Weekend

Тарих институтына 75 жыл

Тарих және этнология институты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тамыры тереңге жайылып, қатпарлы қиыншылықтардың қара теңізінен өтіп келе жатқан, елдің ықыласы мен алғысына бөленіп, ізденуші оқырманға сәуле шашқан Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына биыл 75 жыл толып отыр. 

Өткен уақыттың өзегін еске алар болсақ, алғаш 1945 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жарлығымен Тарих, археология және этнография институты болып құрылған болатын. Сол кездегі КСРО ҒА Қазақ филиалы Төралқасының төрағасы, КСРО Ғылым академиясының (ҒА) корреспондент мүшесі Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қол қойған қаулы бойынша Институт директорының орынбасарлығына тарих ғылымдарының кандидаты Х.Г. Айдарова және ғалым хатшысы болып Т.Ж. Шойынбаев бекітілсе, кейінірек 1946 жылдың ортасына қарай Қ.И. Сәтбаевтың ұсынысымен Институт директорлығына мемлекет және құқық саласының танымал маманы С.В. Юшков тағайындалады. Сол уақытта Институттың алғашқы құрылымы небәрі 3 бөлімшеден тұрды, әрі болашақтың негізі бола алды, олар: Қазақстан тарихы, Археология және Этнография.

Қойнауын тарихқа толтырып, негізін сапаға қалыптастырған Институтқа 1961 жылы ұлы ағартушы Ш.Ш. Уәлиханов есімі берілді. Сонымен Қазақ КСР ҒА Төралқасының 1991 жылғы 12 қыркүйектегі № 73 қаулысымен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты болып атала бастады.

Қазақ елі егеменді ел атанып, тәуелсіздік алған жылы Институт құрамынан археология бөлімі бөлініп шыққан болатын. Сол Археология инстиутына Тарих және этнография институтының дамуына орасан зор үлес қосқан қазақтың көрнекті ғалымы Әлкей Марғұлан есімі берілді. Институтта отандық тарих ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан белгілі академиктер А.Х. Марғұлан, М.-А.Х. Асылбеков, К.Н. Нұрпейіс, О. Смағұлов, Б.Е. Көмеков, ҚазКСР ҒА корреспондент мүшелері Г.Ф. Дахшлейгер, Б.С. Сүлейменов, профессорлар Х.А. Арғынбаев, Т.Б. Балақаев, А.С. Елагин, В.Я. Басин, Т.Е. Елеуов, М.С. Мұқанов, П.С. Белан, ғылым кандидаттары Б.Н. Әбішева, Е.А. Масанов, С.К. Ибрагимов, К.А. Пищулина, Ю.И. Романов, Н. Едыгенов, Е.Ж. Валиханов, Қ.С. Алдажұманов, З. Қинаятұлы және т.б. есімдерін мақтанышпен атауға болады. Осы ғылыми мекемеден еліміздің тарихы, этнографиясы мен мәдениетіне қатысты іргелі басылымдар жарық көріп, 1957-1959 жылдары «Қазақ КСР тарихының» екі томдығы шыққан.

Институттың мақсаты – тарих ғылымы, этнология (этнография) және антропология, тарихнама және деректану саласындағы іргелі ғылыми зерттеулерді дайындау және жүргізу болып табылады.

Жетпіс бес жылдық тарихы бар, алғашында үш қана бөлімнен құрылған Институтта бүгінгі күні 8 бөлім: Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы, ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы, Тарихнама, деректану және заманауи методология, Этнология және антропология, Тарихи демография және ҚХА, Дүниежүзі тарихы, Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімдері сапалы нәтижеге жұмыс жасап, жарқын жеңістер мен жетістіктерге толып отыр. 70-тен астам ғылыми қызметкерлер ізденіс үстінде адал еңбек етіп келеді. Институт бүгінгі күні мақсатты-бағдарламалық қаржыландыру, гранттық жобалар мен мемлекеттік тапсырыстар негізінде қызмет атқарып келеді. 

