Bugin
Жаһандану үрдісі
Бүгінгі заманның келбеті – жаһандану. Жаһандану ұғымын ғылыми айналымға 1980 жылдары американ экономисі Теодор Левит енгізген уақыттан бастап, оны түсіндіруге талпыныс әр қилы болды. Жаһандану үрдісі бүгінгі таңда экономикада, мәдениетте жалпы қоғам өмірінің барлық сатысында көрініс тауып отырған құбылыс екені ақиқат.
Қазіргі заманның негізгі басымдығы ақпараттық жүйелердің еркін қолданысқа енуімен тығыз байланысты. ХХІ ғасырды ақпараттық жүйелерсіз елестету мүмкін емес. Сол себепті де жаһанданудың осы күнгі келбетін де ақпараттық технологияларсыз елестетуге болмайды. Әрине жаһандану біүгін басталған үрдіс емес еді. Оның тамыры талай ғасырлардың қойнауына кетеді. Кейбір ғалымдар жаһандануды капитал ұғымымен байланыстырып, әлемдік аренаға сауда-экономикалық байланыстың қарқынды шығуымен түсіндіреді. Ол да бір шындық. Алайда, жаңа дәуірдегі жаһанданудың түр-сипаты, келбеті өзгеше. Бұл ақпараттық қоғамның, технологияның жетістігімен тікелей байланысты. Басқаша айтқанда, ақпараттық технология жаһанданудың жаны, қозғаушы күшіне айналды. Ақпараттық технологияларды инфрақұрылым ретінде пайдаланып отырған жаһандану ешбір шектеуге бағынбайтын деңгейге жетті. Бұл орайда түрлі мазмұндағы идеялар мен құндылықтардың таласы ашық жүріп жатқанын айта кету керек. «Әлемдік стандарт» статусына ие болған мәдени интерванция географияық тұрғыдан оқшаулауға көнбейтінін көріп отырмыз.
Қоғамдық ғылымдар жүйесінде әлеуметтік, саяси мазмұндағы ұғымдар мен бағыттар қалыптасып,айналымға дендеп енді. Космополиттік, пацифистік мазмұндағы халықаралық статусты иеленгенкөптеген ұйымдар пада болды. Бұл өз кезегінде белгілі бір суб мәдениетті қалыптастырып, маргиналдық топтардың көбейуіне ықпал етп отыр.
Ал бүгінгі жаһандану дәуірінде суб мәдени орталардың пайда болуы айқын көрінуде. Оның басты нысаны еліктеу. Ұлттық, отбасылық құндылықтар екінші орынға ығыстырылуының нәтижесі. Тіл мен мәдениетке артта қалушылықдеп қарайтын жастардың сол суб мәдени орталарға еніп, маргиналдана бастауы да ықпал етіп отыр.Бұл тілдің, дәстүр мен мәдениет сабақтастығының бұзылуы.
Яғни, жаһанданудың жемісі саналып отырған мәдени құндылықтар біздің қоғамды айналып өтпейтініне көзіміз ашық жетті. Ендігі мәселе қалай шешілмек? Дегенмен, жаһандану үрдісінің теріс ықпалы ғана болады деу қате пікір екені айқын.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Құбылған әлем жарысы, ақылды жанның табысы» деген ойы осы жаһандануды меңзегендей көрінеді. Әлемнің құбылуы заңдылық. Жаһандану үрдісін де сол құбылған әлемнің бір заңдылығы деп қабылдаған абазл. Демек, әлемнің құбылуынан табыс табу үшін оны дұрыс түсіну қажет.
Ақыл көзімен зер салар болсақ, жаһанданудың беретін құндылығымен қатар бүтін бір тіл мен мәдениетті, ұлттың өзегі саналатын дәстүрді жойып жіберу қауіпі бар жойқын құбылыс. Қазіргі жаһанданған әлемде ұлт өзінің орнын нық табуы үшін бірнеше факторды ескеруі аса маңызды:
Біріншіден – ұлт тілінің сақталуы және кең қолданылуы;
Екінші – дәстүр сабақтастығы;
Үшінші – тарихи жадының сақталуы.
