Білім және ғылым
Ол «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалғанын атап өтті.
Биылғы жылдың наурызынан бастап теледидар мен әлеуметтік желіден тек ауыр індет жайлы ақпарға, негативке қаныққан халықтың көңілі бүгін бір сәтке марқайып қалды. Оған себеп – қазаққа «Әліппені» қайтарған министр Аймағамбетов.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиев 2017 жылы «Әліппенің» орнына «Сауат ашу» пәнін енгізген еді. Бұл халықты дүрліктірген, одан қала берді намысын таптаған мәлімдеме болды. Сағадиевтен «Әліппені» қайтарып, орнын босатуды талап еткендердің қарасы көбейді. Араға үш жыл салып ел тілегі қабыл болды десек те болады.
2019 жылы ҚР білім және ғылым министрі болып тағайындалған Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында қуанышты жаңалықты өзі хабарлады.
«Жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары “Сауат ашу” пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады», - деп жазды министр.
Ол «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалғанын атап өтті.
Бұдан соң әлеуметтік желіден қуаныштың лебі есті. Бірінен-бірі сүйінші сұрасқан, министрге батасын жаудырған халықтың жазбасына толды.
«Әліппе"
оралатын болды! Жұрт қуанышты. Ал осы «Әліппені»
мектеп босағасынан ысырып тастағандар кімдер еді? Олардың аты да ел есінде
тұруы керек. Шәкерімді атқан топты басқарған Қарасартов сияқты.
Жалпы осындай оспадар шешім қабылдағандардың аты жазылатын Қара тақта болуы
керек. Ұлттық Қара тақта.
«Пәлен жылы пәлен
деген министр «Әліппені» оқытпау туралы шешім қабылдаған», «пәлен жылы пәлен деген мекеменің басшысы
ел жаппай ауруға шалдыққанда қоймадағы дәріні бергізбеген» дегендей шерлі шежіре болуы керек», -
деп жазды желідегі парақшасына журналист Қайнар Олжай.
«Әліппе қайтарған министрді орнынан алып тастамасын! Қудаланбасын!» деп талап еткен желі қолданушылары да аз емес.
«Билікке дұрыс бір министр келсе, соңына түсетін әйтеуір біреу табылады. Асхат Аймағамбетов - білікті маман, қудалағанды қойыңыздар. "Әліппені" қайтарғаны үшін рахмет. Ертең орнына сорақы біреу келсе, білім мен ғылымды құрдымға жібереді. Қазақы азаматтың қадірін білейік», - деп жазды ұстаз Нұршат Жұмаділ.
«Асхат Аймағамбетов мырза, сіздің аты жаман аурудың өршіп тұрғанда қабылдаған оң шешіміңіз - балалар мен ата-аналардың, мұғалімдердің қауіпсіздігі. Қамқорлығыңыз үшін рақмет», - деп алғысын жаудырды Ақмарал Шатемірқызы.
Жас министр бұған дейін де өзінің ұтымды шешімдерімен көзге түсіп келеді. Министр тағына жайғасқан сәттен бастап-ақ мұғалімдердің жағдайына баса назар аударды. Ұстаздардың айлығын көтеру, қағазбастылықты жою, оқулықтардағы қателіктердің алдын алу сынды мәселелерді шешуді басты мақсаты етті.
Пандемия басталғалы мұғалімдерді де, оқушылар мен студенттерді де аман сақтап, оқу жылының сәтті аяқталуын онлайн режимде тұрақты қадағалап, білім саласына жақсы басшылық жасады. Біздің тілек – ұзағынан сүйіндірсін!