COVID-19

51 дәрігер көз жұмды: Уәделі өтемақы қайда?

Дәрігерлерге арналған өтемақы күні бүгінге дейін төленбеген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елде коронавируспен күрес барысында көз жұмған дәрігерлердің саны 51-ге жетті. Басым бөлігі мемлекеттік наградаға ие болды. Оны марқұмдарының туыстары алып еді. Естеріңізде болса, қызмет бабында науқастанған, көз жұмған ақ халаттыларға өтемақы қарастырылады делінген болатын. Бірақ күні бүгінге дейін әлі төленбегенге ұқсайды. Неге?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қайғыдан қабырғасы қайысқан қария, өксігін тыя алмай тұрған ана. Аты жаман індет айналып өткен әулет қалмады. Марқұмдардың арасында кеселмен күрескен дәрігерлер де бар. Соңғы деректерге қарағанда көз жұмған ақ халаттылардың саны 51-ге жеткен. Оның 42-сі мемлекеттік наградаға ие болды. Шымкент әкімдігі медаль-орденімен бірге марқұмдардың жақындарына 1 млн теңгеден жәрдемақы беріпті. Бұл мемлекеттің өтемақысы емес, бата түріндегі көмек, дейді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент әкімі:

"Бата ретінде көмек ретіндегі ақша. Оны енді үлкен көмек деп айта алмаймыз, бірақ қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Ия, мемлекет тарапынан қайтыс болған дәрігерлерге заңды ретінде ары қарай ол да беріледі".

Ақтөбеде де марқұм болған дәрігерлердің жақындары наградаларын алып жатыр. Оңдасын Оразалин облыстық инфенкциялық аурухананы басқарған Қалихан Қозбағаровтың "Алтын жұлдыз" бен "Отан" орденін жұбайына табыстады. Коронавирустан көз жұмған Байғанин ауданының дәрігері болса, "Құрмет" орденін алды. Награда Күлай Егеубайдың қызына табысталды.

Әсел Бақытжанқызы, марқұм К.Егеубайдың қызы:

"Осы медицина саласында 35 жыл тынбай еңбек етіп, өте абыройлы болды. Бұл бірінші алып жатқан медалі емес. Жалпы көп еңбек сіңді медицина саласына. Көп рахмет еңбегін бағалағанына. Өте сыйлы, абыройлы азаматша болды. Бәрі өкініп жатыр, орны толмас өкініш".

Өзгенің өмірі үшін басын бәйгеге тіккен жандар қандай да марапатқа лайық екені даусыз. Осыдан үш ай бұрын жұмыс бабымен жүріп, науқастанған, мерт болған дәрігерлерге өтемақы қарастырылатыны туралы айтылып еді.

Ботагөз Жақсылықова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы:

"У нас две суммы есть: 2 млн тенге за заражение и 10 млн тенге в случае летального исхода".

Дәрігердің нақты науқасты емдей жүріп, дертке шалдыққаны не көз жұмғаны дәлелденуі керек ол үшін. Оны арнайы аймақтарда құрылған комиссия анықтайды екен. Денсаулық сақтау министрлігінің ішіндегі комитет төрағасы бүгін брифингке келіп еді. Қанша дәрігер өтемақы алғанын сұрағанда тосылып қалды.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы:

"Ни один медработник на сегодняшний день не получил до сих пор компенсацию? Я правильно понимаю? Просто чтобы не было вопросов. Давайте сделаем так, что дополнительно по данному вопросу я отдельно вам отвечу. То есть вы не готовы ответить на это? Я с вами свяжусь, спасибо!".

Сөзінен түсінгеніміз, әлі бірде бір дәрігер өтемақы алмаған. Оны төлеу туралы бұйрық Денсаулық сақтау және Еңбек министрлігіне ортақ құжат. Сондықтан ведомство басқаратын Біржан Нұрымбетовтен бір қайыр болар деп тағы сұралды.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

"6 Аймақтан 123 өтініш келіп түсті. Тәртіпке сәйкес, үш жұмыс күні ішінде Әлеуметтік сақтандыру қоры науқастанған дәрігерлерге ақы төлейтін болады. 123 өтініштің ішінде мерт болғандарға қатыстысы жоқ. Әзірге ондай құжат түспеді".

Демек 123 дәрігер жақында 2 млн теңге алады. Ал көз жұмған ақ халаттылардың расымен жұмыс бабында дертке душар болғаны әлі тексеріліп жатыр ма? Я болмаса, дәлелденбеді ме деген сауалдар ашық күйінде қалып отыр.

zakon.kz