Қоғам

"Әйелдің қолына билік берсе, отбасылық құндылықтар жойылады"

Әйелдердің құқығы әлі де толық қорғалып жатқан жоқ. Сол себепті гендерлік саясатты қайтадан қарастыру керек деп ойлаймын.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Нұр Отан" партиясы 17 тамызда праймериз, яғни партияішілік сайлауды бастады. Праймериздің мақсаты - партияның сайлауалды тізіміне енетін депутаттардың құрамын жақсарту, сапасын арттыру. "Нұр Отан" партиясының хатшысы Арман Қырықбаев осылай деді. Яғни ел дамуына шынайы үлес қосуға ниеттенген, өзгеріске талпынған сапалы депутаттарды жасақтап шығару деп түсіндік. 

Ал бір ерекшелігі праймеризге тек партия мүшелері ғана емес, саясатқа араласқысы келген кез келген азамат қатыса алады. Мүмкіндікті, әсіресе, жастар мен әйелдерге беріп отыр. Жастар жағын түсіндік, ал әйелдер саясатқа қаншалықты араласуға қауқарлы, елімізде әйелдердің саяси карьера қалыптастыруға мүмкіндік қаншалықты жасалған? Әйелдердің саясаттағы орны жайында бүгінгі жас буынмен тілдесіп көрдік. Жауаптарын да алдық. 

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, "Сұңқар" студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрайымы болған Әлия Қарақожаева әйел адамның саясатта болғанын құптайды, алайда өзі мемлекет істеріне араласқысы келмейді. 

Ер мен әйел тең бе?

"Адами капалдың құрамын қалыптастыратын әйел мен ердің қарым-қатынасы. Жалпы ер мен әйелдің тең құқылы болуы заң тұрғысынан әрі гендерлік саясат бойынша да қорғалады. Екеуінің де өзіне тән атқаратын функциясы, қызметі бар. Шыны керек, бүгінгі таңда мамандық бойынша бөлінеді деп айта алмаймыз. Мәселен ер адам да аспаз, шаштараз, бет әрлеуші болып жұмыс істей алады. Сонымен қатар құрылыста  әйел адамды да көп кездестіріп жүрміз. Ер мен әйел бүгінде тек табиғи жаратылысына қарай бөлінеді. Ал ер адамның саясатта, экономикада санының көптігі құқықтың бұзылуы емес. Әйел адам саясатқа, мемлекет істеріне араласамын десе, есік айқара ашық, шектеу де жоқ. Дегенмен, әйел адамның тірлігі үй ішінен, отбасынан артылмай жатады. Баланы дүниеге әкеліп, оны өсіріп жетілдірудің өзі үлкен қызмет.Бірақ  отбасылық институтта екеуінің де функциясы бар", - деп пікір білдірді Әлия Қарақожаева.

Отбасын асырау, қорғау толықтай еркектің жауапкершілігінде 

"Ер адам жұмыс істеп, үйіне ақша тауып әкелсе, әйел адам ақшаны қалай және қайда жұмсау керектігін реттеп отыруы тиіс. Өз басым ер мен әйелді тең немесе тең емес деп қарастырғанды ұнатпаймын. Керісінше екеуінің де құқықтарын қорғау керек деп ойлаймын. Жоғарыда айтып өткенімдей ердің де, әйелдің де өзіне тән функциялары бар. 

Бірақ кейбір отбасыларда әйел адамдардың құқығы шектеліп жатады. Әйелге күн көрсетпеу, зорлық-зомбылық, күң етіп ұстау сынды әрекеттерден бүгінгі күнге дейін көз ашпай келеміз. Осындай қысым көрсету әрекеттерінің салдарынан әйелдердің құқығын қорғау үшін "гендерлік саясат" деген ұғым туды. Мақсаты билік құрылымына ерлер мен әйелдердің тең қатысуы, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, жыныс белгілері бойынша да әйелдердің бостандығы, біздің қоғамымыздың дамуында әйелдердің рөлін бұдан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын шешімдер ғой. Бірақ айта кету керек, әйелдердің құқығы әлі де толық қорғалып жатқан жоқ. Сол себепті гендерлік саясатты қайтадан қарастыру керек деп ойлаймын".

Әйелдің қолынан не келеді?

