Саясат
Дедовщинадан қорқамын...
Ағам әскерден келгенде екеуміз біраз әңгіме айттық. Сондағы бар айтатыны (мен бүйтіп ұрып едім, бүйтіп қалды). Екі сөзінің бірі сол ұру жайында. Мың рет естігенше бір рет көр деген сөз бар ғой. Белді буып, ел қорқатын әскерге барып, жайды білгім келді. Бір жағынан, жоғарғы оқу орнында оқудан гөрі алдымен Отан алдындағы борышты өтеуді жөн санадым.
Барсам, анау айтқан зорлық-зомбылық жоқ. Сапта бірге адымдап, жылдам киініп, уақытылЫ ұйқыдан тұрудан басқаны байқамадық. Дұрыс істемегесін бе, сержанттардан бір ұрыс естіп аламыз. Оның өзі кейіннен жанымызға майдай жағатын болды.
Мен кеткенде 2016 жылы бір ғана Астананың өзінде 32 млн теңге айыппұл салыныпты жігіттерге. Сондағысысы әскерге барғысы жоқ. Денсаулығы жарамды. Әлгі дедовщина дегеннен қашады бәрі. Дәлел өзім болайын. Кетерде достарымды үгіттеп көргенімде көбісі дерлік «көрінгеннен таяқ жеп жүргісі келмейтінін» айтты. Елімізде 18 бен 27 жас арасындағы азаматтар әскери борышын өтей алады. Статистикаға сүйенсек, елімізде 25-30 % жастар әскер қатарына жарамды. 30 %-ы «оқуда» деген қағазға қарап отыр. 25-30 пайызы әскерге жарамсыз. 8-10 % мүлдем жарамсыз екен. Әлгі жарайтын 30 пайыздың кемінде 20 пайызы дедовщинадан қорқып қашып жүргендер. Уақытты сарп еткім келмейді деп ақталғанымен оның артында "таяқтың астында қалсам не істеймін?" деген күдіктің жатқанын аңғару қиын емес. Көбісі әлі түсіне алмай келе жатқан дүниені ашып айтқым келеді:
Әскерде ешкім таяқ жеуге я болмаса біреуді сабауға бармайды. Отан алдындағы борышты өтеу кезінде жігіттердің бойындағы еліне деген махаббатын күшейту, ата-ананың қадірін түсіндіру, өмірлік тәжірбиелер жинау, қиындыққа төтеп бере білуді үйрететін үлкен мектеп. Әскер берген тәрбиені сізге ешкім бере алмайды. Ал, YouTube-де толып жатқан бейне жазбаларға мән бермеңіз. Себебі, ол өткен уақыттың естелігі. Өңкей жігіт болғасын рас,арада түсінбеушіліктер болып тұрады. Бірақ, ылғи емес. Ондай жағдайлар адамды ұстамдылыққа тәрбиелейді. Бірге тамақтанып, қатар жатып ұйықтап, бірге гитарамен ән айтып жүргеннен кейін бір үйдің баласындай болып кеттік.
Ал, суицидке барды дегендерге айтарым: жүйкесі сыр берген адамдардың шарасыздығы. 365 күн күн неге өтпейді деп жанын жегідей жеп жүргесін, олртаға сіңісіп кетпегесін сондай қадамға барып жатады. Осы жерде әскердегі досымның сөзін қоса кетейін «өзің жақсы болсаң бәрі жақсы болады»
Ал, «ұрдық, ұрдық» деген сөздердің жалған екенін сонда білдік. Ағама хабарласқанымда рас екенін айтып, күлген еді. Оның үстіне, әскерилерді қорғау үшін Әскери полиция өз жұмысын тыңғылықты жасап жатыр.
Қорытындылай айтқада, әскерде бұрынғы біз еститін дедовщина жоқ.
Әскер-1 жылдық сәт. Таусылмас әңгіме. Ескірмес естелік. Абыройыңды асқақтатанын нағыз жігіттік мектеп. Дедовщина деген өткен уақыттың дерті еді. Жоқтан қорқудың керегі жоқ. Ел басына күн туса қару алып атойлайтын арландар керек. Өзгеру мен батыл қадам жасау- кез-келген ер азаматтың міндеті. Олай болса сапқа тұр да, өзіңді өзгерт.