Әлем жаңалықтары
Елде аза тұту күні жарияланды. Екі апталық мерзімге төтенше жағдай режимі енгізілді.
Ливан астанасы Бейрут қаласындағы портта болған екі жарылыстың салдарынан 100-ге жуық адам қайтыс болып, 4 мыңға жуығы түрлі жарақаттар алған. Қала кварталының көп бөлігі қирады. Биліктің ресми мәліметінше, жарылысқа кеден қызметінің 2015 жылы тәркілеген, сол уақыттан бері қоймада сақталған 2,7 мың тонна аммиак селитрасының детонациясы себеп болды. Із-түзсіз жоғалғандар да көп, құтқарушылар іздестіру жұмысына қызу кіріскен.
Елде аза тұту күні жарияланды. Екі апталық мерзімге төтенше жағдай режимі енгізілді.
Рейтер басылымы жарылыстың басты себебі ретінде биліктің немқұрайлығы мен бірнеше жылғы әрекетсіздігін атап отыр.
Жарылыстың салдары экономикаға да кері әсерін тигізері сөзсіз. Ливан енді азық-түлік дағдарысына ұшырай ма деген қауіп басым. Себебі мемлекет имортқа шығаратын азық-түліктің басым бөлігі жарылған теңіз потртындағы қоймада сақталған екен.
Жарылысты көзімен көргендер әлеуметтік желіде түрлі видеолар мен фотолар жариялап жатыр. Байқағанымыздай, автокөліктер аударылып, айналасынан бөлек бірнеше қашықтықта орналасқан ғимараттар түгел қираған.
Оқиға орнында болып қайтқан Би-би-си журналисі теңіз портының қатты зақымданғанын әрі іске әзірге іске жарамсыз екенін жазды. Әрине, бұл оқиға мемлекет үшін ауыр соққы болды.
Жарылыстың жойқын болғаны соншалық, Бейрут қаласынан 240 шақырым қашықтықта орналасқан Кипр аралына дейін естілген.
Ливан БАҚ-тары ауруханалардың адамдарға лық толы екенін хабарлайды.
Ел президенті Мишель Аун үш күндік Аза тұту жариялады. Зардап шеккен орындарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына 100 млрд лир бөлуді (66 АҚШ млн доллары) тапсырды.
Бейрут қаласы апат алаңы деп жарияланды, билік қауіпсіздік мақсатында әскерді пайдалануға рұқсат алды.
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Ливандағы Қазақстан елшілігінің ғимараты бүлініп, консулдың жарақат алғанын мәлімдеді.
БҰҰ мәліметінше, Ливандағы бітімгершілік миссиясының әскери кемесі де бүлінген, бірнеше әскери зардап шекті. Сондай-ақ, зардап шеккендердің қатарында Германия елшілігінің қызметкерлері де бар.
Аун, 2750 тонна аммиак нитратының теңіз портында 6 жыл бойы сақталғанын әрі бақылаусыз қалғанын айтты. Әрі аталмыш іске қатысы бар адамдардың жазалануын талап етті. Президенттің бұл талабын Премьер-министр де қайталап өтті.
Аммиак нитраты дегеніміз не?
Аммиак нитраты немесе аммиак селитрасы көп жағдайда азот тыңайтқыш және жарылғыш зат ретінде қолданылады.
Тез жанғыш материалдар мен жанып тұрған оттың жанында жарылу қаупі тіпті басым. Аммиак селитрасы жарылғаннан кейін ауаға улы газдар, азот оксиді мен амииак таралуы мүмкін.
Оның қауіптілігі жоғары болғандықтан үнемі қадағалап отыруды талап етеді. Аммиак сақталған ғимаратта өрт сақталған болуы тиіс.
Сарапшылар жарылыстан соң болған қызыл түтіннің аммиак селитрасы екеніне сенімді.
БАҚ не дейді?
