Шымкент

Шымкент базарлары қайта жаңғыртылуға дайын ба

Кәсіпкерлік

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанғалы, қаланың жағыртылуына қатысты заңмен бекітілген бірқатар талаптар пайда болды. Яғни, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі "Сауда қызметін реттеу туралы" Заңының 10 бабының 2-3 тармағына сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қаңтарына әмбебап сауда базарларының иелері Астана (Нұр-сұлтан қаласы) және Республикалық маңызы бар қалалардың (Алматы, Шымкент қалалары) аумағында орналасқан базарларды толық жаңғыртуды аяқтауға тиіс болатын. 

Алайда Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бұл талаптарды шымкенттік кәсіпкерлер әзірге орындай алмайды деген пікірде.

- "Бұған бірқатар себептер бар, біріншіден, Шымкент қаласы 2018 жылдың маусым айында ғана Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болды. Бұған дейін ол облыс орталығы болған және заңға сәйкес 2025 жылға дейін базарларды жаңғыртуы тиіс болатын. Бірақ жаңа мәртебемен Шымкент автоматты түрде Нұр-сұлтан және Алматы қалаларымен бір қатарға түсті. Сондықтан биыл базар иелері ағымдағы жылы жаңғыртуды аяқтай алмай отыр. Екіншіден, нарықтарды жаңғырту  кәсіпкерлердің жеке қаражатан жүргізіледі, өйткені бұл мақсаттарға мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Ал егер кәсіпкерлердің кредиттеніп, қайта кредиттенгенін және базарларды жаңғырту жаңа құрылыс жүргізгенге қарағанда 3-4 есе қымбат болатынын ескерсек,  біз жағдайдың толық түсіне аламыз", - деп түсіндірді Палата сарапшысы Бауыржан Бердалиев.

Сонымен қатар, сарапшы жаңғыртуды бүгінгі жағдайда жүргізу халыққа да, бизнеске де оңай соқпайтынын атап өтті.

Нарықты жаңғырту кезінде жалға алушылар сауда орындарын босатуы қажет болады. Яғни олардың барлығы жұмыссыз қалады. Ал егер Шымкентте 37 сауда базары (13 – мамандандырылған және 24 - әмбебап) болса, онда жұмыссыздардан әскер құруға болады.

- "Жалға берушілер өз кезегінде айналым қаражатынан қағылады. Бұдан басқа, жаңғырту аяқталғаннан кейін, базар иелері салынған инвестицияларды қайтару үшін сауда нүктелерін жалға алу ақысын көтеруге мәжбүр болады, бұл әрине, тауарлардың қымбаттауына әкеледі. Осыған байланысты, нарықтарға жалға алушылар үшін қаржылық залал келтірмей және рыноктарға қаржылық жүктемелерсіз біртіндеп, кезең-кезеңмен жаңғырту жүргізу тиімді. Ал бұл үшін бірнеше жыл қажет", - деп есептейді Палата сарапшысы.

Бүгінгі таңда бұл мәселе Мәжіліс депутаттарының отырысында нормативтік-құқықтық актіге түзетулерді қарау бөлігінде талқылануда. Егер нарықтарды жаңғырту мерзімін ұзарту мақұлданбаса, әлеуметтік шиеленіс және саудагерлердің жаппай наразылығы туу мүмкін, себебі бұл нарықтарда ең қарапайым есептеулер бойынша 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Ал бұл кем дегенде 20 мың отбасы.