Қоғам
Су – тіршілік көзі
Су – тіршілік ететін жалпы адамзат баласы мен табиғатқа ауадай қажет құбылыс. Себебі сусыз адам да, табиғат та, жан-жануарлар да өмір сүре алмайды. Сондықтан да, «Су – тіршілік көзі», - деп бекер айтылмаса керек-ті. Ал сол су дегеніміз не нәрсе, қандай құбылыс, қалай және қайдан пайда болған деген сұрақтарға жауап бере аламыз ба? Ол шынымен біз күнделікті күйбең тірлікте қолданып жүрген мөлдір, түссіз сұйықтық па немесе тылсым сырлы табиғаттың өзен, бұлақ, көл, теңіз секілді бір бөлігі ме?
Мүмкін, мүлдем басқа баламасы бар шығар?.. Ал химиялық жағынан судың құрылысын қайтпекпіз? «Судың формуласы H2O» дейміз, сонда таза әрі табиғи деп жүрген сұйықтықтың құрамында оттегі қайдан пайда болды? Міне, мұның барлығы сіз бен біз аса мән бермейтін, бірақ онсыз өмір сүре алмайтын, қазіргі кезде үлкен глобалды мәселеге айналып отырған судың қасиеттері.
Бүгінгі таңда, су әлемдік маңызы бар мәселе ретінде қарастырылады. Оның басты себептерінің бірі – су ресурстарының тапшылығы немесе шамадан тыс артуы. «Әлемдік жылыну» әсерінен Антарктида мұздары ерісе дәл қазір Жер шарының ¾ бөлігін алып тұрған су күллі ғаламшарды қамтуы ғажап емес. Дегенмен, әзірге судың жетіспеуі қатты алаңдатуда. Мысалы, бір Африка құрлығының су тапшылығы диқандарының егіншілігіне кері әсер етіп, Нигерия , Сомали , Оңтүстік Судан , Эфиопия сияқты мемлекеттердің азық-түлік жағынан тапшылық көруінің себебіне айналды.
Сонымен қатар, дүниежүзілік су қорларының ластануы да бүкіл адамзат қауымының өзекті мәселесі болып отыр. Әрине бұл мәселе біздің елімізді де айналып өтпеді, Қазақстан да ластанған су қорлары аз емес екені рас. Мәселен, Сырдария, Ертіс, Орал өзендері экологиялық апатты жағдайда. Судың ластануы көптеген инфекциялардың таралуына алып келіп, ең соңында су экожүйесін бүлдірумен аяқталады.
Ластану неден болады? Ластану табиғатқа адамзаттың қолдан жасаған апаты десек артық болмас. Теңіз жағалауларындағы қоқыс қалдықтары мен ауылдық мекендердегі көлдерден төрт түліктерін суаруы мұның айқын дәлелі болып табылады. Әрі ауыр өнеркәсіп зауыттары мен фабрикаларынан бөлінетін зиянды заттар мен өндіріс қалдықтары да жанында орналасқан су торабына кері әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Бүкіл әлем болып бұл мәселелердің шешу жолдарын қарастыруда және ол Біріккен Ұлттар Ұйымын да бей-жай қалдырмады. Қазір барлық мемлекет осы проблемаларды шешу үшін өз ұсыныстарын даярлауда.
Жоғарыда атап өткендей, судың сан қырлы қасиеттері бар. Ерекше бір қасиеті – көптеген дертке шипа бола алатыны. Яғни, емдік қасиеті. Әрине, ол таң қаларлық жаңалық емес, бәрімізге белгілі. Өйткені, біз тұмауратып қалсақ немесе қандай да бір инфекция жұқтырып алсақ, ағзамыздың 60-70% пайызының судан тұратынына қарамастан, дәрігерлер суды көбірек пайдалануға кеңес береді.
Мұнымен қоса, халқымыз шипалы су, артезиан суы деген сеніммен арнайы бұлақтарға, құдықтарға барып су алып жатады. Дегенмен, суды шамадан тыс пайдалануға да болмайтынын ескерген жөн, ол тірек-қимылдары жүйесі жұмысының баяулауына әкеліп соқтырады екен. Ғалымдардың зерттеуінше, жыл сайын судан тарайтын аурулардан төрт миллиондай адам қайтыс болады деседі. Су туралы біз естімеген құпиялар мен қызықты ақпараттар өте көп, әлі зерттелмеген тұстары қаншама десеңізші...
Мысалы, жапон ғалымы Масару Эмото бірнеше жылдар бойы судың қасиетін зерттеген екен. Ол тазартылған суды бір ыдысқа құйып, сол судың жанына адамдар келіп "махаббат", "періште" , "рақмет" деген сияқты сөздер айтқаннан кейін, осы суды қатырып, суретке түсірген кезде кристалдары керемет әдемі, үйлесімді болып шыққанын байқаған. Ал дәл осы суға “ыза”, ”соғыс”, ”өлім” сияқты жағымсыз сөздер айтқанда кристалдары мүлде басқа , бей – берекет, көмескі, қара лай болып шыққанын көріпті. Жапон ғалымы су біздің барлық эмоциямызды, сезімімізді, сөзіміз бен музыканы қабылдайтынын осылай дәлелдеген. Бұл зерттеу судың тіршілік көзі, ол да бір тірі табиғат екенін көрсетіп тұрғандай.
«Бұлақ көрсең – көзін аш», - демекші, су мәселесінің шешімі – адамзат. Егер біз суға өзіміз үшін аса құнды нәрсе ретінде қарап, қадір-қасиетіне жете білсек, бүгінгідей проблемаларға ұшырамас па едік, кім білсін?! Су адам ағзасына өте қажет, әрі сирек кездесетін минерал болғандықтан, оны үнемдеп пайдалануды естен шығармаған дұрыс.
Ішерге азық, дертке дауа болатын, жуынсақ тазалық сыйлайтын, қарапайым тіршілік көзіне де ұқыптылықпен қарағанымыз жөн. Проблемалық күйінен көңіл қуантарлық жағдайға көшіріп, мөлдір, тұнық қалпында, бар қасиеттерін сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізуіміз мына сіз бен біздің қолымызда!