Әлем жаңалықтары

"Лукашенко дәуірі қашан аяқталады?" Әлем реакциясы

Лукашенко «халыққа мереке ұйымдастырғымыз келген, бірақ мұны бәз біреулер бұзғысы келіпті» деп мәлімдеді.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Беларусьте 9 тамызда өткен президент сайлауының нәтижесінде Александр Лукашенко 80,23%-бен қайта ел президенті болды. Ал оның басты қарсыласы оппозиция атынан үміткер болған Светлана Тихановская 9,9% жинаған. Бұл нәтижеден соң ел ішіндегі наразылық күшейді. Шерушілерге қарсы күш қолданылып, бірнеше адам жарақаттанды. Бір адам қаза тапты деген ақпарат бар. Алайда Тихановская мұны жеңіліс деп санамайды. Оның ойынша, сайлау әділ өткен жоқ. Президент Лукашенкодан өзгесінің бәрі дерлік дәл осындай пікірде.

Ал Лукашенко «халыққа мереке ұйымдастырғымыз келген, бірақ мұны бәз біреулер бұзғысы келіпті» деп мәлімдеді.

АҚШ реакциясы

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Беларусьтегі шерушілерге қарсы күш қолдану әрекеттерін сынап, ұсталғандардың бәрін босату керек екенін мәлімдеді.

«Сайлауға үміткер болғысы келгендерді шеттетіп, бейбіт шерушілерге қарсы күш қолданып, түрлі қорқытып, оппозициядан шыққан үміткерлерді үркіту әрекеттерін қатаң сынаймын», - деді Помпео өз мәлімдемесінде.

«Мәскеу Лукашенконы мойындамайды»

Ресейлік сарапшылар да үнсіз қалмады. Саясаттанушы Глеб Павловский Азаттыққа берген сұхбатында билік халықтың даусын ұрлады деп есептейді.

«Беларусьте жаңа жағдай қалыптасты және бұл ұзаққа созылады. Қазір Беларусь биліктің күштік құрылымының құрсауында. Бұл – жұрттың дауысын ұрлап алып, құрсауға салу. Қазір ресми Мәскеу де не істесек деп ойланып отыр. Себебі Лукашенко ауру адамға айналды, оның режимі де тұрақсыз ауру жүйеге айналды. Бұл режим кез келген уақытта қираюы мүмкін. Бұл – қауіпті жағдай», - деді Павловский.  

Оның айтуынша, Мәскеу Лукашенконың нәтижесін мойындамауы мүмкін.

Сайлаудың әділетсіздігін германиялық БАҚ та сөз етті

«Еуропаның соңғы диктаторы билік үшін күресті. Президент сайлауындағы нәтиже - фарс», - деп жазды Der Spiegel басылымы.

Басылымдардан бөлек Германия билігі мен бундестаг депутаттары да сайлау нәтижесін сынады.

«Лукашенконы халық сайлады деп айтуға келмейді. Беларусьтегі президент сайлауы жай ғана манипуляция екенін бұрыннан білеміз. Бұл сайлау емес, бір рәсім ғана. 9 маусым да дәл солай болды. Ал 80% - халықтың даусы емес, Лукашенконың тапсырысы», - деді саясаттанушы Йорг Форбриг DW басылымына берген сұхбатында.

Форбригтің ойынша, Лукашенко өткен сайлау арқылы сайлаушылардың алдында беделін түсірді. Тіпті елдегі элитаның өзі сайлау нәтижесіне разы емес.

«Мемлекет дәл қазір тоқырау үстінде. Совет одағы тұсында дүркіреп тұрған мемлекет үшін бұл ұят нәрсе. Өзгеріс тек жаңа президент келгенде орнайтынын элита жақсы түсінеді», - деді германиялық саясаттанушы.

Фридрих Эберт атындағы неміс қорының директоры Кристофер Форст Беларусьтегі жағдайды Киевтен бақылап отыр.

«Қоғамның саяси белсенділігі артқан сайын Лукашенконың беделі төмендеп жатыр. Сайлаушылардың еркіндігі шектелуде. Билік күшіне мінген. Енді жағдайды бақылауға алу билік үшін қиынға соғайын деп тұр», - деді Форст.

Фридрих Науман атындағы қордың өкілі Уте Кохловски-Каджая өткен сайлауды «Беларусьтегі тарихтың жаңа парағының ашылуына себепкер болады» деп есептейді.

«Бұл – Лукашенко дәуірінің аяқталар сәтінің жақындағаны. Лукашенко билікте тұрақтап қалғысы келсе, нағыз диктатураны қалыптастыруы тиіс. Себебі елде президентті қолдайтын ешкім қалмады. Тіпті Ресей де , Еуропалық одақ та оны сынап отыр», - деді саясаттанушы.

«Лукашено жеңген жоқ»

Ел ішіндегі сарапшылар да елдің болашағына алаңдап отыр. «Настоящее время» басылымына сұхбат берген Беларусь еркіндік театрының жетекшісі Николай Халезин Лукашенконы, шын мәнісінде, жеңілді деп есептейді.

«Халық бейбіт түрде наразылыққа шықты. Билік күш қолдануды бастады, себебі Лукашенко жеңіске жетпегені анық. Билік ұсынған нәтиже жайлы ештеңе айтқым келмейді. Сонда бүкіл халық Александр Лукашенкоға дауыс беру үшін кезекте тұрды ма? Бұл енді ақылға сыймайды. Кейінгі кезде ешқандай көшбасшысы жоқ, кенеттен ұйымдастырылған наразылық шараларының нәтижелі болғанын көрдік. Мысалы, Гонконг моделі, бұл елде нақты лидері жоқ наразы жұрт билікті шайқалтты», - деді ол.

Ал Лукашенко не істеді?

Президент әсте бұлай болғанын қаламағанын айтты. Оның айтуынша, шетелден шалынған телефондар мерекені бұзғысы келді.

«Біз шетелден шалынған телефон қоңырауларын анықтадық. Польша, Ұлыбритания, Чехиядан қоңырау шалып, біздікілерді, кешірім өтінемін, малдарды басқарып отырыпты. Халық не істеп жатқанын өздері білмейді», - деді ол.

Президенттің халықпен дәл осылай сөйлескені өзінің мәдениетсіздігін көрсетіп отыр деп санайды сарапшылар.