Құқық
Жемқорлықпен әшкереленген тұлғалар саны артты
Ағымдағы жылдың 21 шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша алқа отырысы өтті.
Алқа жұмысына органның және оның аумақтық бөлімшелерінің басшылық құрамымен қоса, Агенттіктің консультативтік-кеңесші органдары мен жобалық кеңселерінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары мен бірқатар қоғам қайраткерлері онлайн-режимде қатысты.
Төрағаның бірінші орынбасары О.Бектенов Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша баяндама жасап, тіркелген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының 10%-ға төмендеуі ауқымды алдын алу-ағарту жұмыстарымен біршама байланысты екенін атап өтті. Сонымен қоса, есептік кезеңде аса ауыр қылмысты анықтау және жолын кесу 3 есеге, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және жолын кесу 10%-ға артты.
Сыбайлас жемқорлықпен әшкереленген тұлғалар саны артты, әр бесінші – мемлекеттік органның немесе ұйымның басшысы. Жалпы, 28 - республикалық, 65 – облыстық, 72 – қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Өтелген залал сомасы 33,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың көрсеткіштерінен біршама асып түсті. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүргізілетін сатып алу мониторингі нәтижелері бойынша 6 млрд-қа жуық бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың жолы кесілді.
Жүйелі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу 30%-ға, бизнестің ісіне заңсыз араласуды тіркеу 20%-ға артты.
Төтенше жағдай мен карантин режимін бұзумен байланысты 81 қылмыс тіркелді, бұл көбіне тосқауыл бекеттер арқылы заңсыз өткізу және карантиндік шараларды бұзуда жауапкершілікке тартпау үшін пара алу фактілері болды. 10 млн-ға жуық медициналық бетперде, бірқатар тапшы дәрі-дәрмектер (Ингавирин, Азитромицин, Цефтриаксон, Меропенем және т.б.) заңсыз айналымнан алынып, денсаулық сақтау ұйымдарына берілді, гуманитарлық көмекті тарату сүйемелденіп, 100 өкпені жасанды желдету аппаратын жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге қымбатқа алу фактілері анықталды.
Арнайы мониторинг тобы, Ақпараттық-ағарту штабы, «Adaldyq Alany» жобалық кеңселері, «Adal kómek» сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға ерекше үлес қосуда. Бұл бірлестіктердің күш-жігері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және парасаттылық мәдениетін насихаттау тұрғысында қоғамдық бақылау құралдарын нақты іске асыруға бағытталған.
Жартыжылдықтың қорытындылары бойынша белсенді жұмыстары үшін 40 қоғам белсендісі Агенттік Төрағасының алғыс хаттарымен және ведомстволық наградалармен марапатталды. Оның ішінде Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, құқық қорғаушы Айман Омарова, «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Мирас Шекенов, Шығыс Қазақстан облысы бойынша арнайы мониторинг тобының жетекшісі Станислав Каримов және т.б. ««Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Алқа отырысына қатысушы азаматтық қоғам өкілдері әрі қарайғы сындарлы серіктестікке дайындығын білдірді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Е.Бектұрғанов Агенттіктің құқық қолдану тәжірибесі, қоғамдық пікір мониторингі мен озық халықаралық стандарттар негізге алынған белсенді заң шығару жұмысын атап өтті.
Отырыс соңында Агенттік Төрағасы А.Шпекбаев ведомство жұмысының алдағы кезеңдегі басты басымдықтарын айқындады.