Қытай мен Ресей доллардан "теріс айналды"  - на bugin.kz
Bugin.kz - на bugin.kz Bugin.kz

Екі мемлекет доллардан бас тартты

Мәскеу мен Бейжің америкалық валютадан бас тартуға бет алды. Ресей мен Қытай арасындағы сауда-саттық операциялары бойынша есеп айырысулардағы доллардың үлесі бүгінде минималды көрсеткішке ие. Ал ұлттық валюталардың үлесі максималды деңгейде тұр. Экономистер ақырында барлығы "қаржылық альянспен" аяқталып, онда америкалық валютаға мүлдем орын қалмайтынын болжап отыр. Сонымен қатар инвесторлар негізгі резервтік валютаны қойып, алтынға бет бұрып жатыр.

Санкцияға төтеп беру стратегиясы

Бірінші тоқсанда Ресей мен Қытай арасындағы сауда операциялары бойынша есеп айырысулардағы доллардың үлесі алғаш рет 50%-тен төмен көрсеткішке жетті, яғни 46%-ке дейін төмендеді. Қазір еуро 30%, ал рубль мен юань 24%-ті құрап отыр. Бұл өзгеріс Ресей экономикасын "долларға тәуелділіктен айыру" және оны АҚШ-тың жаңа санкцияларына қарсы төтеп беру беріктігін нығайту стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Соңғы жылдары Мәскеу мен Бейжің екіжақты саудадан жүйелі түрде долларды алып тастауда. Сонау 2014 жылы тараптар ашық нарықта сатып алуды қажет етпейтін және ұлттық валюталарға өзара қолжетімділікті қамтамасыз ететін 150 миллиард юаньға (24,5 миллиард доллар) арналған үш жылдық айырбас келісімге қол қойды.

2015 жылы мәмілелердің 90%-ке жуығы долларда жүзеге асырылды. Бірақ 2019 жылға қарай бұл көрсеткіш 51%-ті құрады. Ал ресейлік мұнай саласының алпауыты "Роснефть" барлық экспорттық келісімшарттарды еуроға ауыстырды. Nikkei Asian Review атап өткендей, ресейлік-қытайлық "долларсыздандыру" америкалық валютаның қатысуынсыз "қаржылық альянс" құруға қабілетті "серпінді сәтке" жақындап келеді.

ФРЖ баспа станогі

Ресей мен Қытайдың нығаюы долларға деген сұраныстың төмендеуінің бір себебі. Бірақ бұл жалғыз ғана себеп емес. Жетекші инвестициялық банктер атап өткендей, америкалық доллар Федералдық резерв қазған орға құлағалы тұр.

Экономиканы қолдау үшін реттегіш мөлшерлемені нөлге дейін төмендетіп, баспа станогін іске қосқан. Коронавирустық дағдарыс басталғаннан бері ФРЖ (федералдық резерв жүйесі) нарыққа шамамен алты триллион доллар қаражат құйды. Қаржы мамандары "тарихи эксперимент" туралы айтып жатыр: баспа станогі толық қуаттылықта жұмыс істеп, қоғамды ештеңемен қамтамасыз етілмеген қолма-қол ақшамен "толтыруда". Ал бұл әрекет долларды баяу өлтіріп жатыр.

Америкалық валютаның индексі мүлтіксіз төмендеп, мемлекеттік облигациялардың табысы құлдырауда. Сәуір айынан бастап алты негізгі валюта жинағына қатысты он процентін жоғалтты. Мұндай төмен көрсеткіш 2018 жылдың мамыр айында болған еді.

Америкалық ірі банктің бірі – Goldman Sachs баспа станогі ФРЖ теңгерімін 2,8 триллионға ұлғайтқанын айтты. Инвесторлар доллар түріндегі активтерден шығып, алтынға қарай ығысуда. Мұның барлығы мемлекеттік облигациялар бойынша ең төменгі мөлшерлемелер кезінде орын алып жатыр.

"ФРЖ бірнеше айдың ішінде төрт триллионнан астам доллар басып шығарды. Бұл соңғы 11 жылдағыдан көп. Реакциясы айқын: ештеңемен қамтамасыз етілмеген валютаны сатып жатыр, ал доллар арзандауда", - дейді қаржы сарапшысы және инвестор Ян Марчинский.

Құнсыздану жалғасады

Халықаралық валюта қоры тамыздағы өз баяндамасында қауіп-қатерлер туралы ескерткен болатын. Дағдарысқа қарсы күрес үшін басылған триллион доллар мен төмен мөлшерлемелер резервтік валютаға нұқсан келтіруде: инвесторлар АҚШ үкіметінің қарызынан бастарын алып қашуда.

Халықаралық валюта қоры директорының бұрынғы орынбасары Жу Миннің пікірінше, Конгресс тарапынан болатын кемінде бір триллион доллар қаржылық көмектің жаңа жинағы нағыз құлдырауға себепші болмақ.

"Болашақта бағам біртіндеп 30%-ке төмендейтіні жөнінде емес, доллар кенеттен инвесторлардың сенімінен айырылып қалатыны турасында алаңдауымыз керек", – деді Жу Мин.

Ол мұндай күтпеген күрт сенімсіздік қарыздармен міндеттелген ірі компаниялар банкротқа ұшырай бастаса орын алуы ықтимал екенін айтты. 2008 жылғы дағдарыстан кейін корпоративтік сектор әлдеқайда "солқылдақ", ал төменгі мөлшерлемелер оған қарыз көлемін күрт арттыруға мүмкіндік берді.

Қазір америкалық нарық федералды үкіметтің 26 триллион қарызына белшесінен батып отыр. Швейцариялық UBS пікірінше, ақырында бұл долларға соққы болып тимек.

"Ұзақ мерзімді келешекте мемлекеттік қарыздың өсімі америкалық валютаға ықпал етеді", – дейді UBS Wealth Management стратегі Томас Флури.

"Доллар әзірше "мұқалмас басымдыққа" ие болып тұр. Алайда, оның дәуірі аяқталуға жақын", – деп санайды Morgan Stanley инвестициялық банкінің азиялық дивизионының бұрынғы басшысы Стивен Роуч.

Ол 2021 жылы америкалық валюта қазіргі құнының үштен бір бөлігіне дейін арзандайтынын айтты. Маман пікірінше, бұған халық жинағының күрт төмендеуі және АҚШ-тың негізгі сауда серіктестерінің дағдарыстан сәтті шығуы кезінде мемлекеттік қарыздың өсуі ықпал етеді.

sputniknews.kz

0 Пікір Кіру