Weekend
«Дүние ғапыл» хақында
Әбіш Кекілбайұлы – талант! Үлкен талант! Ал нағыз талант – бәрінен бұрын ақын. Әбіш те әдебиетке өлеңдетіп келді. Мұнысы заңды еді. Егер ол тумыстан ақын болмаса, әдебиетке өлеңсіз келсе, қазіргідей жан-жақты, көп қырлы – әрі саңлақ суреткер, әрі ғұлама ойшыл, әрі сұңғыла шешен, әрі көреген көсем... болмас еді. Осылардың бәрінің төркіні ақындықта жатыр.
Кекілбайұлы – қаламгер ретінде де, қайраткер ретінде де қанатты Кісі. Мұның тамыры да ақындықта. Жалғыз-ақ мынаны ескеру шарт: қанат тауықта да бар, бірақ тауық ұша алмайды. Ал ақынның қанаты – тауықтікі емес, қыранның қанаты; ұшатын қанат! Самғайтын, парлайтын қанат!
Кейде маған оқыс ой келеді: задында, ақын емес қаламгер тауық секілді де, ақын-қаламгер қыран тәрізді...
Әбіш, жұртқа мәлім, кейін поэзиядан сынға, одан прозаға көшті. Осы топтамаға тіпті драмасы да кіріп отыр. Демек, ол – жазушы, сыншы, драматург. Бола берсін, бәрібір... ол осының бәрінде де ақын. Қай жанрда да тауық секілді тұғжыңдап, жербауырлап қалмайды, қыранша қанат қағады, кең көсіледі, серпіледі, шамырқанады, шалқиды. Оқырманын енжар, бейтарап қалдырмайды, оятады; әуелі оның жан-жүрегін жұлқып-жұлқып қалады, содан соң сілкіп-сілкіп алады, одан әрі оны да өзімен бірге шалқытып әкетеді.
Міне, қолыңызда «Дүние ғапыл» – Әбіштің өлеңдер жинағы.
Тағы бір ескеретін нәрсе: Әбіш өзінің ақындығына яки өлеңге кәсіп деп қарамаған, қасиет деп қараған. Өзінің құдай берген талантының бұл қырын жетілдірем деп жік-жапар болмаған, ұстартам деп қырнап-сырлаудан бас тартқан, сол әуелгі төлтума табиғи күйінде, сол баяғы көрген жерден көз арбап, көңіл баурайтын дәстүрлі қалпында қалдырған. Өйткені ол сөз өнеріндегі маманданған жанрым поэзия емес, проза деп білді. Сондықтан оның іргелі, күрделі туындыларының бәрі өлеңмен емес, көркем қарасөзбен жазылды. Алайда Әбіштің қарасөзінің өзі өлеңше оқылады. Оның прзасының өзі поэзия. Мұның себебі де сол әлгі айтылған туасы, табиғи қасиетінің яки ақындығының айрықша нұрлы, сырлы көрінісі.
Сөйтіп, Әбіш өзінің өлең сөзін жұртшылыққа жалаулатып ашық ұсынбай, жазу столының жәшіктерінде жасырып, шеберханасында бүркеп тастады; қоржын қазынасынан бөліп алып, қойын дәптеріне көшірді. Дабыраламай, үнсіз жазып жүрді. Қалам құрғатпапты. Сонда оның өлеңдері жұрт көзінен сырт, тек өзінің жеке-дара көңіл хошына, рухани қанағатына, жан тынысына айналды.
Десек те, «алтын кездік қын түбінде жата ма», міне, қынаптан жарқ етіп суырылып шықты.
Сұрақ туады: қалай, осы қылыш осы суырылған беті көп көзінше күн астында жарқылдай бергені жөн бе, әлде қынабына қайта түсіп, әлі де біраз жата тұрғаны дұрыс па?
Бұл сауалға жауап беру үшін «Дүние ғапылдың» пішініне тән бір, мазмұнына тән тағы бір, бас-аяғы екі ерекшелікке ерекше назар аудару қажет.
Алдымен, турасын айту керек, Әбіш өлеңдерінің көбі байырғы көне үлгіде туған. Автор, әлгі айтқанымыздай, өлеңнің түрін түрлеймін, пішінін жаңартам деп көп бейнеттенбеген.
Көнезаман ойшылдары өздерінің ұлылығын мойындағанда немесе мойындатқанда: біз өзімізге дейінгі ұлылардың иығында тұрмыз, қалай ұлы болмайық дейді екен.
Со секілді, қазіргі ең жас ақындардың өзі бас ақындардың иығында тұр. Олар өлең өрімін (инструментовкасын) бұрынғылар жетілдіріп жеткізген биіктен бастап кетеді. Өнерін содан әрі қарай өрбітеді. Кері қарай емес. Сондықтан олар жазған өлеңдердің мазмұны өмір-тәжірибесі тапшылықтан тайыздау жатуы мүмкін, бірақ пішіні жұмыр, шымыр.
Осы тұрғыдан келгенде Әбіш өлеңдерінің пішіні оқырман күткен деңгейден табыла бермей, тосын көзді тосырқатып тастауы ықтимал.
Ал енді Әбіш өлеңдерінің мазмұнына келсек, бай, мол, ұлан-ғайыр. Оның ойшылдығы да, биік талғамы мен терең толғамы да, туған халқының тағдыры мен талайына жан-жүрегімен тебіреніп шыбын-шіркей болған күллі күйініш-сүйініші, «қызғыштай болған есіл ердің» еліне құрбан болсам деп қанша ширығып, «күші қазандай қайнағанмен күресерге дәрмені» жете бермейтіні... бәрі-бәрі тұтаса тұнып тұр. Дәл осы арада заты ақын болғанмен ресми аты мен атағы аспандап тұрған Мемлекеттік хатшының қаламгерлік аңсары қайраткерлік мансабына кереғар келіп қалуы да мүмкін-ау!
Осы екі ерекшелікті бажайлап байқап, әліптің артын бағайық десек тұра тұру керек те; «Е, қайтер дейсің», өлең шіркін қаншама тізеге салып ием дегенмен бәрібір саясатқа бағынбайды, өткінші айғай-ұранға көнбейді десек «Дүние ғапылды» басып шығару керек.
Асылы, соңғысы дұрыс болар...
Қалай десек те «Дүние ғапылға» енген өлең-жырлар, сайып келгенде, Әбіштің "Абылай хан" дастанына дайындығы, өзінің осынау кең құлашты кемел туындысына келер жолдағы барлау байқауы, шығармашылық сапарындағы тағы бір биік белеске басып шыққан баспалдағы екені даусыз.
Зейнолла ҚАБДОЛОВ