LBC Ливан телеарнасы, жарылыстан соң президент Аунның қатысуымен жедел отырыс өткен. Онда қалпына келтіру жұмыстары талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді. Портта дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, жарылған селитар Бейрут қаласына молдавалық Rhosus кемесі арқылы жеткізілген екен. Африкаға жол тартқан кеме тиісті ережелерді бұзғаны үшін Ливан билігіне ұсталған. Бұл ақпаратты ливандық LBC телеарнасы да айтты. Соған қарағанда басқа болжамдар жоқ.
2014 жылдың наурызында Интерфакс агенттігі Ливанда молдавалық Rhosus кемесінің ұсталғаны жайында ақпарат шыққан. Әрі борт ішінде ресейлік теңізшілердің болғаны хабарланған. Кеме тәркіленген соң олар да түксіз қалған еді.
Украиндық odessitua.com порталының 2014 жылғы мәлімдемесіне сәйкес, аталмыш кеменің иесі Ресей азаматы – Игорь Гречушкин.
«Қожайын Игорь Гречушкни кемесі жайлы мүлде ұмытты. Экипаждың қызметі үшін ақша да төлемейді. Естуімізше, банкротқа ұшыраған», - деп жазған кеме капитаны Борис Прокошев.
Теңізшілер кемеде 1 жылға жуық уақыт аялдап, 2014 жылдың қыркүйегінде елге қайтады.
Куәгерлер сөзі...
Би-би-си порталына сұхбат берген Хади Насралла:
Мен оттың жанғанын көрдім, бірақ жарылыс болатынын білмедік, түсініксіз еді. Ішке кіріп кеттік. Бір уақытта құлағым мүлде естімей қалды, соған қарағанда жарылыс тым жақын жерде болған.
Айналаға қарасақ, сынған әйнектер мен қираған көліктер. Таңырқап қалдық, әдетте жарылыс болса, бір үйді немесе ауданды ғана қамтушы еді. Бұл жолы Бейрутты түгел алыпты...
Суннива Роуз:
Біз Бейрут қаласына көлікпен кешке келдік. Көргеніміз – хаос. Көше сынған әйнектерге толған. Жедел жәрдем көліктері әрең өтіп жүр.
Порт жанына барғанымызда әскерилердің қоршап алғанын байқадық. Олар жарылыстың қайталануы мүмкін екенін ескертті.
Күн батқанша порт үсті түтінге оралып тұрды. Қала қараңғы күйге енді. Көшеде жүру мүмкін емес еді.
Менің жеке пәтерім де қирандыға айналды. Айтарға сөз таппай тұрмын.
Әлем реакциясы
Ливан премьер-министрі Хассан Диаб өзге мемлекеттерден көмек сұрады: «Одақтас әрі көршілес мемлекеттерден еліміздің басына туған ауыр күнді жазуға көмек сұраймыз», - деді ол.
Ұлыбртания премьер-министрі Борис Джонсон: «Бейрут жайлы видеолар мен фотоларды көріп шошып кеттім. Ойымыз да, дұғамыз да жарылыстан зардап шеккендермен бірге».
АҚШ президенті Дональд Трамп: «Біз жағдайды бақылап отырмыз және сұмдық оқиғаны бастан кешкен Ливанға көмек беруге дайынбыз».
Себастиан Ашер, Би-би-сидің Таяу Шығыстағы сарапшысы
Бейруттағы жойқын жарылыс Ливан мемлекетін тығырыққа тіреді. Ел онсыз да экономикалық дағдарыстың зардабын тартып отыр еді.
Жарылысқа бірнеше сағат қалғанда Ливандағы энергетика министрлігі ғимаратының айналасында полиция мен ел президентінен жауап күткен демонстранттардың арасында қақтығыс болған.
Сарапшылар аштық пен конфессияаралық қақтығыс орын алуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Әрі бұл жарылыс көпшілікке Рафик Харирдің өлімін еске түсіреді.
Ливандықтардың ендігі үміті – жарылыстың жоспарланған емес, кездейсоқ оқиға болып шығуы.