Weekend
Президент мақала жариялады
Президент мақаласында биылғы жыл халықаралық "Абай жылына" айналғанын, әлемнің көптеген елі оның шығармашылығына назар аударғанын атап өткен.
"Қазақстанның бастамасымен және ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтуде. Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру және дәріптеу – азаматтық парызымыз. Өйткені Абай – әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс", - деп жазды Тоқаев.
Оның айтуынша, қазір ақынның еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыстар қолға алынуда. Оның шығармалары әлемнің он тіліне аударылып, баспаға әзірленді. Бұл кітаптар жүзден астам елдің кітапханалары мен мәдени орталықтарына жіберіледі.
"Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға менің Жарлығыммен мемлекеттік награда берілді. Абай рухын ұлықтау шаралары жалғасуда. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашыла бастады", - дейді мемлекет басшысы.
Ақынның шығармашылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы құрылған.
Тоқаев бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармау керек екенін атап өтті. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатыр.
"Келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бірақ кезінде ұлы ойшылды қатты толғандырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда әлі де кездеседі. Өкінішке қарай, Абай айтқан "бес дұшпаннан" толық арылып болған жоқпыз. Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша тойқұмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дәріптеудің орнына, әрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады", - деп қынжылды президент.
Ол Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырғанын еске салды.
Тоқаевтың пікірінше, Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді:
Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады.
Екінші, тәрбие мәселесі. Сондықтан өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның "Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге" деген өсиетін әрдайым санаға сіңіру қажет.
Үшінші, жаңа кәсіп игеру. Ақын әр қазақ өз ісінің шебері болса деп амандады. Әсіресе бәсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мәні зор. Абай: "Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды" дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқрасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте.
Төртінші, ынтымақ мәселесі. Абай әрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол "Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің – бәрі бос" деп, елді татулыққа шақырды. Біз аса күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынтымағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр.
"Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс! Халқымыздың ұлы перзентінің торқалы тойы құтты болсын!", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.