақсаты да осы үш тілділікке баулу болатын. Бұл әрине, дамушы 30 елдің қатарына қосылудың тиімді тәсілі. Бірақ, неге бірден, біртіндеп емес?
Мәселе не де өзі?
Жаман қазақ орысша сөйлейді. Халқыңды жаман дегің келмейді ғой! Бірақ, жамандары көп. Тілді әу баста-ақ шалаладық, қорладық, сөйлеуге ұялуға дейін бардық. Ашығын айтқанда, көрмегені жоқ тілдің.
Білесіз бе?
Өзге ұлттың сөзі өз тіліңде етістікке айналса, сол ұлттың тілінің жойылуына 2-3 жыл жетіп артылады екен. Қалжыңдап отырған жоқпын.
Мысалдарым сөйлесін:
"Давай, да ну, не хочу, спать хочу, рисковать" айта берсең көп. Ал осы сөздер қолданыста тым көп қой! Шыныменде күмән келтірмей ме?
Қазақ тілінің әлемдегі ең көркем тіл екендігінен қаншалықты хабардарсыз? Дүние жүзі бойынша ең сөздік қоры көп тіл - қазақ тілі екен. Тіптен, жырауларымыздың өзі бір жырды бастағанда көз ілместен 5-6 тәулік бойы күн түн демей оқып шыққаны рас. Айтамында енді, сан сапаға айналмаса жеме-жемге келгенде сан болудан қалады. Сол ауыз толтырып айтатын құнды тілімізбен қазір неге мақтана алмай қалдық?
Соңғы кездері елдің арасында ой пікір туындатып жүрген осынау үштілділік мәселесіне ұстаздарымыздың да көзқарасын білгенді жөн көрдік.
Ұстаздар сөйлесін:
Өмір Шыныбекұлы, ұстаз (Шымкент қаласы):
– Жалпы, неше тіл білсең де артық емес. Бірақ заңмен бекітілген мемлекеттік тілді шын мәніндегі «мемлекеттік тіл» ете алмай тұрған кезеңде оны абайлап іске асыру керек деп ойлаймын.
Біріншіден, бастауыш сыныптарда баланы ана тілінде оқытқан жөн. Осы сыныптарда баланың ақыл-ойы мен дүниетанымының негізі қаланады.
Екіншіден, үштілділік енген жағдайда ана тілі бұрын екінші санатта болса, енді үшінші санатқа сырғиды. Ата-ана көбірек шет тіліне назар аударатын болады.
Үшіншіден, балаларын қазақ мектебіне беру арқылы өздері де қазақ тілін үйрене бастаған орыс тілді қазақтар, тіл үйренуден бас тартуға мәжбүр болады. Енді олар баласына ағылшын тілін үйретуді басты назарда ұстайтын болады.
Яғни, қазақ тілін тереңірек білмекке оқушылардың уақыты бола бермеуі мүмкін. Ең қорқыныштысы енді оларда қазақ тілін үйренуге деген мотивация қалмайды. Қазақ тілінің ары қарайғы тағдыры не болады?
Төртіншіден, үштілділік енген соң, мамандар мәселесін шеше алмауымыз әбден мүмкін. Ағылшын тілін жоғарғы деңгейде үйрете алатын білікті маман 50-60 мың теңге жалақыға бола мектепте мұғалім болмайтыны белгілі. Сондықтан, бұл мәселеде тым абай болған жөн.
Абзал Алмұхан, Биология пәні мұғалімі (Орал қаласы):
– Үштілділік саясаты бұл мемлекеттік тілді ығыстыруға бағытталған саясат деп ойлаймын. Өзім түбегейлі қарсымын. Мемлекеттік тіл біреу болуы керек, ол – қазақ тілі. Қосалқы орыс, ағылшын тілдері қажет емес деп ойлаймын. Жалпы алғанда үштілділік мемлекеттік тілді сыйламайтындарға пайдалы. Үштілділікке мектептер де дайын емес.
Оқушыларға үш тілде оқу – өте қиын. Үштілді бірдей меңгеру үшін оқушыға үш бас керек. Мен биология пәні мұғалімімін. Қазіргі уақытта оқушыларға өз тілімде, мемлекеттік тілде биология ғылымын жүз пайыз жеткізе аламын, бірақ осы пәнді ағылшын тілінде оқушыға меңгерте аламын дей алмаймын. Бұл мүмкін емес нәрсе. Қай пәннің мұғалімі болса да осы шындықты мойындауы керек. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ғана «ағылшын тілін балаға жүз пайыз үйрете аламын» деп айта алуы мүмкін. Ал, басқа пәндердің ұстаздары ондай өтірікті айта алмайды.
Айман Сағидулла, ұстаз (Алматы облысы, Қарасай ауданы):
– Үш тілділік өзгенің қаңсығын, таңсық көру деген сөз. Қазақ тілінің тағдырын ағылшын тілі мен орыс тіліне байлап қою, өз анасын есік алдына шығарып тастаумен тең. Дамыған мемлекеттерде ғылым басқа тілде сөйлемейді. Ғылым даму үшін, бала ғылымды өз ана тілінде оқуға тиісті.
Қазақ халқы қазақ болып қалсын десе министр мырза ойлануға тиіс.
1. 5-сыныпқа дейін басқа тіл араластырмау керек. Тек қана бала ана тілінде білім алсын.
2. 10-11-сыныптардағы ғылыми пәндерді ағылшын , орыс тіліне байлағанды тоқтатсын. Ғылыми пәндер қазақ тілінде болуы керек.
Біздің қарсылығымыз өзге тілдерден қашу емес, ағылшын тілін пән ретінде оқытса да жеткілікті.
Халықты жаппай сауатсыздандыру кімге қажет болып тұр? Шенділер бір сәт өз тілі мен өз халқына қиянат жасап отырғандарын ойланса деймін.