Weekend

100 жыл бұрынғы ЭКСПО-ға қатысқан тұңғыш қазақ

Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне қатысқан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ болатын.

- 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік ЭКСПО көрмесіне қатысу үшін Кеңестер одағындағы әр республиканың маңдайалды әнші, күйші, бишілерін шақырту басталады. Шетелде КСРО имиджін көтеру үшін Сталиннің өзі идеологияға сондай тапсырма береді. Оны ұйымдастыру сол кездегі РСФСР халық ағарту комиссары А.В.Луначарскийге тапсырылыпты. Оның тақырыбы «декоративтік өнер көрмесі» болған екен. Соған байланысты Луначарский Семейге жеделхат жіберіп, Әмірені Парижге аттанатын делегацияның құрамына алдырғысы келеді. Жеделхат мәтіні былай болатын: «Семей қаласы, Шығыс көшесі, № 78 кварталда тұратын әнші Әміре Қашаубаев Париждегі Дүниежүзілік көрменің этнографиялық концертіне қатысуға ризашылығы бар ма, осыны тез арада біліп, хабарлауыңызды сұраймын! РСФСР Ағарту Халық комиссары Луначарский». Қандай жағдай болғанын кім білсін, Семейдің сол кездегі шенеуніктері «бұл Әміре деген кім соншама Парижге баратындай» деп оны жібермей қояды. Болмағасын Луначарский екінші рет жеделхат жолдапты. Онда ол бірінші жеделхатқа жауапты тездетуді сұрап, Парижде болатын концерттің мемлекеттік маңызы барлығын жазған. Хабарды алысымен Әміре маусым айының ортасында жолға шығады. Бұл кезде Мәскеуде Париждегі Дүниежүзілік декоративтік өнер көрмесіне қатысу үшін әзірлік қызу жүріп жатқан еді. Үміткерлердің қатарында Украинадан О.Федеровская, Өзбекстаннан биші Тамара ханум, әнші Кари Якубов, Әзірбайжаннан Шевкет ханум Мамедова, Армениядан Сукиясов, Харибекишвили, Кахуров, Башқұртстаннан қурайшы Жұмабай Есенбаевтар болды. (Жұмабай Есенбаевтың атын атаған кезде Жарқын аға: «шіркін, ондай қурайшы дүниеде біреу-ақ қой», – деп тамсана басын шайқады. – ред.) Париждегі Концерт бағдарламасының сценариін дайындау Владимир Маяковскийге жүктеледі. Жалпы, осы жерде айта кетер бір жағдай бар. Негізінде Әміре мен В.Маяковскийдің арасында жақсы сыйластық байланыс болғанға ұқсайды. Осы жағы әлі зерттелмей жатыр.

      - Парижде Әміре атамыз неше концертке қатысқан? Олар қай жерлерде болды екен?

      - Бірінші концерт 20 шілде күні декоративтік өнер көрмесінің КСРО павильонында болды. Әртістер Париж театрларында барлығы 11 концерт береді. Барлығына да Әміре қатысып, «Бесқарагер», «Балқадиша», «Смет», «Дударай», «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Қараторғай», «Қызыл бидай» әндерін орындады. Әміре Париж сапарынан екі жылдан кейін Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Бүкіләлемдік музыка көрмесіне де қатысты. Айта берсе, әрине, дерек өте көп. Оны бір сұхбаттың аясына сыйғызу әсте мүмкін де емес.

      - Қазақстаннан тек Әміре ғана барған ба?

      - Иә, тек Әміре ғана барған. Сол кезде Парижде жүрген Мұстафа Шоқай атамыз Кеңестен келген делегацияны көргенде ерекше қатты қуанады. Тіпті, Әмірені көргенде жылап жіберіпті. Енді Мұстафа Шоқайға Кеңес үкіметі жау болғанымен, халқы жау болған жоқ қой. Олардың қасында бастан-аяқ бірге жүріп, қолғабыс берген. Парижді аралатып, қыдырып жүріп Мұстафа Шоқай естелік болсын деп, інілік ілтипатпен Әміреге бір жақсы костюм сатып әперіпті. Міне, бар болғаны сол ғана. Кейін осы оқиға әншінің басына бәле болып жабысарын қайран арыстар ол кезде ойламаған шығар? Елге қайтарында Мұстафа Шоқай Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтарға қаратып хат жазып беріпті. Бірақ Әміре атамыз оны жолда ұрлатып алады. Париждегі ЭКСПО-25 сапарынан ол Кеңес әртістерімен бірге тамыз айының орта шенінде Мәскеуге, одан Қазақстанға қайтып оралды. 

(Белгілі музыка зерттеушісі, Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жарқын Шәкеріммен сұхбат)

Дереккөз: alashainasy.kz Нұрсұлтан Оразымбет