Соңғы жылдары Институт ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктерге жетті. Институтта жарық көрген ұжымдық және жеке монографиялар, архив құжаттарының жинақтары, конференция материалдар жинақтары т.б. отандық тарихтың негізі деп айтуға болады. Соның ішінде бұрын-соңды жазылмаған «Қазақстан тарихы. Энциклопедия» деп аталатын ғажап та құнды еңбектің екі томы жарық көрді. Еліміздің түкпір-түкпірі мен шетел архивтерінен әкелінген құнды құжаттар ғылыми айналымға енгізіліп елдің сұранысына сай сараланып келеді. Тек мұнымен тоқтап қоймай, Институт «Ұлы даланың Ұлы есімдері» жобасын толығымен орындап, өзіндік мақсат-мүддесін жоғары деңгейде орындап шығып, мультимедиялық портал іске қосылды. «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми-тарихи картасы жобасы орындалып, ол бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы сайтында серверлік платформа құрылды. «Архив 2025» бағдарламасы бойынша шетел архивтерінен тарихымызға қатысты құнды құжаттар мен материалдар әкелінуде.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 1998 жылдан бастап «Отан тарихы», 2013 жылдан бастап «edu.e-history.kz» электронды журналы және 2019 жылдан бастап «Түркістан хабаршысы» (tjournal.kz) атты ғылыми журналдар шығып тұрады. Ал 2019 жылдан бастап «Исторический ежегодник: избранные труды ученых ИИЭ» деп аталатын ғалымдардың мақалалары жарық көретін жинақ шығарылып келеді. Институттың ғылыми кітапханасы жаңа кітаптармен толығып, руханияты құнды ғылыми қор қалыптасуда. Е. Бекмаханов, М.-А.Х. Асылбеков, А. Нүсіпбеков, К. Нұрпейісұлы атындағы жекелеген кабинеттер ашылып, өмірлері өнегеге толы тұлғаларымыздың еңбектерін насихаттап әрі негізгі жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар Институтта тұрақты түрде Ардагерлер кеңесі мен Қамқоршылар кеңесі жұмыс істейді.

Институт үш жылдан бері, яғни 2017-2020 жылдары 100-ге жуық түрлі ғылыми-зерттеу институттарымен, отандық және шетелдік архивтермен, жоғарғы оқу орындарымен, музейлер және басқа да қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық жөнінде келісім-шарт жасасып, бірлескен жобалар ұйымдастырып, биікке талпыну мақсаттарын жүзеге асырып келе жатыр.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Жас ғалымдар кеңесі 2018 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қорымен «Қазақстан Республикасының ғылыми ұйымдарындағы және жоғары оқу орындарындағы ең үздік «Жас ғалымдар кеңесі» республикалық байқауының жеңімпазы дипломымен марапатталды.

 Жыл сайын дәстүрлі түрде Бекмаханов байқауы және Жас тарихшы ғалымдардың халықаралық конференциясы өткізіліп келеді. Сонымен қатар жыл сайын Инстиуттың үздің жас ғалымы анықталып, алғыс хатпен марапатталып, демалыс орнына жолдама беріледі. Биыл Институттың жас ғалымдары 2020-2022 жж. арналған ғылыми жобалар бойынша гранттық қаржыландырудың конкурсына қатысып, 2 жоба ұтып алды.

2014 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша магистратура мен докторантураға орындар бөлініп, ғылыми кадрлар дайындалуда. 2018 жылы Қазақстан ипотекалық компаниясының мемлекеттік бағдарламасы арқылы 6 жас ғалым пәтер кілтіне ие болды. Институтта кәсіподақ ұйымы белсенді жұмыс жүргізеді. Ай сайын 20 шақты Институт қызметкеріне тегін жол жүру билеті беріліп отырады.

Бүгінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бәсекеге қабілетті ғылым ошағының негізіне айналуда. Олай дейтін нақты себебіміз Орталық Азиядағы тарих саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу институтына айналуына толық потенциалы бар. Бұл біздің лексикондық емес, сапалы жұмыс пен заманауи жаһандануда ілгері, оқ бойы озық келе жатқандығымыздың кепілі болатыны сөзсіз. Күні кеше, 23-маусым күні Институт директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Бұл да Институттың үлкен жетістігі деп білеміз.

Лебаев Фархат Рашидұлы

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының ғылыми қызметкері, Phd докторант