Weekend

Менің өмірімде телевидениенің рөлі қандай?

Автор сөзі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Телевидение - дәуір үні. Өркениеті дамыған заманда телевидениенің орны еселеніп келеді. Шаңырағымыз төрінен орын алған теледидар – телевизияның дамуы жолында пайдаға асып отырған негізгі жабдық. Көк жәшіктен көрсетіліп жатқан көп туынды халық қалауынан, көрермен көңілінен шығып жүр ме? Профессор Марат Барманқұлов қазақ телевидениесінің даму қарқыны жоғары боларына кәміл сеніп, 70 жылдары «Бүкіл әлем сіздің пәтеріңізде» деп кітап жазған болатын. Ия, айтқаны айдай келді. Бүкіл әлем біздің пәтерімізде. Теледидар қосулы, арналар «сен тұр, мен атайын» десіседі. Қазақстан Ұлттық телеарнасы мен Хабар арнасының дәрежесі мен атағы үстем. «Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» емес сөздің төркіні. О, баста, халық көңілінен орын алған арналар.Екі төл арна бағдарламалары сапалылығымен, ақпараттары негізділігімен, жүргізушілері кәсібилілігімен ерекшеленеді. Алайда, «Қазақстан», «Хабар» арналары ұсынатын жаңалықтарды көретін халық саны шолақтанып тұр. Бұған себеп не? Жекеменшік арналардың жаңалықтарды сараламауы, шындықты бүркемелеп қалуы не өтірікке ден беруі – халықты өздеріне қарату, телевизиялық рейтингте алғашқы орындардан бой көрсету. Информвюро, КТК жаңалықтары қалай халық сүйіктісіне айналды? Олар- имправизацияға бейім. Өлім-жітім, тонау, психикаға әсер ететін оқиғалар – абыройын асқақтатып тұрған. Осы тақырыпта Ұлттық арнада ақпараттар тізгінін жүргізуші Мейіржан Әлібекұлы « Жаңалықтар отбасымен бірге жаймашуақ отырып көруге ыңғайланып жасалуы керек. Қатігездікті насихаттайтын жаңалықтарды көрсете бермеген жөн. Мұның артында рейтинг жинау деген мақсат тұр. Ақпараттық саясатта өте абай болуымыз керек. Мысалы, Ұлттық арна педофильдерді бермеуге тырысады. Себебі, арты насихаттауға ұласып кетеді» - дейді.(«Ақжелкен» журналы, 27.05.2017ж). Менің түсінгенім бойынша, біз жаңалықтарына жиі көз ілестіре бермейтін Ұлттық арнаның бізге жасаған жақсылығын ескермейді екенбіз.

«Мылтықсыз майдан» аталатын телевидение өмірінде «жылдамдық» деген ұғым аса жоғары екендігін білеміз. Журналистерді «Арқалағаны алтын, жегені тікен»-деп Ш. Мұртаза атамыз айтқандай, ел мұңын мінбердегілерге жеткіземін деп жүрген журналист қаншама. Алайда, көгілдір экран төрінен «көлденең келген көк аттыларды» да көзіміз шалып жатады. Қазақ арналарының «журналист сымақтары» және рейтингі жоғарылап тұрғаныменен былығы батпан болып жатқан «берекесіз бағдарламалары»туралы не деп мұң шағамыз?!

Рейтингі жоғары бағдарлама дегенде еске түсетіні әлеуметтік не мәдени, танымдық бағдарлама емес, халық қалап тұрғаны «Қалаулым». «Ақша төленеді екен» делінді, «қатысушылар әуелден дайындалады» делінді, бас-аяғы «Қалаулым» - өтірік бағдарлама» делінді- бірақ бір рет болсын рейтингі төменге түсті ме? Жоқ, әрине! Демек, демократия бар қоғамда халық «Қалаулымға» байланып қалған не алдауға көнбіс баяғы қазақ сол қазақ. Осындайда, көкейге бір сауал ұялайды. Соншама халық телміретіндей қандай өнеге, тәрбие, білім беріп жатыр екен ол бағдарлама. Сахна мәдениетінен жұрдай адамдардың ауыздарынан ақ ит пен көк ит қатарласып кіріп, қатарласып шығып жатыр. Әй деп, таяғын ала жүгіретін әже жоқ. Олар қайда десеңіздер, бәрі «Қалаулым» көріп отыр. Мүмкін, заман талабы да сол болар. Осыдан кейін жөн-жосықсыз, мән-мағынасыз бағдарламалар қаптап кетпес пе екен деп қорқамын көк жәшік ішін. Қаптамай қайтсін, халықтың өзі талап етіп отырса. Осы орайда, «кінәлі кім?» деген сауалға екі ойлы болып қалады екен адам. Халықты бұл дәрежеге жеткізген, бағдарламаларды сүзгіден өткізіп, сараламаған көгілдір экраннан көлбеңдетіп шығара берген «телевизияға» да мін артпай болмас. Әлемді интернет жалмаған заманда «ел теледидар көрсін» деп тырмысады кеп. Алайда, қайырсыз атақ, болымсыз істен не пайда, не жөн.Сонымен қатар, сіздерге қазақ әріптерін дұрыс айта алмайтын журналистер ұнайды ма? Не «қызға» ұқсап сызылатын ер тілшілер, қырықпышақ болып ұрсысатын «қыздар» көңіліңізден шығады ма? Бәрі арзан атақ, сасық ырыстың қамы.

ХХІ ғасырдан қалмайық деп жүріп, мәдениетімізден айрылып қалмайықшы. Қанша дегенмен, төрде тұрған теледидардың қоғам санасына қозғау салып жүретіні анық қой. Телевизияның менің өмірімдегі рөлі, қоғамдағы рөлімен ұштасады. Демек, қазақ арналарын «жын, шайтаннан» аластап, көкірек-көзімізді оятатын, дұрыс бағыт-бағдар беретін арналарға айналдырсақ жөн болады! «Рейтинг» деп шашбауын көтеріп, шала бүлінгенмен, қоғамды түйсіктен, санадан жұрдай етіп жүргендерге де, қояр талап жалғыз. Бағдарламалар танымдық, мәдени, ағартушылық сарында болса. Телевизия саласында жүрген әр бір жеке тұлға «Ел- бүгіншіл, меніңкі-ертеңгі үшін» - деп қызмет атқарса!