COVID-19
Пандемия басталғалы коронавирус дертін жұқтырғандар саны 14,5 млн, ал 605 мыңға жуығы қайтыс болған
Оксфорд университеті ғалымдарының мәлімдеуінше, өздері дайындап жатқан ChAdOx1 nCoV-19 вакцинасы сәттілікке жол бастайтын секілді. Бұл күні әлемдік пандемиядан айтарлықтай зардап шеккен Франция міндетті бетперделерді жасап шықса, Дональд Трамп әлі де «ертегіге» сеніп жүр. Оның ойынша, Covid-19 өзінен-өзі жоқ болып кетеді.
Джонс Хопкинс университетінің ғалымдары былай дейді: «Пандемия басталғалы коронавирус дертін жұқтырғандар саны 14,5 млн, ал 605 мыңға жуығы қайтыс болған».
Оксфорд вакцинасы
Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының бірлесіп дайындаған ChAdOx1 вакцинасы әзірге ұтымды болып тұр. Біріншіден, аталмыш вакцина тығыз уақыт ішінде жасалды. Вакцинаны дайындау уақыты бұрын-соңды мұншалықты жылдам болмаған екен. Вакцина шимпанзеге қарапайым суық тигізгендегі вирустың негізінде жасалған. Оны ағза 19-nCoV вирусы деп қабылдайтын көрінеді.
Сонымен, 1077 адам қатысқан зерттеуден шығатын нәтиже: вакцина ағзадағы коронавирусқа қарсы антидене түзуге негізделген. Бұл туралы ғалымдар ресми мәлімдемелерінде хабарлады. Иммундық жүйе негізінде алып қараса, вакцина Covid-19 вирусына ұқсайды. Сол себепті екпе қабылдаған адамның ағзасы вакцинадағы вирустың қауіпсіз екеніне қарамастан антидене түзе бастайды. Айта кетерлігі, ағза иммунитетін күшейтуде антиденелердің маңызы зор.
«Вакцина дайын» дегенді естіген британ билігі бірден 100 миллионға жуық вакцина дозасына тапсырыс беріп үлгерді. Сонымен қатар британ билігі BioNtech, Pfizer және Velneva компаниялары дайындаған вакцинаның 90 миллион дозасын жеткізу мәселесін реттестіріп қойыпты. Биліктің жылдам дайындалған вакцинаға артып отырған үміті де зор, десе де вирусты толық жоятынына сенбейді. Тек өршіп кетпеуінің алдын алады дейді.
Британия білім министрі Гэвин Уильямсон Би-би-си-ге беррген сұхбатында алғашқы екпелердің 2021 жылдың басында басталатынын айтты. Соған қарағанда вирус әлі де жалғасады.
Коронавирустан зардап шеккен алғы шептегі мемлекеттердің диаграммасы
NYT: Пандемияның әсері туу процесіне де тиді
New York Times порталы ерекше мәлімдеме жасады. Карантин уақытында көптеген мемлекетте мезгілінен ерте босанған әйелдердің саны әжептеуір кеміген.
Бұл тенденцияны Ирландия, Дания, АҚШ, Канада сынды мемлекеттердің дәрігерлері атап өтті. Алайда мұның нақты себебі белгісіз, тек болжамдар ғана бар. Ғалымдар мұны да зерттеу нысаналарына белгілеп қойды.
Кей акушерлердің мәлімдеуінше, бұған себеп карантин уақытындағы таза ауа мен аналардың қан қысымын сирек тексеруден туындаған.
«Мезгілінен ерте босанудың алдын алу бүгінгі күнге дейін мүмкін емес еді. Тіпті оны зерттеудің өзіне ондаған жылдар кетер еді», - деді атланталық акушер Джеймисон Би-би-си-ге берген сұхбатында. Дания мен Ирландия университеттерінің ғалымдары Covid-19 бен мезгілінен ерте босану процесінің байланысын зерттеуге кірісіп те кетті.
Карантин бітсе де, бетперде шешілмейді
Франция билігі осы аптаны бетпердені міндеттеуден бастады. Пандемиядан аса зардап шеккен ел билігі вируспен түбегейлі күресті әлі де жалғастырып келеді. Бүгінде елде 500-ге жуық вирус ошақтары сақталған екен.
Президент Эммануэль Макрон маусымда коронавирусты «жеңгендерін» хабарлап, елдегі төтенше жағдайды алып тастаған. Алайда кей елді мекендерде вирус жұқтыру сейілмей тұр.
Сонымен дүйсенбіден бастап кез келген қоғамдық орында бетпердемен жүру міндеттелді. Оған бағынбағандар 135 евро айыппұл төлейді (біздің теңгемен шаққанда 64 мың теңгеге жуық).
Коронавирус кетеді!
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбідегі мәлімдемесінде вирустың күндердің бірінде жоқ болып кететініне әлі де сенеді.
«Түбі айтқанымның дұрыстығына көз жеткізесіздер. Вирус кетеді, бүгін тағы қайталаймын, вирус кетеді», - деді ол. Ақпандағы мәлімдемесінде АҚШ президенті вирустың «бір ғажайыппен» сәуірде жоқ болып кететінін айтқан еді. Ал қазір шілде, вирус өршімесе, кетіп жатқан жоқ.
АҚШ-тың өзінде өткен аптадағы көрсеткішке сәйкес, коронавирус дертін жұқтырғандар саны 70 мыңға жуықтаған.
Еуроодақ экономиканы қалпына келтіру мәсілесімен бас қатырып отыр.
Құрдымға кетіп жатқан экономиканы алдағы жеті жылда қайта тірілту үшін қанша қаржы жұмсау керектігі – Еуроодақ елдерінің басты сұрағына айналған.
Өткен жұмада басталған саммит 3 күнге жалғасып, ЕО лидерлері кеше, яғни дүйсенбі қайта бас қосты.
Мемлекеттер екі топқа бөлінді: коронавирустың кесірінен экономикасы құлдыраған мемлекеттер қалпына келтіруге 500 млрд еуро бөлінуін талап етіп отыр. Швеция, Дания, Австрия және Нидерланд бұл талапты шектен ығу деп санайды. Ел басшылары 350 млрд еуродан артық шығын шықпауы тиіс дейді. Алайда вирустан қатты зардап шеккен Испания мен Италия кемінде 400 млрд бөлінуін талап етіп отыр. Ақыры бір тоқтамға келе алмады.