Экономика

Нұрымбетов пен Досаевтың есебі екі түрлі: 42 500 теңге қайдан төленді?

42 500 теңгенің дауы енді басталды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстандықтарға карантин кезінде берілген 42 500 теңгенің қайдан төленгеніне байланысты Нұрымбетов пен Досаевтың есебі екі түрлі болып шықты, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Newsroom+Ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған қазақстандықтарға 42 500 теңге жәрдемақы берілгенін білеміз. ТЖ аяқталған соң, халық арасында індет тарап, қаза тапқандар көбейді, оның үстіне, «белгісіз» пневмония пайда болды.

Осы аралықта, 2020 жылдың маусым айында, елде тағы да карантин жарияланатыны айтылды. Қатаң карантин кезінде көп мекеменің жұмысы тоқтайтын болған соң, 25 маусым күні брифинг өткізген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтен екінші рет 42 500 теңге төленуі мүмкін бе деп сұраған едік.

«Тура жауап берсем, 42 500 теңге төлем әзірге төленбейді, оны қайта төлеуді жоспарлап отырған жоқпыз. Біріншіден, айта кетейін, 42 500 төлеу үшін кезінде бюджеттен қаражат алынған жоқ, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатынан алғанбыз. Ол қаражат қордың құнды қағаздарын сату арқылы түскен болатын. Сақтандыру қорының активтері мен құнды қағаздарын сатып, қаржы тетіктерін игеруде бізге Ұлттық банк жақсы көмектесті. Сол арқылы қажетті ақша түсіп отырды. Соның нәтижесінде әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін сатудан түскен 322 млрд теңгені 42 500 теңге төлеуге жұмсадық. Ел бойынша 4,6 млн адам осы төлемді алды», - деп жауап берген еді сол кезде Нұрымбетов.

Ұлттық банктің жауабы Нұрымбетовтің есебінен басқаша болып шықты

Біз Ұлттық банк пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорларының басшыларына хат жазып, 2020 жылдың басынан бері Ұлттық банк МӘМС-тің қанша құнды қағазын қанша теңгеге және қай биржаларда сатқанын сұрадық.

«2020 жылдың басынан бастап шілде айына дейін МӘСҚ-ның сұраныстары негізінде әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк МӘСҚ портфеліндегі активтерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының бір бөлігін жалпы сомасы 206,84 млрд теңгеге сатты», - деп хабарлады бізге Ұлттық банк.

Яғни Еңбек министрі құнды қағаздар 322 млрд теңгеге сатылды десе, Ұлттық банк жыл басынан бері 206 млрлд 84 млн теңеге түскенін хабарлап отыр.

Қордың қандай акциялары қандай биржаларда сатылды?

Дереккөз мәлім еткендей, әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін МӘСҚ қажетті сомаларды алуға өтінім береді, ал Ұлттық Банк талап етілетін сомаларды қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда МӘСҚ портфелінен активтерді сатады.

Бірақ МӘМС хабарлағандай, Ұлттық банк Қордың активтерін сату үшін Қордың бүкіл компаниялардағы акцияларын сата алмайды. Жалпы қордың қанша компанияда акциясы бар екені де белгісіз. Бірақ біз Қордың тек сегіз компаниядағы акциялары ғана сатылатынын білдік. Яғни акцияны сатудың да өз лимиттері мен шектеулері бар. Бұл ереже Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген.

«МӘСҚ активтері портфелінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын сату нарықтық шарттарға сәйкес бағалы қағаздар нарығында – Қазақстан қор биржасында жүзеге асырылды. Бұл ретте, бағалы қағаздармен мәмілелер жасау кезінде Биржа сатушы/сатып алушы туралы ақпаратты ашпайды», - деп хабарлап отыр акциялар қайда сатылды деген сұраққа жауап берген Ұлттық банк.