Weekend
Поэма көтерген жүк
Қазақ поэзиясында артына өшпес мұра, өлмес өнеге қалдырып, жарқ еткен жиырма жеті жылдық қып-қысқа ғұмырында тарихқа жүк болатын талай кесек туындыларды дүниеге келтірген һәм сол арқылы қоғамның келбетін айна-қатесіз беріп, елінің мұңын да, сырын да жыр қылып шерткен бірден-бір тұлға – Сұлтанмахмұт.
Әр шығармасының өн бойында өзекті мәселе, елінің қамы мен хәлі бедерленген. Көсем сөздің көшін бастаған қарымды қаламгер Жүсіпбек Аймауытов айтқандай: «Сұлтанмахмұт жас ақындардың ішіндегі бір күшті ақын еді. Өнер-білім сәулесін аңсап, құлаш ұрып, кедейлік, жоқшылық зарын шегіп, жауыз тұрмыспен жанталасып, алысып, жеңе алмай, мерт болды. Тірі жүрсе, өзі айтқандай, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болғандай, от жалындай зулаған болат қайрат, құрыш жігердің, кекті жүректің ақыны еді». Қандай тақырыпта жазылған туындысын алып қарамайық астарлы ақиқатты, халық тағдырына алаңдаушылық білдірген адал ұлдың пікірін аңғарамыз. Сондай бір көкейтесті мәселе шертілген атышулы поэмасы «Айтыс» турасында біраз сөз қозғасақ. Поэмада қала мен дала ақындарының өзара айтысы тартысты суреттелген. Мәселен, қала ақынының:
Сен кімсің семіз, толық тән жағынан?
Өгіздей бар шығарсың әл жағынан.
Көрінген көрнегіңнен, жүрісіңнен,
Топастығың білінген әр жағынан,-деген қағытпа сөзіне дала ақыны «ә» дегеннен:
Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?-деп алашқа ортақ ұл екенін айтып ұтымды жауап береді. Қазақтың пайдалы һәм қажет стереотиптерінің тамырына балта шапқан заманды сыбайды. Адами құндылықтарды жоғары деңгейге көтерген, жоқ-жітігіне қарасып, қолында барымен бөліскен даланың дархан жандарын дәріптейді. Шынында, Сұлтанмахмұттың қылышынан қан тамған үкімет тұсында қаланың қатал заңдарын батыл сынауы – ерлікке парапар іс.
Ақын өлеңінде даласын бар кемшілігімен сүйетіні көрінеді, тіпті, оның өлеңінде дала ешқандай кем-кетіксіз дүние. Сұлтанмахмұттың ғасыр бұрын толғаған поэмасындағы кемшіліктердің бүгінгі қоғамда қайталануы сол замандағы өзектілік қандай болса, ол мәселелердің бүгінгі күні де қаншалықты көкейтесті екендігін көрсетеді. Тіпті, дала ақынынның қаланың шүлдірлеген тілін, бір ауыз қазақша білмейтін «төрелерін» сынап былай дейтіні бар:
Қалаңның соты құрсын шүлдірлеген,
Түсіне алмай құлағым дүңгірлеген.
Ақ, қарамды тексеріп білмей жатып,
Қазақша жалғыз ауыз тіл білмеген.
Жас ақынның, хас ақынның соны жырларынан бүгінгі заман шындығын әшкерелейтін, әріден әкеліп, еріксіз мойындататын тұстарын көргенде қазақта ұшырасатын кемшіліктің ғасыр өтсе де өз қалыбынан ауытқи қоймауы қынжылтатыны ақиқат. Кесек туындыда көтерілген мәселе күн тәртібінен түсетін күн туса ақынның да сүйіп тұрып сынаған сөзінің «орнын тапқаны».