Weekend
Sony компаниясы ұсынған ойын консолдары
Бүгінде, видео ойын индустриясы кино, музыка немесе кітап бизнесін басып озды десек артық айтқандық емес. Түрлі гаджеттердің дүниеге келуіне қарамастан видео ойын құрылғыларына деген сұраныс азайған жоқ. 2015 жылы видео ойындардың әлемдік нарықтағы мөлшері шамамен $90 млрд болды деген дерек те бар. Ойынның бұл түрі ұзақ уақыт бойы наразылық тудырып келгені де жасырын емес. «Жастар санасына кері әсер етіп жатыр!» деген дабылдың өзі ойындар имиджін бүлдіре қоймады. Кейіннен, АҚШ-тағы Айова Университетінің видео ойындардың адамның психологиясы мен тәрбиесіне әсерін зерттейтін Douglas Gentile атты ғалымы "біз видео ойындар жақсы ма жаман ба деген сұрақтың орнына, қандай видео ойындардан пайда алуға болады деген сұраққа жауап іздегеніміз дұрыс" деген пікір білдірген болатын.
Жапондық инжинер Кэн Кутораги қызының Nintendo ұсынған ойындарға қызығушылығын байқамағанда, Sony Computer Entertainment видео ойындарының құрылғысын жасауға кіріспес те еді. Әйтсе де, Play Station құрылғылары компания тарихындағы ең үлкен табыс көзіне айналды. Сатылымның алғашқы күнінен пайдаға кенелген компанияның сол кездегі басты бәсекелесі - видеопроцессормен ерекшеленетін Sega Saturn компаниясы болатын. Sony ойын құрастыру ісін білетін мамандарға жүгінуге мәжбүр болғандықтан, бір Жапонияның өзінен
250 ден астам құрастырушы компаниялар жұмылуға ниет білдірді . Жаңа серіктестіктер мен техникалық сапаны жетілдіру бүгінгідей дамыған ойын құрылғылары пайда болуы үшін аздық етті. 2009 жылы сатылымға шыққан PlayStation 2 және PS 2 Slimline ойынқұмарлардың музыка тыңдап, кино көруіне мүмкіндік берді. Бейне сапасының анықтылығы жағынан DVD-плеерлерінен кем түскен жоқ. PS 3-тің таныстырылымы 2005 жылы өткеніне қарамастан қолданыста әлі де бағалы құрылғы.Ал, PlayStation 4 Pro шығарылымы бірнеше жаңалықтарын енгізіп барып жарыққа шықты. Мәселен, қуатты динамика, үлкен сенсорлы экраны мен скриншот жасауға лайықталғанын былай қойғанда, «share» батырмасы арқылы ойын барысын ғаламторға жүктеу функциясы күтпеген жаңалық болды. Компанияның ауқымды жобасының бірі - виртуалды шынайылықпен жасалған ойындар аппаратын ойлап табуы десе де болады. 3Д эмоция беретін шлем түрінде жасалған құрылғы PlayStation VR деп аталды. Қазіргі таңда, геймердер сынақтан өткізіліп жатқан PlayStation 5 шығарылымын шыдамсыздықпен күтуде. Эксклюзивті жаңалықтың қандай ерекшеліктерге ие екені әзірге белгісіз.
Міне, енді сіз сүйікті ойындарыңызды ойнап қана қоймай құрылғы тарихымен де таныс болдыңыз.