Осы үш фактор ұлттық қндылықтардың қозғаушы күші болары анық.
Тіл – ұлттың тағдыры. Өйткені тілде мәдениет және ұлттық рух сақталады. Мәдениетті рухани әрі материалдық деп бөлсек, осы рухани мәдениеттің жаршысы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші құралы – тіл. Олай болса тілде халықтың өмір тарихы, жан-дүниесі жатқанын ескеру қажет. Ата-баба дәстүрі мен мәдениетін, руханиятын, тарихын, тұлғалары мен ұлылары тудырған шығармаларын өзге тілде түсінемін деу үлкен қателік. Мәселен, Абай,Шәкәрім сынды ұлт ғұламалардың шығармаларымен өзге тілдер арқылы танысу олардың жан дүниесі туралы толық мғлұмат бермейді. Басқаша айтқанда ата-бабамен сұхбатқа түсу мүмкін емес. Оларды түсіну үшін қазақ тілін білу аса маңызды. Себебі, олар өзге тілде сөйлеген жоқ, өзге тілде шығармаларын жазған жоқ. Айталық, Шәкәрімнің «Ең керекті үш сұрақпен жан құлағын қой бұрап» деген өлең жолын орыс тіліне аударып көрсек, түсініксіз сөйлем шығары айқын. Ол жердегі «жан құлағы» деген қазақы ұғымға ғана тән екенін жоққа шығаруға болмас.
Дәстүр – мәдениеттің сұрыпталып, ғасырдан-ғасырға жетіп келе жатқан ұлттың өмір сүруінің салты. Дәстүрде ұлт өмірінің өзіне ғана тән табиғаты жатыр. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген сөзді қазақ халқы атам заманда айтып қойған. Яғни, дәстүрдің тозығын қабылдамау деген ұғым біздің ұлттың тілінде тұр.
Тарихи жады – тарихты ұлттың өткен өмірі ғана деп қабылдауға болмайды. Ол ұлттың болашағы. Себебі өткенсіз келешек жоқ. Олай болса тарихты еске алу, оны оқып үйрену арқылы біз ұлтты танимыз. Оның өмір жолын танимыз. Тарихи жадысы жоқ елдің тілі де мәдениеті де жоқ.
Осы үш фактрды бірінен-бірін ажыратып қарауға болмас. Тілде – мәдениет, тарихи құндылықтар сайрап көрініп тұрады. Ал мәдениет пен тарихтілдің құдіретін айқындаса керек.
Алайда, әлемге ашылу ұлтты өсіретін құбылыс. Әлемнің озық үлгідегі мәдениеті мен өнерін қабылдау үздіксіз жүреді. Үйрену қашанда қажеттілік. Абайдың өзі өз заманында «орыстан үйрен» дегенді бекер айтпаса керек. Осы орайда, батыс мәдениетіндегі адам және өнер құндылығын бағалауды үйренудің қажеттілігі бар. Адамның құндылығы, оны бағалау жетілген қоғамның еншісіндегі іс. Еуропалық мәдениет пен өнердің алтын бесігі саналатын антика мәдениетінің белді өкілі Протагор атты философ «Адам барлық заттың өлшемі» деген мазмұнды ойды келтірген. Ойлап қарасақ бүгнгі Батыс өркениетінде адам құндылығы негізгі парадигма ретінде қалыптасты.
Өнерге деген аса құрмет әр кез көрініп отырады. Өнерге ғана емес оны жасаушы адамға деген құрметті, бағалау үйренетін мәселе.
Жоғарыда айтқан дәстүрдің озығын қабылдау, тозығынан құтылу ұлттық мәдениет үшін қажетті қадам. Ол жәй сөз бен шешілмейді. Ғылыми негізде зерттеу жүргізілу арқылы шешіледі. Соның негізінде белгілі бір идеологиялық концепция жасалу шарт. Ол концепция әрине цензураға, өнерді шектеуге негізделмеуі керек. Өнер ашық бәсекеде шыңдалады. Өнердің жолы шығармашылық жолы. Шығармашылық дегеніміз ізденіс. Өнер ол шектеу мен белгілі бір қалыпқа салынған кезде даму болмайтыны белгілі. Өнер еркіндікті талап етеді. Дегенмен, еркіндік деген ұғымды асыра пайдаланып, ұлт құндылығын тәркі етпеу қажет. Ол үшін өнердің бағалануы дұрыс жолға қойылғаны жөн.