"Әйел адамның қолынан келетін дүние де бар, келмейтіні де бар. Әйел адам отбасында кім? Ол ең бірінші ана, одан кейін мұғалім, дәрігер, қаржыгер, заңгер, мәдениеттанушы... Шексіз жалғаса береді. Себебі ауырған баланы, күйеуді емдеп шығатын, шашылған ақшаны жинастыратын, баланың талабын көре алатын, отбасылық түйіндерді шеше алатын жан - әйел. Сондықтан да саясатқа аяқ басқан әйелге денсаулық сақтау, идеология, білім әрі мәдениет саласын сеніп тапсыруға болады деп ойлаймын". 

Әйел адам бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді. Әйел адамның функциясы ер адамнан жоғары, ерекше деп айта алмаймын. Оның бәрі астарлап айтылатын дүние. Қазақ ер адамды әрқашан биік санаған. Өзіндік қарым қатынастарының арасында сыйластықтың, мәртебесінің биіктігі, әйел адамның мәртебесінің қажеттілігі есептеліп жатса, бірін бірі толықтырып тұрады. Егер қарым қатынас тұрақты болса, теңдік те болады. Теңдік дегеніміз баланстың сақталуы. 

Ер адамның қызметіне тікелей әсер ететін адам ол әйел, әйел адамның ақылы, даналығы, септігі деп ойлаймын. Түзде жүріп, дұрыс қызмет атқарып жүруі де тікелей әйел адамның септігі". 

Гендерлік білім керек пе?

"Генлдерлік білімді оқушы бірден түсіне қоймайды. Оны түсіну үшін адам алдымен отбасын құру керек. Тек бір айтарым, әйел адамның құқығы шектелмеуі керек. Сол заң тұрғысынан қарастырылу керек деп ойлаймын. Қазақтың әдебиеті, тарихы ер мен әйелдің құқығы жайында қаншама мысалдар келтірілген. Әйел адамның ақылынсыз ер азаматтың бірде бір ісі өнбейтіні айтылады. Ол оның анасы да болуы мүмкін. Мәселен Абайдың рухани азығын көбейткен оның анасы Ұлжан мен әжесі Зере".

Билік әйел жүретін орын емес

"Өзімді ғылымда көремін. Білім саласында көремін.  Саясат, билік әйел адамға өте ауыр. Әйел отбасын құрмаған жағдайда ғана саясатта жақсы жұмыс атқара алады деп ойлаймын. Әйел адамның білім, ғылымда жүргенін қалар едім".

Билікке келсеңіз, не өзгертер едіңіз?

"Өзгерісті алдымен білім саласынан бастар едім. Кез келген экономиканың қалыптасуы қарапайым мектеп табалдырығанан алған білімнен, тәрбиеден басталады. Және ұлттық құндылыққа көбірек көңіл бөлер едім. Қолымнан келсе  баба заңдылығының қайта жаңғыруына атсалысар едім.

Ал жалпы әйел адамның ел басқарғанын құптамас едім. Ер адам тұрғанда әйел адамның басқарғаны дұрыс емес". 

Алмапы қалалық студенттер альянсының жетекшісі Жасұлан Қуандық та әйелдің саясаттағы орнына қатысты пікір білдірді. Оның ойынша, әйел адамның орны отбасы, ошақ қасында. 

"Әлемде адам құқықтары тең. Ешкімнің бостандығы шектелмеуі тиіс. Сондықтан ер не әйел деп бөлмей, тең деп қарастырған жөн. Әлбетте, бұл сауалдың туындап жатқаны да бекер емес. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың көбеюі, феминизмнің белең алуы әйелдерді билікке араластыру мүмкіндігіне алып келді. Ал жалпы жұмыс істеу ешбір адамға шектетілмеу керек. 

Бірақ әйел адамның қолына билік тиген сайын отбасылық құндылықтар жойыла бастайды деп ойлаймын. Ол дегеніміз ұлттың жойылуына әкеп соғады. "Ер бұзылса, отбасы жойылады, әйел бұзылса, ұлт жойылады" дейді ғой. Сол себепті өз басым, әйелдердің билікке емес, отбасына, ұрпақ тәрбиесіне көбірек көңіл бөлгенін қалар едім. Әйел адам ел болашағына тек солай әсер ете алады деп ойлаймын. 

Әрине, саясатқа аралассын, бірақ шекара болуы тиіс", деді Жасұлан Бостандықұлы.

Әйелдің билікке араласуы, ермен теңдесуі турасында бүгінде талас көп. Дегенмен праймеризге қатысып, өзгеріске атсалысамын деген әйелдің де қарасы жетеді. Дұрысын не бұрысын уақыт сараптап берер, болашақта нәтижесіне көз жеткізерміз.