Шымкент
Ақылды қала
«Smart city», бұл – «Ақылды қала». Еліміздің үшінші мегаполисі бүгінде ақылды, цифрлы және қауіпсіз қалаға айналып келеді.
Цифрлық сауаттылық – адамның өмірдегі барлық салада цифрлы технологияларды сенімді, тиімді және қауіпсіз қолдануға дайындық. Ол қазіргі таңдағы ақпараттық қоғамда қауіпсіздіктің негізі саналады.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағыты – Адами капиталды дамыту, оның ішінде халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру. Бұл тұрғыда цифрлық сауаттылыққа оқыту жалғасуда. Биылғы жоспар – халықтың цифрлық сауатының дейгейін 80,0%-ға жеткізу. Осы бағытта 12 мың адам цифрлық оқудан өткізілмек.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде ресми сайты ашылып, онда арнайы курстық оқыту бөлімі жұмыс істеуде. Сонымен қатар арнайы телеграм-канал да ашылған.
Жалпы, оқу 5 бағытта жүреді: «Базалық дағдылар», «Е-коммерция», «Ашық үкімет» порталы, «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері», «Электронды үкімет және электронды мемлекеттік қызметтер» вэб-порталдары.
Цифрлық сауат арттыру оқуына шымкенттіктер де қатыса алады. Курс маусым айынан бастап қазан айының соңына дейін жалғасады.
Енді үшінші мегаполистегі цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға келсек, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиев осындан біраз уақыт бұрын Шымкентте цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берген болатын.
Мәселен, Шымкент қаласы білім беру саласын цифрландыруда көш бастап тұр. Бұл салада балабақшалар, мектептер және басқа да білім беру мекемелеріне құжат қабылдау, жолдама беру бойынша сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер автоматтандырылған.
Шаһар басшысы Шымкентте «Ақылды қалалар» эталондық стандарты мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 негізгі саладан тұратын тұжырымдама жүзеге асырылып жатқанын және бұл бағыттағы жұмыстардың одан әрі жалғасатынын айтқан еді.
«Қаланы басқару» саласы бойынша «109» мониторинг және жедел ден қою қызметі» ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін қолданысқа енгізілетін болады.
Ал қала әкімінің бірінші орынбасары Е.Садыр денсаулық сақтау саласында медициналық мекемелер жыл соңына дейін 100% компьютерлік техникамен қамтылатынын айтады. Оның мәлімдеуінше, мегаполисте «103» жедел медициналық қызметін жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Жоба негізінде маусым айында тұрғындарға дер кезінде көмек көрсету, қоңырауларды үзіліссіз қабылдау үшін Call-орталық құру көзделіп, ашылды. Сонымен қатар, әкімдік тарапынан көрсетілетін 160 мемлекеттік қызметтің 141-і автоматтандырылған, бұл 88,1%-ды құрайды.
Бұдан бөлек, жер қатынастары саласын цифрландыру мақсатында өткен жылы halyksaulet порталы іске қосылды. Halyksaulet арқылы мекенжайға нөмір беру, оны нақтылау және жою қызметтері автоматтандырылған жүйе арқылы бір жұмыс күнінің ішінде ұсынылып жатыр. Бүгінде шаһарда бас жоспардың инвестициялық картасы (shymkent.genplan.kz) әзірленген. Ендігі кезекте Шымкент қаласының геопорталын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.