Өнер мен өнерді жасаушы адам жоғары бағаланбай өнерде серпіліс болмайды.
Мәселен, қазіргі жастар арасында қызығушылық тудырып жүрген музыка саласындағы көрініс. Айталық, 91 тобы, немес сол мазмұндас топтар мен әншілердің сахналық стилі. Бұл да ізденіс екенін ескеру керек. Демек, жастарда сол бағыттағы музыка жанрына сұраныс бар. Корей елінен келген бұл бағыт жаһанданудың бір сипаты. Аталып отырған топты сыртқы келбеті үшін сынауға болар, бірақ ізденісі мен еңбектерін жоққа шығаруға болмас. Сұранысқа жауап деп қабылдау керек. Ал,бүтін бір халықты солар бұзады деу қате пікір. Оларға дейін де рок, поп музыка жанры жастар арасында кең тарағанын ұмытпаған жөн.
90 жылдары қазақ тілді және орыс тілді эстрада деген ұғым қалыптасқаны белгілі. Отандық музака екіге бөлінді – қазақ және орыс болып. Саралап қарасаңыз орыс тілді деген эстрада қазір ығысты.
Оған себеп, әлемдік музыканың жетістіктерін қазақ тіліндегі мәтіндермен әрлеу бәсекеге төтеп беруге септігін тигізді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оны заманға сай етіп көрсету көп ізденісті талап етеді. Дәстүрді көненің қалдығы деп қабылдау адасушылық екенін дәлелдеу керек. Мәселе сонда. Қалай дәлелдейміз? Цфорлық әлемде ұлттық мәдениет пен өнерді көпшіліктің сұранысына қалай өткіземіз?
Ұлттық өнердің бәсекеге қабілеттігін арттырузаман талабы. Заманның сұранысын сезу, соған сай ізденіске түсу, еңбектену бәскені арттырады. Шығармашылық ізденістің плагиатқа ұласуы өнерді дағдарысқа түсіруде. Қайталау үшін де оған өзіндік сипат, әр беру маңызды. Дегенмен, жаңа жолмен жүру үшін ол жолды өзің салу кереке екенін ұмытпаған абзал.
Қазіргі Қазақстандағы айтылып жүрген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын да терең түсінуіміз керек. Түбегейлі жаңғыруға түсу үшін ең әуелі сананы өзгерту керек. Ол еңбек, ізденіс, білім мен ғылым, өнер мен дәстүр жаңғыруына ықпал етері сөзсзі.
Ізденіс бар жерде еңбек бар. Еңбек бар жерде қашанда нәтиже бар.
Жаһанданудың ықпалында кету оңай, ал оның мүмкіндіктерін оң пайдалану күрделі іс.
Мәдениет пен өнердегі жаңаруды еңбектен, шығармашылық ізденістен көремін. Ал құлдырауды көзсіз еліктеу мен көшіріп қайталаудан көремін. Бұл тұста еліктеу мен үйренуді шатастырмау қажет. Біз үшін әлемнің технологиясы мен жетістігі, білімі мен ғылымы, адами құндылықтары бағдар болса, негізімізі тіл мен ұлт дәстүрінде, мәдениетте.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Джозеф Юджин Стиглиц. Глобализация: тревожные тенденции. Перевод с англ. Г.Г. Пирогова. М.; Мысыль, 2003. – 300 с.
2. Флорида Ричард. Креативный класс: люди, которые меняют будущее. – Пер. с англ. – М.: Издательский дом «Классика ХХІ», 2005. – 421 с.
3. Т.К.Бурбаев. Жаһандану жəне қазақ менталитеті. https://articlekz.com/kk/article/15682
Аружан КӨРКЕМ
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық
өнер университетінің 3 курс студенті