Саясат
Меніңше, қазаққа бұрын да шегірткенің айғырындай дікеңдейтін, ал қазір ағармастай жала жапқан Қытай елшісін позормен елден қуып шығатын уақыт әлдеқашан жетті
Елшінің бұл мәлімдемесін кейбір қоғам белсенділері қазақ халқын басынғандық деп қабылдаған. Журналист Тоқтар Жақаштың жазуынша, мұндай елші елден қуылуы керек.
«Қытай елшісі қазаққа жала жапты!
Біздің дәрігерлер ковидті «белгісіз пневмония» деген сайын Қытайдың қыбы қанып барады. Жақында Қазақстандағы Қытай елшісі ресми сайтында «Қазақстанда белгісіз пневмония қатты тарап жатыр. Ол қауіпті Ковид-19-дан да сұмдық. Осы уақытқа дейін көптеген адам қайтыс болды, оның ішінде Қытай азаматы да бар», - деп ескерту жасапты. Тіпті, бұл кеселге қытайлар ресми түрде 哈肺炎 - яғни Ha fei yan деген атау беріпті.
Бұл сөзді қазақшаласақ, «Қазақ өкпе қабынуы» деп аударылады екен. Яғни біздің дәрігерлер диагностика жасай алмай отырған «қытайвирусты» енді қытайлар «қазақ өкпе қабынуы» деп өзімізге аударып тастап, тап-таза болып отыр», - дейді журналист.
Тоқтар Жақаштың жазуынша, Қытай елшісі тыңшылықпен айналысып отыруы да мүмкін.
Ресми дерек бойынша, бізде «қытайвирустан» 264 адам қайтыс болды. Ал Қытай елшісі: «Осы аурудан биылғы жарты жылда қайтыс болғандар саны – 1771 адам», - дейді. Ол мұндай статистиканы қайдан алды? Бұл нағыз шпионаж емес пе?
Мұның алдында Қытай басылымдары «қытайвирусты» «Қазақстан мен АҚШ Алматы маңындағы биологиялық зертханада жасап шығарды» деген ақпарат та таратқан еді.
Күні кеше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біздегі пневмонияны «диагностикасы толық қойылмаған қытайвирус» деп мойындады. Ал біздің биліктегілер Қытай елшісінің сөзін терістеді де қойды. Менің ойымша, қазаққа бұрын да шегірткенің айғырындай дікеңдейтін, ал қазір ағармастай жала жапқан Қытай елшісін позормен елден қуып шығатын уақыт әлдеқашан жетті! Қытай елшісі елден қуылсын!» деп жазған өзінің Facebook парақшасында.
Естеріңізде болса, бұған дейін Қытай елшілігі елде тараған белгісіз пневмонияны «Қазақстан вирусы» деп атап, «Қазақстанда коронавирустан да қауіпті вирус таралды» деп мәлімдеген. Елшіліктің мәлімдемесінен кейін кейбір қытайлық сарапшылар пневмонияның Қытайға таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдау керек екенін айтып, Қазақстан мен Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаңның шектесетінін ескерткен.
Көп өтпей, Батыс БАҚ-тары «Орталық Азия елінде өлім көрсеткіші коронавирустан жоғары жаңа вирус пайда болды» деген мазмұндағы ақпараттар таратты.