Шығыс Қазақстан облысы
Челлендж
3477 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қазақтың логикалық ұлттық ойыны - тоғызқұмалақтан өзара бақ сынасты.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3477 әскери бөлімінде ағымдағы жылғы 06-13 тамыз аралығында Абай апталығы өтуде.
Санитарлық нормаларға сай өткен апталық аясында әскери бөлімнің әскери қызметшілері ұлтымыздың ұлы ақынының шығармаларынан үзінді, қара сөздерін жатқа оқып, өзара «челлендж» жариялады. Сонымен қатар поэзия сағаты ұйымдастырылып, тәрбие жұмыстары барысында әскери қызметшілер назарына ұлы ақын туралы фильмдер ұсынылды.
Сақтық талаптарын қатаң сақтай отырып өткен апталық барысында әскери қызметшілер қазақтың логикалық ұлттық ойыны - тоғызқұмалақтан өзара бақ сынасты.
3477 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Руслан Булегенов жарыстың ашылу салтанатында әскери қызметшілерге ойын тарихын айтып, оларға тоғызқұмалақ ойнау дағдылары өмірде пайдалы болатынын түсіндірді.
Аталған әскери бөлімінің барлық әскери қызметшілері қатысқан жарыс қорытындысы бойынша №1 арнайы комендатураның 1 взводы 2 бөлімшесінің сарбазы (пулеметші) қатардағы жауынгер Ердәулет Қылқабаев І орын, №3 арнайы комендатураның 2 взводы 2 бөлімшесінің сарбазы (атқыш) қатардағы жауынгер Кенже Бақытбеков ІІ орын, №2 арнайы комендатураның 3 взводы 2 бөлімшесінің сарбазы (атқыш) қатардағы жауынгер Руслан Оралтаев ІІІ орынды иеленді.
Жарыстың барлық жеңімпаздары сыйлықтар және мақтау қағаздарымен марапатталды.
- Тоғызқұмалақ ойынын Абай атамыз жақсы көрген және елдің бәрін осы ойынға баулыған екен. Ойынға қатысып, жүлделі орынды иеленгеніме өте қуаныштымын. Абай күні құтты болсын, - деді жарыстың І орын иегері №1 арнайы комендатураның сарбазы (пулеметші) қатардағы жауынгер Қылқабаев Ердәулет.
3477 әскери бөлімінің бөлініс бастығы
қатардағы А. Кенесова