Италияда өртенген қымбат кемеде болған қазақстандықтардың кім екені айтылды - на bugin.kz
Bugin.kz - на bugin.kz Bugin.kz

Италияда өртенген кемеде қазақстандықтар болған

Бірер күн бұрын euronews.com Италияда шағын кеме отқа оранып, кейін суға батып кеткенін хабарлады. Бұл оқиға қазақстандық БАҚ-тарды бей-жай қалдырмады. Себебі кемеде болған жолаушылардың ішінде қазақстандық туристер де болған, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Азаттық рухы сайтына сілтеме жасап.

Lady MM кемесі Капри аралынан Сардиния аралына бара жатқан жолда өртенген. Оның өртеніп, кейін суға батып бара жатқан сәтін жағалау күзеті видеоға түсіріп алған.

Апат кезінде бортта 17 адам болған. Оның сегізі - қазақстандық турист, ал қалған 9-ы - экипаж мүшелері. Олар шағын қайыққа отырып, қауіпсіз жерге шыққан. Сол жерден жағалау күзеті құтқарып алған.

Бұл ақпаратты отандық журналистер жарыса жазғанмен, өртенген кемеде болған қазақстандық туристердің кім екенін әлі анықтай алған жоқ. ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров та қазақстандық туристер туралы телефон арқылы қойған сауалымызға тұщымды жауап бермеді.

«Біздің Италиядағы елшілікке, жергілікті полицияға ешкім (денсаулығына немесе апатқа қатысты шағым айтып – авт.) хабарласқан жоқ. Ол азаматтадың кім екені туралы мүлде ақпарат жоқ. Турист ретінде Қазақстан азаматтарын мемлекет жібермейді, олар өздері барады», - деді Айбек Смадияров.

Мегаяхтамен Сардинияны аралаған Асаубаевтар әулеті ме?

Деррекөздерге сілтеме жасаған KazTag агенттігінің хабарлауынша, Сардиния аралында өртеніп кеткен яхтаның ішінде Асаубаевтар отбасы болған.

«Жағалаудағы күзет өртке оранған 50 метрлік Lady MM кемесінен 17 адамды құтқарды. Оның сегізі қазақстандықтар, қалғаны экипаж мүшелері. Яхтаны қалпына келтіру мүмін емес. Шетелдік дереккөздердің хабарлауынша, кезінде Altyn Group Kazakhstan және Кредит Алтын Банк иесі болған Асаубаевтар отбасы осы яхтада демалып жүрген», - деп жазады агенттік.

Алтынды кәсіп кеткен Асаубаевтар әулеті 2012 жылы Қазақстанның ең бай азаматтарының қатарында тұрған. Отбасының сол жылғы байлығы 280 млн долларды құраған еді. Кейін, «Altyn Group Kazakhstan» компаниясы ыдырап, үлесін отағасы Қанат Асаубаев, оның әйелі Маруся Асаубаева, үш ұлы – Бауыржан, Айдар және Санжар Асаубаевтар өзара бөліп алған. Отбасындағы үлкен ұл Бауыржан Асаубаев 2015 жылы Алматы облысында жол апатынан қаза тапқан.

Еуропаның көп бөлігі Қазақстан үшін әлі жабық

Инвестициялар және инфрақұрлымдық даму министрлігі 28 тамыздағы жағдайға сәйкес, Қазақстаннан ұшып шығуға болатын елдердің тізімін ұсынды. Бұл тізімде Италия жоқ, бірақ, транзит арқылы баруға болатын көршілес Германия, Нидерланд және Туркия елдері бар. Қазақстан Еуропа бойынша Польша, Венгрия, Чехия, Ұлыбритания, Франция елдерімен әуе қатынасын қайта уақытша жауып отыр.

Ал Сардиния аралы туристер арасында тамаша жағажайымен, теңіздің түбі көрінетіндей мөлдір суымен және биік тауларымен танымал. «Люкс» санаттағы демалыс аймағына жатады. Ал, тамыз айы - Сардиния аралының туристерге, демалушыларға лық толатын маусымы.

Ұзындығы 50 метр жуықтайтын Isa Yacht компаниясына тиесілі мегаяхта сияқты (өртенген кеме – авт.) кемелерді демалыс маусымы қызған шақта жалға алу құны аптасына - 147 000 еуроға дейін. Басқа уақытта жалға алу құны 126 000 еуродан басталады. Lady MM яхтасы Isa Yacht верфі 2003 жылы шығарған мегаяхта. Жалпы, бұл компанияның 2008 жылы шыққан осыған ұқсас түрін 5 550 000 еуроаға сатып алуға болады. Компания 2021 жылы құны 26 млн еуро болатын үлкен яхталарының бірін жасап шығармақ.

0 Пікір Кіру