Weekend

Журналистика жұқтырған індет

Ақпарат ғасырының даму қарқыны  журналистиканың мүмкіндігін кеңейткенімен, жалған ақпараттың да өрістеуіне жол ашып отыр. Əдетте, қоғамды дендеген індеттің ілігі сырттан сығалайтыны секілді, бұл жолы ел асып келген эпидемия біздің журналистиканың да "имунитетін" əлсіретпей қоймады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

СРАС телеарнасының президенті, Канададағы беделді медиа тұлғалардың бірі Кэтрин Каноның: "Біз ақпараттың анықтығы мен шынайылығын қадағалауды қолдан жіберіп алдық. Адамдар мәтінді түгел оқымауы да мүмкін. Тек тақырыбын ғана оқып, ары қарай кете береді"- деген пікірі тура бізге қатысты айтылғандай. Пікір алуандығы сақтылып, цензура құрсауынан құтылған қоғам үшін өз ойын басқаға таңып қою қалыпты болып кеткен. Тіпті, оқырман назарын аударту үшін тақырыптың өзін өтірікпен өрнектейтінін көріп те, күйініп те жүрміз. 

Көз сүріндіретін көп жаңалықтың арасында адам назарын бұрып əкететін тақырыпшалар көп. Бұл бұқараның қате пікір қалыптастыруына себепші болып қоймай, жеке адамдардың азаматтық құқықтарына қол сұғылуына соқтырды. Оған мысал, жақында  желіде тараған "Жаңаөзенде 14 жастағы жасөспірімдер бас қосты" деген жалған ақпарат. 21 және 20 жастағы ерлі-зайыптылар суретті жеке парақшасына салған. Ол қолдан-қолға тарап, әр сайт ақпаратты нақтыламай таратқан.  Содан бері отау құрғандарына бірнеше ай болған шаңырақ заңды некелерін дəлелдеп əлек. Бұл - соңы айғайсыз аяқталған бір ғана мысал. Əлеуметтік-саяси, терорлық немесе діни мəселелер туралы жалған ақпар тараған жағдайда, бұндай жарияланымның  халық арасында дүрбелең  туғызу қаупі бар. Мəселен, "Білім министрлігі ОРАЛМАНДАРҒА мемлекеттік оқу грантын БЕРМЕУ туралы бұйрық шығарды" деген мақаланың өтірігі  расталмайынша, бұл түсініспеушілік ушығып кете жаздағаны есімізде.

 

Айтып отырғанымыз, ақпарат сапасының нашарлауы ғана емес, оның мүлде шындыққа жанаспаған күйінде халыққа таратылуында болып отыр. Ақпарат ағынының арасынан ақиқатын айырып алу халық үшін оңайға түспей тұр. Сапасыз сайттар мен сары басылымдардың сандырағы биліктің төртінші тармағы саналатын БАҚ құралдарының басын дауға қалдырып жүргені жасырын емес.Тексерілмеген факті мен нақтыланбаған жаңалықты жайып салу былай тұрсын, жаңсақ пікірді үдетіп үлгеретін əріптестер қатары күрт көбейді. Аталған дерттің айықпас түріне шалдыққан бұндай ақпарат жаршыларына "журналист" деген айдар тағуымыздың өзі күмəн тударыды. Сонда халықтың сенері кім? Бүгінгі БАҚ-тың берері қайсы? Бұл дертке дауа дəрумен бар ма?
Сырқат пайда болса, оның емі де болуы тиіс. Соңғы жылдары естіп жүрген фактчекинг терминін жалған ақпараттың алдын алушы "вакцина" деуге болады. БАҚ құралдарындағы күмəн тудыратын деректерді техникалық сараптауға арналған зерттеу құралы қазір де өз жемісін беруде. 
Журналистиканы-өндіріс, ақпаратты-өнім, оқырманды-тұтынушы деп қарастырсақ, халық өз қажетін өзі сұрыптауға мүдделі. Журналистика өзінің сапалы өнім шығару миссиясын атқара алмаған жағдайда, тұтынушы зардап шегері анық. Сондықтан, "журналист" деген желеуді жамылған жазғыштардың өтірігіне ұрынып қалмау халықтың іріктеу қабілетіне тікелей байланысты.